Фонограмма болмаса…

Túrkistan халықаралық газетінің №46 санында «Райымқұлова райынан қайтып қалған жоқ па? немесе өнерпазды кім дейміз, елді алдаса…» деген тақырыпта мақала жарияланған. Мақалада қазіргі әншілердің фонограммаға иек сүйеп алғандығы әрі қасиетті өнерді әркімнің қолжаулық қылып жүргені сөз болған. Мақалаға қатысты Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жауап келген болатын. Жауап хатта «Ең алдымен қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңға фонограмма мәселесін бақылауға және концерттік бағдарламаларды өткізу бойынша тиісті өзгертулер енгізу туралы заң жобасы әзірленіп жатқандығы және орындаушыларды тыңдармандарға фонограмма қолданатыны жайында ескертуге міндеттеу көзделіп отыр» делінген. Біз осы ретте әншілерімізге хабарласып, «Фонограмма жоқ болса сахнаға шыға аласыз ба?» деген сауал қойған едік.

Мақпал ЖҮНІСОВА, Қазақстанның халық артисі:

Жанды дауыста концерт беру қымбатқа түседі

1559626277 news b

– Мен жеке шығарма­шы­лық концерттерімде жанды дауыста ән айтамын. Ал бі­рақ мерекелік концерттер мен телевизиялық жобалар­да фонограммамен айтуы­мызға тура келеді. Өйткені талап сондай. Фонограммасыз айту үшін ансамбль болуы керек. Ал концерт ұйымдастырушылар ансамбльге ақша жұмсағысы келмейді. Кезінде «Гүлдер» ансамблінде жұмыс істегенде Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева бәріміз таңертеңнен кешке дейін дайындық жасайтынбыз. Жаңа әндерді жаттап, жанды дауыста айтатынбыз. Гастрольдік концерттерге аппаратурамызды өзімізбен бірге тасып жүретінбіз. Біздің кезімізде осындай қалыптасқан мектеп бар болатын. Дауысымыз қойылғандықтан түнде оятып ән сал десе айта аламыз. Фонограмма жоқ жерде де еш қиналмай­мыз.

Қараша айында Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Ташкентте «Астана сазы» этно-фольк­лор­лық ансамблі мен Saz&soul вокалдық-аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен жеке концерт бердім. Ансамбльдің сүйемелдеуімен  бастан-аяқ жанды дауыста толық бағдарламалық концерт қойдым. Танымал композиторлар әрі мульти инструменталист музыканттар Бауыржан Ақтаев пен Әділжан Толықпаевтың жетекшілігімен сахнаға шығып, қазақтың дәстүрлі музыкасы мен эстрада өнерін үндестірген тамаша синтездің үлгісін ұсындық. Өзіммен бірге белгілі әнші Ержан Белғозиев пен концертмейстер Олжас Байділдаевты ала бардым. Шынын айтқанда, музыканттардың шығынын өзім көтердім. Өз абыройым, елдің намысы үшін осындай қадамға бардым. Концертті камераға түсіртіп, елге ала келдім. Алдағы уақытта отандық арналардың бірінен туған күнімде көрсетіледі.

Біздің елде жанды дауыста концерт беру қымбатқа түседі. Сондықтан көп әншілер фонограммамен ән айт­қанды қолай көреді. Сенесіз бе, Алматыда мықты музы­кант жоқ. Ал бізге кәсіби деңгейі мықты музыкант­тар керек. Оларды қайдан іздеу керек екенін білмей­сің. Музыканттардың басын қосатын орталық жоқ. Әрқайсысы жеке-жеке тұрмыс қамымен кетті.

Егер фонограммамен ән айтылатын кештерге халық бармайтын болса, сұранысқа ие көп әншілеріміз сахнадан шеттеліп қалады. Өйткені біздің сахнада үш әннен кейін дауысы шықпай қалатын әншілер бар. Дыбыс жазу студияларына барып сұрасаңыз, қай әншінің дауысы қандай екенін айтып береді. Мысалы, мен әнді үш рет қана жазамын. Өйткені менің дауысым қойылған. Ал таңнан кешке дейін бір әнді жаза алмайтын әншілер бар екен. Олардың қатарында еңбек сіңірген қайраткерлер мен халық артистері жүр.

Жас әншілердің кәсіби деңгейде өсуі үшін оларды дайындап, жағдай жасау керек. Еліміздің аймақтарына барсаңыз қымбат, мықты аппаратуралар тұрады. Бірақ аспаптың тілін білетін музыкант жоқ екенін көріп ішің ашиды. Осы аппаратуралардың құлағында ойнайтын  дыбыс­шы мамандар қажет. Кезінде «Азия дауысын» ұйымдастырғанда М.Ерғалиев пен А.Пономарев дыбысшы мамандар мен жарық берушілерді Ресейден алдыр­татын. Сосын концерттің де деңгейі мықты болатын. Ән салып тұрғанда аспаптың әрбір нотасы анық естіліп тұратын. Өзбекстанға барып келгенде дыбысшы мамандарының да мықты екенін байқадым. Музыканттар әншілердің әнін эстрада да, тойда да тартып ала жөнеледі екен. Қарап отырып қызығасың. Біздің елде ондай деңгейге жету үшін әлі талай жыл керек-ау.

 

Нұрлан АЛБАН, әнші:

Фонограммамен айтатындарға айыппұл салатын заң шықса, қолдар едім

1458817217q6itr

– Соңғы 10 жылда дауысты компьютермен өңдеу техни­ка­сы кеңінен тарады. Бүгінде әншілердің жоғары нотаны ала алатынын немесе төменгі нотаға қаншалықты түсе ала­­­тынын жанды дауыста айтпаса ажырата алмайтын бол­дық. Өйткені компьютер әншінің дауысын түзеп, тазартып шы­ғарады.

Өнер адамы жанды дауыста ән айту үшін өз-өзімен күнделікті жұмыс істеуі керек. Сахнаға шығатын әрбір әнші аптасына 3-4 рет дайындық жасаса нағыз дүлдүл атанар еді. Мысалы, дайын тұрған 5 жыл бұрынғы записьтегі әнді сахнаға алып шығып ауыз жыбырлатқаннан жанды дауыста айтқан әлдеқайда өтімді. Өйткені 5 жыл бұрынғы дауыстан қазіргі дауысың әдемі болуы мүмкін. Сонымен қатар шақырған концерттерде бір ән болса да жанды дауыста айтсаңыз үлкен еңбек дер едім.

Ел арасына таратылатын афишаларға концерттің фонограммамен немесе фонограммасыз өтетінін ескертетін, көрерменнің таңдау құқығы болатын еді. Сахна – киелі, қасиетті орын десек, өнерде шын жүйріктер көп болуы керек. Бір әнді жазып сахнаға алып шығудың өзі – үлкен нәтиже, еңбек. Шын жүйріктің сыналар уақыты келді. Өйткені бүгінде халықтың көзі ашық, талғамы биік, есті әндерге деген сұраныс жоғары. Жаңа заң күшіне енсе, біраз әнші нансыз қалатын сияқты. Фонограмманы қосып қойып аузын жыбырлататындар жеп отырған нанынан айырылмас үшін біршама еңбектенетін болады.

Тек жанды дауыста ән салған Біржан сал, Ақан сері, Әміре Қашаубаевтың атағы шартарапқа тарады. Бүгінде әлем таныған Димаш Құдайберген қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы болып тұр. Неге? Өйткені Алланың берген бағынан кейін бұл жерде үлкен еңбек жатыр, Димаш әндерін жанды дауыста орындайды. Егер заң қабылданып, қатаң талап қойылса, жастарымыз да сол талаптарға сай жұмыс істеп, іздене бастайды. Болашақта Димаштай таланттар әлемдік сахнаға жол тартар еді. Ендігі жерде еңбектенуден басқа жол жоқ.

Мен тойда да жанды дауыста ән айтатын әншілерді құрметтеймін. Мысалы, «тойда жанды дауыста ән айту керек, фонограммамен айтатындарға айыппұл салынады» де­ген заң шығарылса да қолдар едім. Өйткені той да сахна, ол жерде де тыңдарман бар.

 

Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, «Музарт» тобының әншісі:

Жанды дауыста ән айтудан мастер-класс өткізуге дайынмын

35998576 2196450167257766 272752190190256128 n

– «Музарт» вокалды-аспапты ансам­блі концерттерінде тек жанды дауыс­та ән айтады. Тек телевизиялық жо­ба­ларда дыбыс жақсы естілу үшін фо­но­грамма­мен айтуға келісуіміз мүмкін. Гастрольдік сапармен біраз елдерде болдық. Көп­­теген елде фонограммаға тыйым са­­­­лынған. Мысалы кез келген жарнама­лық материалдарда фонограмма пайдаланылатыны не пай­да­ла­ныл­­­майтыны көрсетіліп тұрады. Көрермен фонограмма қолданы­латын концертке бару-бармау керегін өзі шешеді. Мұндай заң жо­басы біздің әншілеріміз үшін де пайдалы болмақ. Шын жүйріктің сына­лар кезі жетті.

Менің білуімше, өнер саласында жүрген әншілердің 90 пайызы жанды дауыста ән айта алады. Өйткені қарғаны бұлбұл қылу мүмкін емес. Тек көп ретте дайындық пен ішкі сенім жетіспей жатады. Жүйеге түскенше қобалжып, құлаққапты дұрыс кимегендіктен музыканы естімей  нотадан ауытқып кететін жайттар кездеседі. Мен жанды дауыста ән айтудан мастер-класс өткізуге дайынмын. Меніңше, жанды дауыста ән айтатын әр әншінің өзінің талабы болуы керек. Ол үшін әрине мықты дыбыс режиссерлері, музыканттар керек. Бізде ондай кәсіби мамандар аз, ал қазақ ұлтынан шыққандары саусақпен санарлық. Бәріміздің әнші болғымыз келеді, бірақ ешқайсымыздың режиссер бол­ғы­мыз келмейді. «Музарт» вокалды-аспапты ансамблі  құра­мында дыбыс режиссері бар. Қай жерге барсақ та бізбен бір­ге өнер көр­­сетеді, біз еңбегіне қарай жалақысын төлеп, қалама­қысын бе­ріп отырамыз. Осы ретте Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­мия­­сы режиссерлер дайындап жатқанын айта кеткім келеді. Фо­­­нограммаға шектеу қойылатын болса, біздің елімізде режиссерге деген сұраныс артатын болады.

 

Back to top button