228
Ел тұрғындары Жаңа жылға қанша қаржы жұмсайды?
Ел тұрғындары Жаңа жылға қанша қаржы жұмсайды?

Жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындалатын елдердің қатарында Қазақстан да бар. aikyn.kz жазуынша, дәл осы мереке қарсаңында туған-туыс пен дос-жаранға сыйлық аларда мәрттігімізде шек болмайды. Сөйтетіндей бұл мерекенің не сиқыры бар? Биыл отандастарымыз Жаңа жылды атап өту үшін қанша қаржы жұмсамақ?
Жаңа жыл жақындағалы еліміздің сауда нүктелері халық нөпірінен аяқ алып жүргісіз. Бүкіл ел дүкен аралап кеткендей. Оларды қызықтыру үшін сауда нүктелері түрлі іс-шаралар ұйымдастырып үлгерген, қай сауда орны тартымды – клиент соған ағылады.
2016 жылы ranking.kz агенттігі қазақстандықтардың Жаңа жылға дайындық үшін 1 триллион теңгеге жуық қаржы жұмсағанын жазған-ды. Одан бері өткен 3 жылда бұл сома көбеймесе, азаймайтыны белгілі.
Жаңа жыл дайындығына қаржы аямайтындардың басым бөлігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Алматылықтар 3 жыл бұрын Жаңа жылда 243 млрд, ал астаналықтар 110 млрд теңге жұмсаған болса, үшінші орынды ШҚО 100 млрд теңгемен қорытқан екен.
Аталған агенттік қалада тұратын қазақстандықтардың әрқайсысы Жаңа жыл үшін 91 мың теңге жұмсайтынын есептеп шығарған еді. Биыл астаналықтар тек сыйлық үшін орта есеппен 150 мың теңгеден астам қаржы жұмсағанын айтып отыр. Бірақ олар есімін жария етпеуді өтінген. Ал Тараз қаласының тұрғыны Жанна Әмірхан Жаңа жылды атап өту, дастарқан жаю мен жақындарға сыйлық жасауға оңтүстік өңірде, шамамен 45-50 мың теңге жұмсалатынын айтады.
Ал сіз қанша қаржы жұмсайсыз?