Индонезияда KMP Tunu Pratama Jaya паромы суға батып кетті. Ол Баньуванги портынан (Шығыс Ява) Бали аралына бағыт алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бортта 65 адам болған: 53 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі, сондай-ақ 22 көлік құралы бар.
Құтқару агенттігінің мәліметінше, 23 адам аман қалып, төртеуі қаза тапты. Тағы 38 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Оларды іздеу жұмыстарын қатты ағыс пен жел қиындатып отыр.
Жолаушылардың азаматтығына қатысты ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ, бірақ MetroTV телеарнасы көрсеткен тізімге сәйкес, бортта шетел азаматтары болмаған.
17 мыңнан астам аралдан тұратын Индонезияда мұндай төтенше жағдайлар жиі кездеседі. Бұған себеп — кемелердің шамадан тыс жүктелуі және қауіпсіздік шараларының осалдығы. Соңғы ірі апат 2023 жылы Сулавеси аралының жанында орын алып, шағын паром аударылып, кем дегенде 15 адам қаза тапқан.