Ешкіні әскер қатарына алу тарихы сонау 1775 жылдан бастау алады. Аңызға сәйкес, америкалықтар мен ағылшындардың Бостон түбіндегі соғысы кезінде ұрыс даласына ойламаған жерден жабайы ешкі келіп, британ әскерін майданға бастап шыққан. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де әскер қатарындағы серке ұрысқа қатысқан. Тэффи есімді бұл ешкі 1915 жылы 20 қаңтарда оққа ұшып өлгеннен кейін «1914 жыл» жұлдызымен, Британ әскери медалімен және Жеңіс медалімен марапатталған екен.
Ал 1844 жылдан бастап Британ монархы өз отарынан корольдік валий бөлімшелеріне бір кашмир ешкісін беріп, әскер қатарына қосуды дәстүрге айналдырды.
BBC жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, Лливелиннің әскери нөмірі: 23244169 . Оның әскердегі негізгі міндеті – барлық салтанатты шаралар кезінде батальон алдына түсіп, оны бастап жүру. Ол тіпті шетелдік сапарларға шығып, түрлі парадтарға қатысады.
Лливелин үшін ең үлкен сынақ – биыл көктемде Королева ІІ Елизаветаның 90-жылдық мерейтойына арналған салтанатты парадқа қатысу. Одан соң жаз бойы Букингем сарайында күзетке тұрады.
Жалпы, Британ әскері тұмар есебінде оншақты жануарларды асырайды. Олардың ішінде бұғы да, қой да, дала күзені де бар. Кей деректерге қарағанда, бұл жануарларды асырауға Британ әскері жыл сайын 55 мың доллар жұмсайтын көрінеді. Бұл жануарлардың ішінде соғыс қимылдарына қатысатын, майдан даласында серіктестерімен бірге жүретін, ал салтанатты парадта батальонды бастап шығатын серкенің жөні бөлек, әрине.
Осылайша, 240 жылдан бері Британ әскерінде серке қызмет етеді. Қандай таңсық не тосын болмасын, бұл – өткен тарихқа құрмет пен дәстүрге беріктіктің көрінісі. Шынында, кашмир ешкісі екі ғасырдан бері Британ армиясының «тұмары» ретінде өз қызметін үздіксіз атқарып келе жатқанын мақтан ете алады. Бейбіт кезеңде әскер қатарына барып, әскери дайындықтан өтуден тайсақтайтындарға осы Лливелинді үлгі етсе, артық емес.
 
Гүлбигаш Омар
Ұлыбритания