АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп талас тақырыбына айналды

АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп талас тақырыбына айналды

АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп талас тақырыбына айналды
ашық дереккөзі
  Былтырғы жылдың 16 желтоқсанында газетімізде «Дональд Трампқа тойтарыс берілмей тұр» деген мақала жарық көрген еді. Сол кезде Ұлыбритания мен Германияда АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трампты (Donald John Trump) өз елдеріне кіргізбеуді талап еткен наразы топтар пайда болғанын жазғанбыз. Наразылықтың себебі – Трамп мұсылмандардың АҚШ аумағына кіруіне тыйым салу керектігін айтып, президенттік сайлауалды науқанындағы әлеуметтік-саяси пікірталас көрігін қыздырғанында жатыр. Осы аптада Ұлыбритания парламенті өз азаматтарының талап-тілегін ескеріп, Дональд Трамптың мәлімдемесі мен оны ел аумағына кіргізбеу туралы ұсынысты талқылады. Нәтижесі – Трампқа шектеу салынған жоқ: британдық депутаттар тамақ қырнап, тіл безеп, өзара қанша айтысса да, Кэмерон үкіметінің ұстанымына ықпал ете алмады. Бірақ бұл талас әлемдегі үлкен даудың басы, яғни, Бейімбетше айтқанда, «Дайрабайдың көк сиыры» – Батысқа қоныс аударған мұсылмандар екенін, жергілікті билік пен мұсылман қауымы арасында талай-талай шешілмеген түйткілдер бар екенін әшкереледі.

ТРАМП «ПЕРСОНА НОН-ГРАТА» ЕМЕС

Жалпы, Ұлыбританияда парламенттік деңгейдегі талқылауға кез келген мәселені шығаруға болады. Ең бастысы, мұндай бастаманы елдің әрбір азаматы білдіре алады. hansard.digiminster.com сайтында өзін толғандырған мәселеге байланысты петиция жариялап, одан соң онлайн дауыс беру желісінде кем дегенде 100 000 дауыс жинаса болғаны. Оқырмандардың күдігін сейілту үшін айталық: бұл жүйенің ашық әрі таза жұмыс істейтінін тексеріп көрдік. Дауыс беруге Ұлыбританияның барлық азаматтары немесе осы елдің тұрақты тұрғындары құқылы. Сайтта жарияланған қандай бір петицияға дауыс беру үшін осы платформада тіркеліп, аты-жөніңіз, мекен-жайыңыз және электронды поштаңызды көрсетесіз. Ал дауыс берген соң автоматты түрде электронды поштаңызға сіздің даусыңыздың есептелгені туралы хат келеді. Басқаша айтқанда, әрбір дауыс есепке алынады және бір азамат бір-ақ рет дауыс бере алады. Дауыс беру онлайн түрде жүзеге асырылатындықтан, оны қолдаушылардың саны сәт сайын, секунд сайын қалай өзгеріп отырғанын қадағалау қиын емес. Екі сағаттың ішінде жарты миллионның үніне 70 дауыстың қосылғанына куә болғанымызды жоғарыда аталған мақалада жазғанбыз. Бұл аз болса, дәл осы петицияны қолдаған азаматтардың қай аймақтарда тұратынын осы сайттағы картадан көруге болады. Ең соңында, осы петицияға дауыс бергеніңізді сіз ұмытсаңыз да, автоматтандырылған жүйе есте ұстайды. Яғни, қажетті дауыс жиналып, бұл мәселе парламентте талқылауға шешім шыққан кезде электронды поштаңызға арнайы хабар жібереді. «Сіз дауыс берген мәселе 18 қаңтарда Ұлыбритания парламентінде талқыланады» деген мазмұнда. Енді өзіңіз азаматтық ұстаным білдірген мәселе бойынша қандай саяси шешім қабылданатынын парламенттегі талқылаулардан білуге болады. Осылайша, Ұлыбритания парламенті 18 қаңтар күні 575 000 азамат дауыс берген петиция бойынша талқылау өткізді. «Дональд Трамптың мұсылмандарға қарсы жасалған мәлімдемесі үшін оған Біріккен Корольдік аумағына кіруге тыйым салу керек пе, жоқ па?» деген мәселе бойынша ортақ пікірге келу оңайға соқпады. Талқылау барысында Трамптың жеке басына қатысты «нәсілшіл демагог», «сайқымазақ» деген теңеулер айтылды, қыза-қыза депутаттардың бірі оны ағылшын тілінде сленг саналатын, яғни, ресми тілде қолданылмайтын «wazzock» (мағынасы «идиот» дегенді білдіреді) деген сөзбен сыбап салды. Бірақ мәселе дауысқа салынған да жоқ. Ашығын айтсақ, Британ үкіметі АҚШ президенттігіне үміткерді «персона нон-грата» деп жариялауға үзілді-кесілді қарсылық танытқан. Парламент мүшесі, консерватор Джеймс Брокеншир парламенттік талқылау соңында: «АҚШ – Ұлыбританияның ең маңызды әріптесі» деп бір-ақ түйді. Бір-ақ ауыз сөзден бәрі түсінікті болды... Британдық биліктің мұндай екіұдай күйге түсуінің астыртын себептері баршылық. Біріншіден, Дональд Трамп – АҚШ президенттігіне үміткер ғана емес, ол әлемге танымал бизнесмен, миллиардер, екіншіден, Ұлыбританияның Шотландия аумағында гольф бизнесін дамытуға миллиондап қаржы құюды жоспарлаған инвестор. Өзіне қатысты мәселенің парламент талқылауына шығарылғанын естіген кезде ол бұдан кейін «Ұлыбритания экономикасына инвестиция құюды тоқтатам» деп сес көрсеткен-мыс. Ендеше, жарты миллион азамат қол қойған петиция не үшін Британ парламентінде талқыланып, депутаттар өткір мәлімдемелер жасады дерсіз? Бұл – демократияның көрінісі ғана, басқаша айтқанда, халықтың наразылығын сыртқа шығару үшін қажетті әрекет, тіпті ойын. Қоғамда бір мәселе туындап, оған қатысты наразы топ пайда болса – петиция жарияланады, ашық түрде дауыс жиналады, ақпарат құралдарында жан-жақты талқыланады, сарапшы мамандар тереңнен толғап пікір айтады, ақыры бұл мәселе Парламентке дейін жетіп, мемлекеттік деңгейдегі пікірталасқа ұласады. Сөз бостандығы, азаматтардың еркі осылайша жүзеге асады, тұрғын халықтың наразылығы билік органдарының аузымен айтылады... Бірақ соңында саяси шешімнің жүзеге асқаны түсінікті болды. Солай болары әу бастан-ақ белгілі болса да, бұл кезде көтерілген мәселе өзектілігін жояды. Себебі жан-жақты талқылаулар кезінде қоғамның аптығы басылып қалған. Ең бастысы, азаматтардың үні жоғарыға жетті ғой, билік халықтың пікіріне құлақ түрді емес пе...

МҰСЫЛМАНДАРДЫ ҚАЙТА БЕЙІМДЕУДІҢ ТАЛПЫНЫСЫ

Трамп тағы бір сөзінде «Британия мұсылмандарға қатысты қиын мәселені бүркемелеп отыр» деп мәлімдеген болатын. Бірақ британдық үкімет Трампсыз-ақ мұсылман азаматтардың өмір сүру дағдысына алаңдаулы. Соңғы күндердің жаңалығы – премьер-министр Дэвид Кэмерон осы елдегі мұсылман әйелдерді тез арада ағылшын тілін үйренуге үндеді. Бұл жаңалық жергілікті қоғам үшін аспаннан найзағай түскеннен кем әсер еткен жоқ. «Үндеу» деп жұмсартып айтып отырған болармыз, себебі ағылшын үкіметінің қолға алған бастамасы мәжбүрлеуге көбірек ұқсайды. Мәселенің мәнісіне көшсек, кей деректерге қарағанда, Ұлыбританияда 1,6 миллионнан аса мұсылман тұрады. Соңғы он-он бес жылда олардың саны күрт өскен. Көбісі сырттан келген келімсектер болғанымен, осы елдің азаматтығын алған. Бірақ Тұманды Альбионға осыдан отыз-қырық жыл бұрын табан тіреп, туған-туыс, жақын-жұрағатымен бірге осы елде қоныс тепкен мұсылман әйелдердің көпшілігі ағылшын тілінде сөйлемейді екен. Ресми деректерге жүгінсек, Ұлы-британияда қазіргі таңда 190 000 мұсылман әйел ағылшынша бір ауыз сөз білмейді немесе олардың тіл білімі өте нашар деп бағаланады. Бұл әйелдердің дені от басы, ошақ қасында, яғни үй шаруасымен және бала тәрбиесімен айналысады. Аралас-құралас болатын, алыс-беріс жасайтын өз ортасы бар. Қысқасы, британдық қоғамға етене кірігуге ешқандай материалдық немесе әлеуметтік-психологиялық себеп болмаған. Ал премьер-министр енді бұл әйелдерді ағылшын тілін мәжбүрлі түрде үйренуге «ынталандыратын» себеп ұсынып отыр: Британ үкіметі мұсылман әйелдерге ағылшын тілін үйрету үшін 20 000 фунт стерлинг бөлуге ниетті. Есесіне, осы бағдарламаға қатысқан әйелдердің бәрі 2,5 жылдан соң тіл білімі бойынша тест тапсырады. Егер тестен өте алмаса, яғни ағылшын тілін жеткілікті деңгейде игере алмаса, оларды Ұлыбритания аумағынан шығаруы мүмкін. Депортациядан қорыққан мұсылман әйелдер жаппай ағылшын тілін үйренуге кірісері сөзсіз. Себебі өздерінің айтуынша, олардың бар туысқаны, жақын-жұрағаты осы елде, осында тамыр жайып, өсіп-өніп отырған әйелдер үшін келген жеріне, туған елге қайту қасіреттен кем саналмайды.

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕСТІҢ КЕЙБІР КӨРІНІСТЕРІ

Ал Кэмерон мырза мұсылман әйелдерге ағылшын тілін үйретуді не үшін қолға алды десеңіз, британдық үкімет мұны экстремизммен күрестің бір амалы санайды. Шындығын айтқанда, ағылшын тілін білу мен экстремизмнің арасында қандай логикалық қисын бар екенін жергілікті сарапшылардың өздері түсіндіре алмай дал. Лондондық бір полиция қызметкері осы мәселеге орай берген сұхбатында «Сирияға соғысқа аттанған мұсылманның отбасы түгел ағылшынша сөйлейтінін өзім көрдім. Сондықтан ағылшын тілін білудің экстремизммен күреске еш қатысы жоқ» деген ойын білдірді. Бірақ ресми билік мұсылман қауымын жергілікті ортаға біржола сіңіруді көздейтін сияқты. Осыған дейін Біріккен Корольдіктің әр өңірінде тіркелмеген шағын мектептер бар екенін, олардың британдық білім беру жүйесіне қайшы келетін стандарттармен оқытатынын, сондықтан оларды жабу керектігі хабарланған болатын. Тексере келгенде, олардың мұсылман мектептері екені белгілі болған. Шамасы, бұл мектептер мұсылманша сауат ашу дәрісханалары болса керек. Яғни, олар діни оқу ордасына жатады, ресми білім беру стандарттарына еш қатысы жоқ. Дәл осындай басқа діндерді үйрететін оқу ордалары бар. Жергілікті үкімет мұндай оқу орындарына тексеріс жүргізе бастады. Әйтсе де, мұсылман оқу ордалары қазіргі британдық қоғам үшін көптеген түйткілге түрткі саналатын, яғни «күйіп тұрған» мәселе сияқты. Себебі бұл мектептер қоғамның радикалдануына ықпал етеді деп санайды. Бұдан бөлек, Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі бүгінге дейін Сирияға «жиһад үшін» аттанған британдық азаматтардың саны 800-ге жеткенін хабарлады. Олардың басым көпшілігі әуелі Түркияға жетіп, одан кейін Сириядан бір-ақ шыққан. Жергілікті үкімет 2012 жылдан бері осындай мақсатта сапарға шыққан 600 адамды жарты жолдан ұстап, үйіне қайтарған. Британ үкіметі енді бұл мәселені Түркия билігімен кеңесе отырып шешудің жолын таппақ.

БҰЛ ТЕК БАСЫ ҒАНА...

Осылайша, АҚШ пен Ұлыбританияда қоныс тепкен мұсылмандарға деген көзқарастың өзгере бастағаны байқалады. Мұның кей ұшқынын Еуропадан да көруге болады. Оларға жергілікті саясаттың жете назар аударуының бір себебі мұсылмандар санының күрт көбеюінде жатыр. «Көп қорқытады» деген рас-ты. Мұсылман азаматтардың қатары өскен сайын олардың қоғамдағы ролі біртіндеп артып, үні де қаттырақ шығары сөзсіз. Сол кезде батыстық демократиялық мемлекеттер бұрын-соңды бастан өткермеген ірі әлеуметтік қайшылыққа ұрынады. Себебі АҚШ та, Ұлыбритания да, Еуропа да – христиандық діни бағыттағы елдер, таратып айтқанда, Америка – протестанттық, Еуропа – католиктік (басым бөлігі), ал Біріккен Корольдік – Ағылшын шіркеуінің ықпалында. Демократиялы, зайырлы және құқықты мемлекет саналатын елдердегі діннің ролі қаншалықты маңызды екенін АҚШ президентінің өз қызметіне кірісер алдында ресми түрде Інжілді ұстап ант беретінінен бағамдауға болады. Осының бәрін безбендей келе, Батыс үшін тыныш ұйқының мазасы кеткенін болжауға болады. Мұсылмандар үшін түрлі шектеулер пайда болуы мүмкін. Мысалы, Еуропада әйелдердің никаб (бет-жүзін тұмшалайтын киім) киюіне тыйым салынса, енді бұл мәселе Ұлыбританияда айтыла бастады. Қазірдің өзінде мұндай шектеулерді мұсылман азаматтарына қатысты кемсітушілік деп бағалайтындар баршылық. Бір сөзбен айтқанда, үлкен тартыс әлі алда. Даудың нысаны – батыстық мұсылмандар, бірақ бұл болашақтағы ірі тартыстың басы ғана...  

Гүлбиғаш ОМАР