502
Британия Brexit-ке қол қойды
Британия Brexit-ке қол қойды
Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу туралы ниетінің пайда болғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ал өткен апта ағылшындар үшін тарихи жаңалықпен тамамдалып, Британия жылдар бойы созбаққа салынған Brexit келісіміне қол қойды.
Еуроодақтан шығу туралы референдум Ұлыбританияда 2016 жылы өткен еді. Сол кезде Brexit келісімін жақтаушылар жеңіске жеткен. Яғни, ағылшындардың 51,9 пайызы Еуроодақтан шығуды қолдаса, 48,1 пайызы қарсы дауыс берген еді. Бірақ Ұлыбритания парламенті Тереза Мэй үкіметінің Одақтан шығу туралы келісімін бірнеше рет кері қайтарған. Тіпті, соңында Тереза Мэй отставкаға кетіп тынды. Одан кейін билік басына келген Борис Джонсон тығырықтан шығудың жолын тауып, өткен аптада Еуроодақтан шығу туралы келісімшартқа қол қойылды.
Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ, Үкімет басшысы Борис Джонсон қол қойған келісімшартты Еуропарламенттің конституциялық істер жөніндегі комитеті де бекітіп берген болатын. Дауыс беру кезінде комитеттің 23 мүшесі құжатты қолдаса, үшеуі қарсы шықты. «Ұлыбритания Еуроодақты тастап шыққалы отыр. Бұл тарихи сәт. Мемлекеттің одақтан шығуы өте өкінішті, әрине. Алайда британ халқының шешімі осындай», – деді Еуропарламенттің конституциялық істер жөніндегі басшысы Антонио Таяни.
Енді Ұлыбритания 31 қаңтар күні Еуроодақ құрамынан шығуы тиіс. Дегенмен жыл соңына дейін өтпелі кезең жүретін болады. Келісімнің күшіне енгенін мәлімдеген Ұлы-британия премьері Борис Джонсон: «Бұл шеңберден шыға алмайтындай көрінетін еді, бірақ біз бұған қол жеткіздік», – деді.