Қасым-Жомарт Тоқаевқа спорт саласын кешенді реформалауға қатысты бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды., деп хабарлайды turkystan.kz.
Президентке балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, халықаралық ынтымақтастықты арттыру, спортқа ғылыми тәсілдерді енгізу, бюджет қаражатын оңтайландыру және заңнамалық базаны жетілдіру жөнінде есеп берілді.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, спорт саласында вертикальді басқару жүйесін қалыптастыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Саланың жағдайына кешенді талдау жүргізілгеннен кейін бірқатар облыста спорт басқармаларының басшылары тағайындалды, жұмыс тиімділігінің нақты көрсеткіштері белгіленіп, спортшылар мен жаттықтырушыларға берілетін төлемдер мөлшері бірыңғай көрсеткішке келтірілді. Сонымен қатар спорттың басым түрлеріне қойылатын іріктеу талаптары анықталды.
Биыл күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Аталған заң бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, спортты дамыту үшін оның басым түрлерін айқындауға, кәсіпқой клубтарға төленетін төлемдерге лимит енгізуге бағытталған.
Мемлекет басшысына шетелдік туристерді тарту және заңнамалық базаны жетілдіру шаралары туралы айтылды. Президент тапсырмасы бойынша Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстауды дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Алматы тау кластерін дамыту жоспары дайындалып жатыр. Сондай-ақ курортты өңірлерді өркендетуге арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді. Онда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, санитарлық жағдайдың стандарттарын көтеруге және көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген.
Мемлекет басшысы министрге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, вертикальді басқару жүйесін енгізуді жалғастыру, футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету қажет. Бұдан бөлек, туризм саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру маңызды міндет ретінде аталды.