Қазақ көшіне қағазбастылық кедергі ме?

Қазақ көшіне қағазбастылық кедергі ме?

Қазақ көшіне қағазбастылық кедергі ме?
ашық дереккөзі
479
Әлемде 16 миллионнан астам қазақ болса, соның үштен бірі, яғни шамамен бес миллионнан астамы шет мемлекетте тұрады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қандастарды атажұртқа шақырған 28 жылдың ішінде елімізге 1 миллионнан астам қазақ көшіп келді. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы дерегіне сүйенсек, биылғы жылдың өзінде 10 700-ден астам этникалық қазақ елге оралды. Олардың 48,5%-ы – Өзбекстаннан, 36 пайызы – Қытайдан, 6,2 пайызы – Моңғолиядан, 5,4% пайызы – Түркіменстаннан, 1,1% пайызы – Ресейден және 0,5% пайызы Ираннан қоныс аударды.  Атажұртқа оралғандар елге тез сіңіп, Қазақстанның азаматы атануы үшін мемлекет әлеуметтік кедергілерді жойып, құжат рәсімдеу жұмыстарын оңтайландыруға күш салуда. Десе де, атамекенін аңсап жеткендердің арасында қазақстандық атана алмай сабылып жүргендер бар.

Арман болған азаматтық

Елімізге оралған қандастардың алдынан шығатын ең бірінші мәселе – құжат рәсімдеп, әуелі тұрақты тұру ықтиярхатын, содан соң Қазақстанның азаматы екенін растайтын төлқұжатқа қол жеткізу. Көшіп келушілердің кейбірі қажетті құжатты уақытылы жинап, құзырлы органдарға тапсырып үлгермегендіктен, оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетеді. Салдарынан жатжұртқа қайта қоныс аударуға мәжбүр болғандар бар. Осындай жайсыз оқиғалардан кейін көптің тілегіне құлақ түрген Елбасы 16 наурызда   арнайы Жарлық шығарып, оралман мәртебесін  жеңілдетілген тәртіппен 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл жаңалық атамекенге оралған ағайындарды тегіс қуантып, 6 мың қандасымыздың оралман мәртебесі ұзартылды. Оның ішінде 5 235-і Қазақстан азаматтығын алды. Мемлекет жасаған жеңілдіктерге қара­мастан, көші-қонға жауапты органдар жұ­мысындағы кемшіліктер салдарынан ұзақ уақыт бойы азаматтық ала алмай, та­банынан тозған қандастарымыз да кездеседі. Солардың бірі – Жайна Дәлелдің отбасы. Бүгінде Алматы облысы Жамбыл ауда­нындағы ауылдардың бірінде тұратын отбасы елімізге 2018 жылы сәуір айында Қытайдың Шыңжаң аймағындағы Күнес ауданынан көшіп келіпті. Бір ұл, бір қызы бар әйел жарты жыл бұрын жолдасымен бірге Қазақстан азаматтығына құжат тап­сырған. Алайда әлі күнге дейін арман болған төлқұжатқа қол жеткізе алмаған. «Алты ай бұрын азаматтыққа құ­жат тапсырдым. Бірақ әлі қол жеткізе алмадым. Көші-қон полициясына барсам, «Азаматтығың шығып тұр. Бірақ анықтама әлі келген жоқ» деп қайтарады», – дейді тарихи Отанына оралған әйел. Жайна Дәлелдің анықтама деп отыр­ғаны – «№7 форма» деп аталатын құжат. Алматы облыстық көші-қон басқармасы­ның мәліметінше, «№7 форма» – Қазақстан азаматтығын алғанын растайтын анық­тама. Азаматтық алғандар бұл анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталығына тап­сыр­ған соң ғана Қазақстан төлқұжа­ты­на өтініш бере алады. Жайна Дәлел Қазақстан азаматтығын те­зірек алып, Қытайда қалған әкесіне барсам дейді. Әкесін елге көшіріп алғысы келетінін айтты.

Тұрақты тіркеу жыры

Қазақстанның «Азаматтық туралы заңы­на» сай, қолында Қазақстанның ық­тиярхаты бар этникалық қазақтар шетелде туып, Қазақстандағы оқу орындарында оқитын қазақтар, Қазақстанда тұрақты тір­келген оралмандар,  еркінен тыс аза­мат­тығынан айырылғандар жеңілдетілген тәр­тіппен азаматтық алады. Заңның 16-ба­бы бойынша жеңілдетілген тәртіппен аза­мат­тық алуға өтініш құжат тапсырылғаннан бастап 3 ай ішінде қаралуы тиіс. Алайда қандастарымыздың сөзінен ұққанымыз, заңның бұл бабы көбіне орындала бермейді. Қытайдан келген қазақтардың құжатын реттеуге қол ұшын созып жүрген белсенді Баһаргүл Табыс та 3 айда берілуі тиіс құ­жат­­тар кейде 1 жылға созылып кететінін ай­та­ды. Бір кездері өзі де Шыңжаңнан кө­шіп келген Баһаргүл ханым Қытайдан қо­ныс аударған қазақтардың азаматтыққа құжат тапсыру мәселесінде қандай кедергілер барын сұрадық. – Қағазбастылықтың салдарынан қан­дастар көп сабылуға мәжбүр. Меніңше, ық­тиярхат – басы артық құжат. Оны алу үшін екі ай тосу керек, кейде алты, жеті айға созылып кетіп жатады. Ықтиярхаттың соңынан жүгіріп, қаншама уақыт, қаржы шығындамай-ақ, бірден азаматтық алуға қамданса, шеттен келген бауырларымыз бекер қажымас еді. Атамекенін аңсап кел­гендер қайта көшіп кетпес еді,  – дейді Баһаргүл Табыс. Оның айтуынша, қандастар үшін тұ­рақ­ты тіркеуге тұратын орын табу да ай­тарлықтай қиындық тудырады. – Көшіп келушілер ең әуелі тұрақты тір­кеуге тұруы қажет. Қазір жат түгілі жа­қынымен араласпайтын қазақ басқа елден кел­ген азаматтарды оңайлықпен тіркеуге тұрғыза қоймайды. Қомақты ақшасын бе­ріп, әрең көндіреді. Алайда қандастарды өз үйіне тұрақты тіркеуге тұрғызған кейбір қо­жайындар оларға ескертпестен тіркеуден шығарып жіберетін жағдайлар да жиі кездеседі. Мұндайда қоныс аударушылар 25 мың теңге айыппұл төлейді. Мәселен, жуыр­да сондай үй иелерінің бірі Қытайдан оралған отбасының төрт мүшесін бірдей тіркеуден алып тастаған. Олар мұны Қа­зақ­станның  төлқұжатын алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде бір-ақ білген. Деректер базасын тексерген ма­мандар олардың еш жерде тіркелмеге­нін, жеті ай бұрын тіркеуден шығарылғанын жет­кізген. Жағдайларын айтып келген соң, төртеуін де өзімнің үйіме тіркедім. Айып­пұлдарын төлеп, біраз табан тоздырып жүріп, ақыры азаматтықтарын алды, – дейді Баһаргүл ханым. Қайырымды жанның Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында ор­наласқан шаңырағында бүгінде шеттен кө­шіп келген 12 азамат тіркеуде тұр. – Олардың бәрі – барар жер, басар тауы, Қазақстанда ешбір танысы жоқ кісі­лер. Көмек қолын созбасақ, тауы шағылып, шетелге қайта көшіп кетпесіне кім кепіл?  Қандастарды тіркеуден шығарып жіберген үй иелерінен «бұларың не?» деп сұрасақ, «полиция қызметкерлері келіп, үйлеріңдегі артық адамды шығарыңдар деп ескерту жа­сады» деп ақталады. Мені соттап жіберсе де, үйімде тіркеулі тұрған кісілерді шы­ғара алмаймын, – деп ағынан жарылды.    

Серіктес жаңалықтары