Адамның бүкіл ғұмыры сағыныштан тұрады

Адамның бүкіл ғұмыры сағыныштан тұрады

Адамның бүкіл ғұмыры сағыныштан тұрады
ашық дереккөзі
1075
Нұрасы мен Ақсуы жарыса аққан осынау ауыл бала кезімнен көз алдымда. Әсіресе, ауыл шетіндегі, ең биік қыр басында тұрған Хамза ақсақалдың қараша үйі... Сол босағада бұлаңдап өскен шал мен кемпірдің жалғыз қызы, жуан қос бұрымы тілерсегіне соғылып, әдемі  бота көздері жылылық шашып тұратын сұлу бойжеткен көп жігіттің арманына айналғанына да куәміз. Кейіннен онжылдықты біті­ріп, арман қуып әсем астана­мызға кел­генде де, дәл сол көрініс көл­бең­деп алдымыздан шықты. Бала кезімізде аудандық, облыстық газет беттерінен үнемі көріп, іздеп, оқып жүретін осы бір аяулы жан­ның арман ар­қалап, университет та­­балдырығын аттағанда алды­мыз­дан жарқ ете қалуы, әрине, бала қиял жақсы бір ырымға балап, қа­наттана түскеніміз бар. – Ой, Аюлыдағы кішкентай тіл­ші қыз сен бе едің? – де­генде жылап жіберуге шақ қал­­ға­ным да әлі есімде. Содан бас­­тап, журналист маман­ды­ғына деген құш­тарлы­ғымыз, бала махаббатыма айнал­ған ұлы құмарлық өз дегеніне жеткенше, арагідік болса да осы бір мі­незі жұмсақ, жүрегі жы­лы жан­мен сыйласып келе жат­­қа­ны­мыз да бір бақыт. Оның жө­ні де бар еді. Бүгінде «Қазаны мен қаламын қа­­тар ұстап» келе жатқан Клара Хам­­зақызы, бүкіл қазақтілді ақ­па­рат құралдарының абыз атасына, ақсақалына айналған Намазалы Омашұлының жары, сол әулет­тің ибалы келіні ғана емес, ақыл­ман ене, мейірімді әже. Өз ба­сым аса қадір тұтатын, үлгі тұ­та­тын ұстаз. Әдеттегі мақсат – еліміздің әде­­биеті мен мәдениетінде, өне­рін­­де, сөз өнерінде зиялы мінезімен, қарымды қаламгерлігімен, ұла­ғатты ұстаздығымен абырой бе­­­лесінде келе жатқан азамат­тар­дың жарынан сұхбат алу дәс­түрі­нің тізгінін осы бір отбасына қа­рай бұрғанды жөн санадық. – Клара Хамзақызы, сонау жетпісінші жылдардың орта тұсы мен сексенінші жылдардан бері қарай қазақ басылым­да­рында қызмет етіп келе жат­қандар арасында профессор Намазалы Омашұлының есі­мі өте сыйлы. Сіздің арала­рыңыз­дағы сый қалай басталып еді? – Қазақ жастарының көпшілігі оқушы, мектеп қабырғасында жүр­ген кезінен-ақ Алматыдай әсем қалада оқымақ түгілі, жазғы де­малыс кездерінде келіп қы­дыру­ды армандамаған бала болмаған шы­ғар әсте. Мен де Шет ауданы­ның орталығы Ақсу-Аюлы ауы­лын­дағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқып жүріп, бала кезден арман болған журналист мамандығын қаладым. Аңсарым – Алматы болды. Өйткені жур­налис­тика факультеті қазіргідей емес, жалғыз КазГу-де ғана. Қазақ әде­биетінің классикалық шы­ғар­маларын, аңыздарын, ақындары­ның жыр-поэмаларын жаттап, со­лар сынды қаламгер болсам деп ар­мандадым. Жергілікті, облыс­тық газеттерде мектеп өмірінен хабар-жаңалықтар жазып жүріп, одан сайын жаныма жақын тарт­тым. Қыз-келіншектер өмірінен, адами тірліктен көп мағлұмат бе­ріп, жақсы дүниелермен шығып тұратын «Мәдениет және тұрмыс» деген журнал болды, соған жария­ланып тұратын. Менен екі жыл бұрын мектеп бітіріп, Алматыға кет­кен ақшатаулық бір қызбен хат жазысып, араласып тұра­тын­мын. Сол арқылы журналистикаға байланысты біраз кітаптар алдырып оқып, өзімше «дайын журналист» секілді кеудеме нан пісіп жүр­ген сәттер ғой. Кейін жур­на­лис­тика теориясынан дәріс оқы­ған ұстазымыз Тауман Аман­до­сов­тың осы аттас кітабын да то­ғы­зыншы сыныпта оқып шықтым. Сөй­тіп жүріп, мектеп бітірдік. Жақ­сы оқыдым. Күміс медальмен бі­ті­ріп, Алматыға тарттым ғой. Әкемнің жалғыз қызымын, еркемін. Небәрі он алтыдамын. Сон­дық­тан әкем жібергісі келмеді, сол оқуың мына Қарағандыда жоқ па, жақын жерде оқығаның оң болар еді деп қарсылық білдірді. «Ондай оқу Қарағандыда жоқ» деймін ғой, «Ол ненің оқуы сонша?» деп ол кісі де болмайды. Жібергісі жоқ. «Корреспондент боламын» деп қоямын. Бұл 1969 жыл. Армандаған оқуы­ма қабылдандым. Ол кезде жоғары оқу орнына қабылданған студенттер тамыз-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы жұмы­сына аттанып жатады. Біз де уни­верситет жанына жиналып, ша­ғын автобусқа жайғаса бас­та­дық. Кураторымыз, марқұм Әбіл­файыз Ыдырысов, ол кісіні зайыбы Заря апамыз шығарып салып тұрды. Оқуға қабылданған елу баланың оны – қыз. Әлі танысып та үлгермегенбіз. Пысықтаулар әң­гімеге кірісіп кеткен. Мен оңа­шалау жерге жайғасып, өзіммен өзім отырдым. Томаға тұйықтау болдым. Бәріміз түгел емес секілдіміз, біреуді күтіп тұрған болуымыз керек. Жүретін түрі жоқ. Жүр­гізуші де, ағайымыз да алақ­тап, жан-жағына қарап елеңдеп тұр. Бір кезде мойнында гитарасы бар, шашын тықырлап алдырып тас­таған бір бала жүгіріп келіп авто­бус­қа кірді. Сөйтсек, сол студентті күт­кен екенбіз. Ағаларыңды ал­ғаш рет осылай көрдім. – Сонымен... – Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Пенжім деген жерге жүгері теруге кеттік. Алғаш­қы күні демалдық та, таңертең тек­серіс-таныстық басталды. Бәрі­мізді аты-жөнімізбен атап, алға бір қадам шығамыз да, орнымызға тұрамыз. Мен де орныма тұра бер­генімде әлгі бала жетіп келіп: «Сен тарих пәнінен құлап қалып едің ғой, қалай оқуға түстің?» демесі бар ма?.. «Қалай түскені несі, кә­дім­гідей түстім». «Жоқ, сен тарихтан құлап қалғансың, менің алдымда отырып жауап бергенсің» деп болмайды. Мен де «Жоқ, құла­ғаным жоқ, мен тарихтан төртке жауап бердім» деп болмаймын. Содан әлгі жерде өзімнің емтихандарды жақсы тапсырғанымды, оқу­ға өз күшіммен түскенімді дә­­­лелдей алмай, әбден жылағым келіп, ыза болдым. Тіпті, ыза бол­ға­ным сонша көзімнен жас та шықпайды, жылай да алмаймын. Осы әңгімеден кейін әлгі баланы қа­раптан-қарап тиіскені үшін, мақ­таншақтық танытқаны үшін жек көріп кеттім. Бекерден-бекер ке­ліп «ұрынғаны» үшін жек көр­дім. Кейін айтады ғой, сол кезде Қарқаралыдан Райхан Нұршина деген қыз да құжаттарын тапсырып, ем­тиханнан құлап кеткен еді, мені сонымен шатастырыпты. Біз­дің жақта тегіміз «иналармен» аяқталатын болғандықтан, шатас­тырса керек. Оның үстіне түрі­міз­де де ұқсастық болған болуы ке­рек. Сабақ басталған соң ол топ­тың старостасы, мен комсорг бо­лып, бір топта оқыдық. Бірге оқы­ған соң, түрлі студенттік жиын­дарға бірге барамыз дегендей, оның үстіне өте өткір, сым­бат­ты, талғаммен киінетін сәнқой болды. Сабақ үлгерімі өте жақсы, ұйымдастырушылық қабілеті де, му­зыкадан да құралақан емес, дом­быра мен гитараның құлағын­да ойнайды, ән салатыны тағы бар. Қойшы, әйтеуір, көпшіліктің көзі мен құлағында жүрген осы бір жігітпен арамызда әдемі бір сезімнің қалай басталғанын да білмеймін, бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтын жағдайға жеттік.  Шаңы­рақ көтерген жастардың бәрі ол кезде комсомолдық той жа­сайды, біз де осылай отау құр­дық. Сол жылы Алматыдағы Неке сарайы жаңадан ашылған. Бас қосып жатқан жастардың көптігі сон­ша, кезегіміз 22 наурызға қойыл­ды. Шағын ғана, қазіргідей аста-төк заман да емес қой. Бүгін­де Жандосов пен Розыба­киевтің қиылысындағы мешіттің орнында кішігірім мейрамхана болатын-ды. Ұстаздарымыз, бірге оқыған жол­дастар бар, ауылдан келген бі­рен-саран ағайындар бас қосып, атап өттік. Ол 1972 жылдың басы, 3 курс басталған жыл еді. Тұңғышымыз Қарлығаш әке­сінің аузынан түсіп қалғандай, әдемі еді. Студентпіз, пәтер жалдап тұрамыз. Оның үстіне жаспын, он тоғыз жастамын, төсімнен онша сүт те шықпайды, содан ауыл­ға, Меркі ауданының Ойтал ауы­лында тұратын енеме апарып тастадық. Жастықпен қалай болса, солай жүрдім бе, білмеймін, содан қатты ауырып, оқу да, бала да жайы­на қалды да, ұзақ уақыт ауру­хана­да жаттым. Одан кейін де ем­деліп жүріп алдым. Қызымды қат­ты сағынамын, жылаймын, көр­гім келеді. Ол кезде телефон да жоқ, ұзақ-сонар хат жазамын. Бір­де енем баланы жылылап орап алып, аудан орталығындағы са­лон­ға барып, кішкентайды суретке түсіріп салып жібергені бар. Өкі­нішке қарай, әкесі екеумізге тұңғышымызды құшағымызға алып, қызықтауды жазбапты. Сегіз айлық кезінде көз тиіп шетінеп кетті. Осындайда болмаса, ол ту­ра­лы айта да бермейміз. Осылай, енді бірер жылдан кейін шаңырақ көтергенімізге, бір шаңырақтың астында ғұмыр ке­шіп келе жатқанымызға жарты ға­сыр болмақ. Бір қыз, екі ұлдан тара­ған немерелерімізбен бірге сол бір жақсы күндерге жетсек де­ген ниетіміз бар. – Сіздің «Қимаймын сені, қы­зыл үй» атты кітабыңызды оқып отырып, өзіңіздің әдемі бір отбасылық үрдісіңіздің қо­рытындысындай сезіндім... – Сөзіңді түсіндім. Анамыздан ке­ре­мет қаламгер болып тумасақ та, қазақтың аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарына деген, жалпы әде­биетіне деген құштарлық болар, осы бір саланы жанымыз қа­ла­­ғаны. Кез келген қазақ қызы, қа­зақ келіні, қазақ әйелі секілді мен де отбасым мен отағасын бірінші кезекке қойған жанмын. Әсіресе, қыз баланың тұрмыс құр­ғаннан кейінгі бүкіл болмысы адал, жақсы жар болып қана қой­май, ұрпақ жалғастырушы, ол ұрпақты өмірге әкеліп қана қоймай, оның шыр етіп өмірге кел­геннен бастап өз қолы өз аузына жеткеніне дейінгі тәлім-тәрбиенің де жауапкершілігі қоюлана түсетіні біз ашқан пәл­сафа емес. Ұрпақтан-ұрпаққа жал­­ғасып келе жатқан қазақ хал­қы­ның салт-дәстүрі, үлгі-өнегесі. Тәлім-тәрбиесі. Қызметтен алшақ­тап, бала күтімімен отырған кез­дері өзіме осындай бір «қызмет» тауып алдым. Жақындарымның, балаларымның туған күндерінде, атаулы тарихи мерекелерде үйдің бір қабырғасын алатын «Шаңы­рақ» газетін шығарып тұратын­мын. Алғашқы кезде жазу-сызудан қалыс қалмау, бос уақыт өткізу үшін жасаған бұл әдет бірте-бірте кә­дімгі тұрақты жұмысыма айналды. Онда фоторепортаж, әдемі әзіл, сыпайы қалжыңға құрылған қа­ра сөз немесе өлеңмен өрілген ті­лек­тер, қолмен салынған суреттер өзіме, отағасы, балаларыма ғана емес, келіп-кетіп жататын ағайын­дарға, мереке, туған күн­дері бас қосатын дос-жарандарға да қатты ұнайтын. Қабырға газе­тінің бетіндегі әрбір сурет тарихы­на, әдемі бір сезіммен жазылған ес­те­ліктерге, тіпті жүрекжарды тілектерге шұқшия қарап, көз­де­рін алмай оқып, дастарқандағы ас суып қалатын кездер де аз болмады. Қазір ол газет журналға айнал­ған, қабырғаға ілмей, үстел үстін­де жатады. Өткен жылдың соңғы 56-нөмірі аталарының мерейтойына арналды. Дегенмен баяғы жас кезімдегідей емес, сондықтан немеренің біріне отбасылық басылымның тізгінін беру керек шығар деп ойлап жүрмін. – Осы аталған кітаптың бі­рін­ші бетіндегі: «Алла Тағала өзінің құлдарын өзі сыйлаған жа­рық дүниеде әлденеше рет сы­нақтан өткізеді екен. Сондай сынақтан өтіп келе жатырмыз десек те, соңғы сынақ – бұл өмірде денсаулыққа жетер еш­теңенің жоқ екеніне көзі­мізді жеткізген ауыр сынақ болды» деген тіркестер бізді де қат­ты толқытқанын жасыр­ғым келмейді. Бүгінде бәрі арт­та қалса да, сол жылдарға, екеуара әдемі диалогтан құ­рыл­ған осы кітапқа тереңірек тоқталсақ... – «Қыз-Ғұмырдан» кейін жа­рық­қа шыққан «Қимаймын сені, қы­зыл үй» шын мәнінде, жұптас­қан ғұмырымыздағы әрбір қимас шақтарды еске ала отырып, бала­лық шаққа саяхат жасаған дүние болды. Нәкеңнің ауыр отадан кейінгі көңіл ауанын өміріміздің шуақты шақтарына, кез келген адам баласы сынды бойымызды кер­неген балалық шаққа, жастық шаққа деген сарыала сағынышы­мыз­ды қағаз бетіне түсіруді мақ­сат тұттым. Екеуара Көкшенің қоңыр самалына жанымызды жел­пі­тіп, жүрегімізді баяу тербеген «Шортанды» көлінің тол­қын­дары екеуміздің де жанымызды әдемі бір әлди бесікке салып, тер­бегендей күй кештік. Әңгіме тізгіні – ағаларыңда, оны жанарыма келіп қалған ыстық моншақ­тар­ға қарамай, көкірек сарайыма сыйдырып келе жатқан – мен. «Сағыныш – адамның өткен күн­дерінен қол үздірмейтін ерекше сезім. Адамның бүкіл өмірі са­ғыныштан тұратындықтан да есте­лікті «Мәңгілік сағыныш» деп атауға келістік. Сол жылғы дема­лыс­қа кеткен әрбір күніміз алыста қалған балалықтың бақшасында алаңсыз бала болып ойнадық, жас болып желпіндік десем, артық айт­қандық емес. Бір сөзбен айт­қанда «ауруды ауылымыздан алыс­татайықшы» деген мақсат-ние­тімізге жеттік деп ойлаймын. Нәкеңнің аузынан шыққан әрбір сөзіне, кейде толқып, кейде болмашы ғана жымиған жұқалтаң жүзіне қарап, мен де, ол да әжеп­тәуір жеңілдеп қалдық. Жазу де­ген­нің рахаты да осы емес пе?! – Шынында да, сіздерді жақ­сы білетіндердің қата­ры­нанмын, дегенмен ұстазы­мыз­дың ашыла, жарқылдай күл­ге­нін сирек көріппін. Сізге жас, бозбала Намазалы емес, бү­гін­де қазақ журналистикасының атасына айналған ұстаз, профессор, академик Намазалы­ның қандай мінезі ұнайды? Жа­ныңызды ауыртатын қы­лы­ғы да бар шығар?.. – Өз басым атаның күші, ана­ның ақ сүтімен берілген Жарату­шы­ның сыйы – көркем мінез, кей­біреулерде ғана болмаса, аса өз­гере, құбыла қоймайды деп ой­лай­мын. Қазақта «Сүйекке біткен мінез – сүйекпен кетеді» деген на­қыл бар, Нәкеңнің мінезінің тұрақ­тылығы, ойына алған тірлі­гін тез әрі тиянақты жасайтыны, өмірге, айналасындағыларға көз­қарасы, ұнамағаны болса бетке айта салатын әділдігі, бірбеткейлігі бар. Бетің бар, жүзің бар де­мей­тіні, бір сөзбен айтқанда тәуе­келшілігі – әу бастан қалыптасқан мінез. Ойланып-толғанып жүріп алмайды, тез шешім қабылдайды. Әді­летсіздікке жаны қас. Ең­бек­қор. Ерінбейді. Талапшыл. Өзіне де, бізге де. Кемшіліксіз адам болмайтыны тағы бар. Жасырақ ке­зінде «айттым, болды», «үзілді-ке­сілді», дегендей, өз айтқанымен ға­на жүретін. Кей шешімдері дұрыс болмаса да, мен қарсы болмайтынмын. Әсіресе, балалардың алдында қарсылық білдірген емес­пін. Сондықтан да ол кісіде «менің айтқанымның бәрі дұрыс» деген ой қалыптасқан болар. Педанттық басым. Қазір менің де, балалардың да пікіріне құлақ асып, санасады. Клара Хамзақызы өзіне ғана тән әдемі бір жымиысымен еріксіз кү­­­­ліп алды. Біз де біраз үнсіздіктен кейін әңгімемізді ұрпақ, әулет жайы­­­на қарай бұрғанды жөн көрдік. – Қазақ журналистикасына өлшеусіз үлес қосқан ұстаз­дың бала-немерелері қай тілде сөй­леп, оқиды екен? – Бала-немерелеріміз түгелдей қа­зақ балабақшасы мен мектебінде оқыды. Немерелер де қазақ мек­тебінде оқып жатыр. Қалада туып, қалада өскендіктен, әрине аула­дағы «тәрбиеге» орыс тілі ара­лас­пай болмайды екен. – Жоғарыда тілге тиек еткен аталарының бойындағы қа­­сиеттерді қай немересінен бай­қайсыз? – Ол жағынан қан жібермейді деуге болады. Нұрғалымның ұлы Ердулаттың қағылездігі, ойына алған тірлігін орта жолда тастап кет­пейтіні, еңбекқорлығы ұқсай­ды. Достарының арасында бейнебаян түсіріп, бүгінде үш жүзден аса оқырманы бар. Домбыраның құла­ғында ойнайды, ән айтады. Нұржалғастың Арсланы да өте ұқыпты болып өсіп келеді. Жина­қы, үстелінің үстінде артық нәрсе жатпайды, қыл жуытпайтын та­залығы бар, ал қызы Адина сурет салудың шебері. Шығармашылық жағына бейім. Астананың Оқу­шы­лар сарайында бірнеше мәрте көр­месі ұйымдастырылды. Кенже немере Андасымыздың бәрімізді үйіріп алатын лидерлігі басым. Екі ұлдың үлкені Әселіміздің Миникасы (Мүневвер) Швецияның Гетеборг университеті Халықаралық қатынастар факультетінің студенті. Түркияда қазақтың салт-дәс­түрін насихаттап жүрген бойжеткен. Ал ұлы Ерасыл мен Нұрғалым­ның Мадияры спортқа жақын. Сон­дықтан да аталары сынды шы­­­ғармашылыққа бейім деуге бо­лады. Ешқайсысы да өнерден құра­лақан емес. Қай-қайсысы да ең алдымен атасымен ақылдасып, кеңесіп отырады. – Ағамыздың білімдар­лы­ғы­­мен қоса, өте салмақты, зия­лылығы алдынан дәріс ал­ған көптеген жасқа үлгі. ал ол кісінің қос ананың қабағына қарап, олардың сөзін бөлмей, алдынан кесе көлденең өтпей мәпелегенін біреу білсе, біреу білмес... – Ол рас. Анам Сақыпты әкем өмірден өткен соң, жалғыз қал­дыр­май қолымызға көшіріп алға­нымызды, сөйтіп бізбен отыз жыл­ға таяу бірге ғұмыр кешкенін, әри­не жақын араласып жүргендер жақ­сы біледі. Жарықтық анам: «Ай­налайын, Намазым, аман бол­сын­шы, тіл-көзден сақтасыншы», – деп айналып-толғанып отыратын-ды. Нәкеңнің білімдарлығына ақыл-парасаты қосылып, осы күнгі қандай қолы жеткен же­тістігі болмасын енемнің ақ сүті­нің, емірене жүріп берген тә­лім-тәрбиесінің арқасы дер едім. Ірі денелі, зор кісі еді жарықтық. Көп сөйлемейтін. Томаға тұйық. Бі­рақ әңгіме арасында езу тартқы­зар жақсы бір әдеті бар еді. Он­шақ­ты құрсақ көтерген батыр ана, басқа перзенттерінен Нәкеңді ерек­ше жақсы көрді, мақтан тұт­ты. Ауылдан сағына келіп, аунап-қу­нап, арқа-жарқа артынып-тартынып мәз болып кететін. Нәкең де анасының көңіліне тиген жері жоқ. Үнемі сөзін бөлмей тыңдап, санасып отыратын. Төрдегі қатар тұрған екі үстел, бірінде енесі, бірінде өз шешесі отырысымыздың сәні еді. Олармен ас ішудің өзі, шүйіркелесіп, қалжыңдасып отырып ішетін шай қандай десеңізші?! Енем ауылға кеткен соң да ол кісі отырған орындыққа әлсін-әлсін қарап қоятын, ондай кезде анасын сағынып қалыпты-ау деген жып-жылы мейірім менің де бойымды, санамда шарқ ұрып, белгісіз бір күй кешуші еді. Анасын сыйлаған, анасына деген перзенттік махаббаты жүрегін жылытқан азамат болғандықтан болар, менің анамды да өз анасынан кем көрмей, үне­мі алақанында ұстап, балаша мә­пелеп, мәңгілік сапарына арулап шығарып салды. Қос анамыз­дың да бұл фәниден көшкеніне біраз жылдардың жүзі болды, бірақ аппақ мейірімге толы жүз­дері жүректен де, көңілден де көш­кен жоқ... «Қайран біздің Аналар арды ой­лаған» дегендей, осынау қазақ­тың қарапайым қызының, иісі қазаққа аты мәшһүр, оның ішінде қазақ журналистерінің ұла­ғатты ұстазы Намазалы Омашұлы шаңы­рағының мәңгілік шамшырағына айналып келе жатқан Клара ха­нымға қарап отырып, ер-азаматын өмір тірегіне айналдырып қа­на қоймай, бір ғана әулеттің, бір ға­на ауылдың азаматына айнал­ды­рып қоймай, барлық мүмкін­ді­гін жасап, бағын да, жолын да ашуы, қазақ әйелде­ріне ғана тән қасиет екенін тағы да мойында­ған­дай болдық...  

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары