Нәзік жандыларға қолдау көрсетілсе...

Нәзік жандыларға қолдау көрсетілсе...

Нәзік жандыларға қолдау көрсетілсе...
ашық дереккөзі
Алда өтетін сайлауда саяси партиялар сайлауалды тұғырнамаларын таныстырып, өз бағдарламаларын жарыққа шығаруға мүмкіндік алады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының өкілдерінің пікірі осыған саяды. Аталған институт өткізген жиында ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі Алуа Жолдыбалина сайлауды өткізудің тиімді жағына тоқталды. «Біріншіден, парламенттік сайлау саяси партиялардың өз сайлауалды бағдарламаларын ұсынуға, өздерінің ерекше идеяларын ұсынуға мүмкіндік береді. Екінші кезекте, саяси партиялардың сайлауалды бағдарламасы елдің экономикалық, саяси ахуалдық жағдайын қаншалықты жақсы білетінінің көрсеткіші болмақ», – дейді. Ал Қоғамдық зерттеулер институты келтірген ақпаратқа сүйенсек, қазақстандықтардың 93,6 пайызы Мәжілістің кезектен тыс сайлауын өткізуді қолдайтындығы анықталды. Бұл туралы бүгін орталықтың директоры Айгүл Сәдуақасова айтып берді. «Сайлауалды әлеуметтік зерттеулерде біз сауалдарды 2 мың респонденттен кем алмаймыз. «Еxit-poll» барысында кемінде 40 мың респонденттен пікір алынады. 2016 жылы қаңтар айында біз 2100 респонденттен жауап алып үлгердік. Оның ішінде 93,6 пайыз қазақстандықтар ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу бастамасын орынды деп есептейді. Сондай-ақ, 97,2 пайызы Елбасының шешімін қолдайды деген мәліметтерді алдық», –деді.  Көпшілік қауым Парламентте және мәслихатта экономикалық мәселелерді шешу, қазіргі күнгі мақсаттарын түсінетін, іскер, сауатты, ел құндылықтарына берік азаматтар шықса деген ойларын білдірген. «Сайлау қиын кезеңде халықты біріктіреді. Сондықтан, меніңше, осы 2016 жылғы сайлау кезеңінде әлеуметтік зерттеулер де қоғамның өзінің негізгі қызметтерін атқарады», – дейді Айгүл Сәдуақасова. Өз кезегінде әлеуметтік зерттеулер орталығы қоғамды ресми емес мәліметтермен таныстырып, электоралды динамиканы көрсетіп отырады. Сондай-ақ, мерзімінен бұрын Мәжіліс сайлауын өткізу туралы шешімді мұнайшылар мен металлургтер де қолдап, қос қауымдастықтың басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте өз ойын ортаға салды. «Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының директоры Әсет Мағауов сайлауды өткізу дер кезінде қабылданған шешім деп пайымдады. «Тиімді Парламент – ол тиімді заңнаманы даярлаудың және тиісті инвестициялық климатты жақсартудың басты факторы. Шынымен де қазіргі кезде әлемдік энергетикалық нарық төмен бағалардың қысымын басынан өткеріп жатыр. Сәйкесінше, бұл жағдай Қазақстанның мұнай-газ секторына әсер етіп келеді. Осы орайда жер қойнауын пайдалану секторын реттеудің озық шаралары қажет деп ойлаймыз», ̶ деді Әсет Мағауов. Ал жиында Николай Радостовец қазіргі реформаларды жүзеге асыру үшін парламенттің төменгі палатасына жаңа депутаттық құрам қажет екендігін тілге тиек етті. ҚР тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры, Николай Радостовец: «Біз соңғы кезде көптеген компания басшыларымен, тау-кен металлургия кешенінің инженерлерімен кездесіп, пікір алмастық. Мен кеншілер, металлургтер және шахтерлер мерзімінен бұрын сайлау өткізу шешімін қолдайды деп айта аламын. Олар Қазақстан Президентіне қолдау білдіреді». Ал Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында БАҚ өкілдерімен бас қосқан «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының» президенті Раушан Сәрсембаева болса, алдағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауларына әйелдер де түсуі қажет екендігін айтты. Статистиканы сөйлеткен ол 5-ші шақырылымда аймақтар мен аудандарда нәзік жанды саясаткерлердің үлесі 25 пайызды құрағанын айтты. «Ал, 6-шы шақырылымда олардың пайыздық үлесі 30-ға жетуі керек. Өйткені әйелдер қоғамдық, саяси сын-қатерлерге ер азаматтармен теңдей жауап бере алатын деңгейде», – деді. Сайлауға түсу әйелдердің қоғамдық, саяси потенциалын іске асырып, белсенділігін танытудың тамаша мүмкіндігі екендігін жеткізген Раушан Сәрсембаева үміткерлердің тізімінен нәзік жандылардың да көрінуі тиіс екендігін ескертті.