Министр XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қарсаңында ұлттық құрамаға Мемлекеттік Туды табыс етті

/
Министр XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қарсаңында ұлттық құрамаға Мемлекеттік Туды табыс етті
Gov.kz

Бүгін, 8 қарашада "Алматы" Олимпиадалық даярлау орталығында XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сапиев қатысты.

Рәсім барысында Министр Қазақстанның Мемлекеттік Туын ұлттық құрама командасына салтанатты түрде табыс етіп, спортшыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тіледі.

«Жазғы Сурдлимпиада ойындары — елдің спорттық әлеуетін көрсететін маңызды алаң. Сіздердің ерік-жігерлеріңіз бен қайсар мінездеріңіз адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейді. Миллиондаған адамдар сіздердің табандылықтарыңыздан шабыт алып, өмір сынақтарын еңсеруді үйренеді. Бүгін табысталатын Ту — ел бірлігі мен жеңістің символы. Сіздердің халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды биікте желбірететініңізге сенімдімін», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр өз сөзінде елімізде спортшылардың сапалы дайындалуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын да атап өтті:

«Бүгінде елімізде спортшылардың сапалы дайындалуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. 2029 жылға дейін 113 жаңа спорт нысанын салу және 26 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр. Алматы облысындағы Олимпиадалық дайындықтың заманауи базасында 2 300 спортшы бір мезетте жаттыға алады. Сонымен қатар, өңірлерде «100 жылдам салынатын спорт нысаны» жобасы табысты іске асуда – соңғы бір жылда 25 жаңа кешен пайдалануға берілді. Елордада салынып жатқан Ұлттық спорт университеті болашақта спорт саласындағы кадрларды үздіксіз даярлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді министр.

Туды табыс ету құрметі сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Крамороваға бұйырды.

«Бүгін – мен үшін ерекше күн. Сурдлимпиадада Қазақстанның көк туын алып шығу – үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Бұл – әр спортшының арманы. Біз ел намысын қорғап, жеңіс үшін бар күшімізді саламыз», – деді Айдос Түгелбаев.

Айта кетсек, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында Жапонияның астанасы Токио қаласында өтеді. Байрақты додада 80 елден шамамен 3 000 спортшы 21 спорт түрінен бақ сынап, 223 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстаннан 78 спортшы 8 спорт түрінен қатысады: жеңіл атлетика, еркін және грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо және таеквондо.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары