Біз халықаралық сертифи­кат­таудан өткен жоқпыз – Bek Air басшысы

Ұшқыштар Fokker 100-ді «жапыраққа» теңейді екен: себебі қанатын кере, жерден көтерілгенде жел ұшырған жапырақтай қалтырайды, ал ұшқыштарға ә дегеннен турбуленттілікпен күресуге тура келеді. Бұл жайында атағы енді бүкіл әлемге жайылған отандық атышулы әуетасымалдаушысының баспасөз конференциясында айтылды.

Алматы маңындағы ұшақ апа­тынан кейін Bek Air мәселесі «Үкі­мет үйінде» де сөз болды. Вице-премьер Роман Склярдің байла­мынша, әуекомпаниясы биліктің және бизнес қауым­дастықтардың түрлі деңгейіндегі тегеурінді лоббистерін тарта отырып, IOSA сертификатының абыройын төгуге тырысыпты. Өйткені осы халықаралық құжат жалғыз сонда ғана болмаған, демек, әлемдік озық тәжірибеге сәйкес онсыз ұшуға құқы жоқ. Бұл ретте тиісті сынақтан өтіп, осы рұқсат түріне ие болу орнына Bek Air оның Қазақстанға еш қажеті жоқтығын дәлелдеуге күш салыпты.

– Халықаралық тасымалдау­мен айналысатын барлық авиа­компанияларымыз IOSA серти­фикатын алған. Бұл талап ішкі бағ­дарлар үшін де қажет еді. Алай­да 2016 жылы БАҚ-та оған қарсы қуатты науқан басталды. Бұларды бірқатар депутаттар қолдады. Олар ішкі рейстерді орын­дайтын әуетасымал­даушы­ларына халықаралық қосымша талаптардың қажет емесін дә­лел­деді. Азаматтық авиация комитеті IOSA талабын сыртқы емес, сондай-ақ ішкі тасымалдауға да тарату үшін тиісті қаулыны ен­гізгенде, мұны қосымша сақтан­дыру шарасы ретінде қарастырды. Жалпы, авиацияда қауіпсіздік тұрғысынан ештеңе де артық болмайды. Соған қарамастан Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау ко­митеті бұл кәсіпкерлердің құқын бұзады деген ұйғарым жасады. Нәтижесінде, министрлік ішкі бағдарлар үшін халықаралық сертификат талабынан бас тар­туға мәжбүр болды, – дейді Үкі­мет басшысының орынбасары.

Авиакомпания мұнымен тоқ­тамапты: «Bek Air осы жылдар бо­йы әртүрлі деңгейдегі лоббис­терін қатыстыра отырып, халықа­ралық тасымалды да жүзеге асыра алуы үшін IOSA сертификаты туралы талапты түбегейлі жой­ғызуға әлденеше рет талаптанды. Бірақ министрлік бұған көнбеді. Барлық қысымға шыдады», – деді Р.Скляр.

Оның мәліметінше, Bek Air келесі жылдың қаңтарына дейін 19 мыңға жуық билет сатып үл­геріпті. Алматы жақтағы ұшақ апа­тынан кейін аталған әуетасы­мал­даушының қызметі уақытша тоқтатылды. Клиенттері шамамен 9 мыңдай билетін кері өткізген немесе басқа авиакомпания рейс­теріне ауыстырды.

Айтпақшы, қарсы тараптың ұстанымы сол бойы өзгермепті. «Біз Батыстың айтқанына көніп, айдауына жүргіміз келмейді», «Біле білсеңіз, IATA (Халықа­ралық әуекөлігі қауымдастығы) о баста билет сату үшін құрылған», «Неге бір сұрақты қайта-қайта қоя бересіздер, саналарыңыз жет­песе, интернеттен қарап, сауат ашып алыңыздар» деп баспасөз мәс­ли­хаты кезінде Bek Air бас­шы­лығы сы­пайылық пен сабыр­ды ысырып тастап, қызбалыққа берілді.

– Біз сертификатқа қатысты билікпен 2016 жылы әңгімелес­кенбіз. Халықаралық сертификат­тауға ешкім де қарсы емес. Бірақ басты сертификат мемлекеттен болуы тиіс. Ал кейбір лауазымды тұлғалар IATA секілді үкіметтік емес ұйымның талабын мемлекет­тік құжатқа енгізіп, ел ішіне та­ра­туға талаптанды. IATA – әуе­та­сы­малдаушының халықаралық ұйы­мы. Егер мемлекет оның стан­дар­тын қабылдағысы келсе, заң­на­ма­ға жазсын. Бірақ ҮЕҰ стан­дартын тікелей тараптпақ болды. Олай бол­майды. «Біз әлемдегі мил­­лиондаған үкіметтік емес ұйы­м­ның талабына бағына берсек, тәуелсіздігіміз қайда?» – деді Bek Air компаниясының бас­қарма төрағасы Нұрлан Жұма­сұлтанов.

Бұған қарсылық білдірген ақпарат құралдарының өкілдері Халықаралық әуекөлігі қауым­дас­тығының талаптарын барлық дамыған елдер мойындайтынын алға тартты.

– Біз халықаралық сертифи­кат­таудан өткен жоқпыз. Тек биыл мемлекеттік ішкі серти­фи­каттаудан өттік. Оған Азаматтық авиация комитеті басшысының сол кездегі орынбасары Тоты Әмірова қол қойды. Ол өз ісінің майталманы. Әрине, IATA – ха­лықаралық ұйым, ол бүкіл әлем бойынша жұмыс істейді. «Қазақ­стан авиация әкімшілігінің» басшысы Питер Гриффитстің өзі IAIA билет сату үшін құрылғанын айтты. Ол шын айтады. Біз ба­тыстық ұйымның айтқанына көн­гіміз келмейді. Тек өз мемле­кетіміздің талаптарына ғана бағынуға бармыз. Bek Air-де бар Азаматтық әуекемелерiн пайда­ланушының сертификаты оған кез келген жерде ұшуына мүм­кіндік береді, – деп бой бермеді компания басшысы.

Bek Air жетекшілері қайғылы оқиғаға жолдан кесе-көлденең тұр­ған баспана иесін айыптай­ты­ны аңғарылып қалды. Осы орайда, тілшілер ұшақ құлатқан екі қа­батты тұрғын үй қожайы­нына әуе­компаниясы өтемақы төлей­тін-төлемейтінін сұрасты. Себебі ол адамның әзірге жаңа тұрғызған баспанасына құжат­тары жоқ.

– Біз коттедж иесіне міндетті түрде өтемақы төлейміз. Алайда ол үйінің құжаттарын ұсынуы шарт. Жалпы, әуежай қоршауы­ның артында, 10-12 метр ғана қа­шықта үй салуға кім рұқсат еткен?! Түсініңіздер, ұшақ үймен соғылу үшін жобаланбайды. Егер қабырғаға соғылса да шыдасын деп жобаланатын болса, ол ұшақ емес, танк болар еді. Ұшақ шас­сисіз де, жұмыс істейтін қозғалт­қышымен де қона алады. Ал кірпіштен өрілген ірі ғимаратқа соғылғанда сау қала алмайды. Ол жерде ондай нысан орналаспауы керек еді. Ұшақ коттеджге жолық­пағанда, фюзеляжі бүтін, адамдар аман болатын еді. Бейнежазбаны көрдім, ұшақ үйге соғылғанша бүтін болған, – деген ойда Нұрлан Жұмасұлтанов.

Өз кезегінде Әділет министр­лігі Bek Air құрылтайшылары мен басшылары бірнеше рет ауыс­қанын мәлім етті.

«Бизнес-сәйкестендіру нө­мірлерінің ұлттық тізіліміне сәй­кес, Bek Air 2011 жылғы 12 ма­мырда тіркелген. Құрылтайшысы Сәкен Жарқымбаев болды. 2017 жылғы 18 сәуірде құрылтайшысы өзгеріп, Дамир Шүленбаевтың қолына көшуіне байланысты қай­та тіркеуден өтті. Ал бас­шылығы үш рет ауыстырылған: 2013 жылы – А.Жұмасұлтанова, 2016 жылы – Д.Жұмасұлтанова, 2019 жылы Р.Бияхметов бол­ды», – деп хабарлады әділет ведомствосы. Bek Air басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов бұдан бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­трлігінің Авиациялық оқиғалар мен оқыс жағдайларды тергеу басқармасын басқарған.

aikyn.kz

Back to top button