405
Әскери базалар жабыла ма?
Әскери базалар жабыла ма?
Түркия президенті Реджеп Ердоғанның жасаған соңғы мәлімдемесі АҚШ тарапын алаңдата бастады. Ердоған Түркия жеріндегі Американың әскери базасын жауып тастауы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның мұндай шешім қабылдауына Ақ үй тарапынан енгізілуі мүмкін санкциялар себеп болып отыр.
Түркия аумағындағы Инджирлик және Кюреджик әскери базаларын НАТО мен түрік қарулы әскері бірлесіп пайдаланады. Дәл осы екі базаның жабылуы мүмкін деген хабар Түркия басшысының мәлімдемесіне дейін-ақ тараған. Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу шетелдік әскерилерге арналған базаның жабылу ықтималдығы туралы өткен аптада айтқан. Осы аптада Реджеп Ердоған Чавушоглуның сөзін қуаттап, қажеттілік туындаса Инджирлик пен Кюреджик базаларын еш қиындықсыз жауып тастайтынын жеткізді. Дегенмен Түркия басшысы тараптар қайта түзеуге келмейтін қадам жасаудан аулақ болғаны жөн екенін ескерте кетті.
Түркия батыстағы әріптестеріне алғаш рет мұндай сарындағы сес көрсетіп отырған жоқ. Дәл қазіргі мәлімдемесі Түркия мен АҚШ арасындағы алауыздықтың артып, керісінше, Ресеймен жақындаса бастағаны салдарынан туындағаны түсінікті. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылы Түркия Ресеймен С-400 кешенін сатып алу туралы келісімге келген. Бұл кешен Түркия мен АҚШ арақатынасының нашарлауына тікелей себепкер болды. Америкалықтар С-400 кешені Түркияның АҚШ және НАТО-мен серіктестігі шеңберінде қол жеткізіп жүрген қаруландыру жүйесіне сай келмейтінін айтады. С-400 кешенін сатып алғаны үшін Вашингтон Анкараға экономикалық санкция белгілейтінін ескертті. Соған қарамастан жазда Түркия ресейлік зымырантасығыш кешеніне қол жеткізді.
Вашингтон мен Анкара арасын суытқан тағы бір жағдай бар. Үстіміздегі жылдың қазан айында Түркия Сирияға күрділер отрядына қарсы әскери операцияны бастады. Ал дәл осы отряд АҚШ-тың террористермен күрестегі бірден-бір одақтасы еді. Алайда Түркияда күрділер отряды да террорлық топ болып есептеледі. Түркияның осы әрекетінен кейін, яғни 14 қазан күні АҚШ Түркияға қарсы санкция енгізді. Бірақ бұл санкцияның күші тек тоғыз күнге ғана жетті. Оған Түркияның Сирия жеріндегі операцияны тоқтатуы себеп. АҚШ президенті Дональд Трампты бұл жағдай қуантпай қоймады. Тіпті Трамп Түркия басшысына операцияны тоқтату туралы шешім қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, Ердоғанды «өте жақсы көшбасшы» деп танитынын айтты. Алайда Ердоғанның соңғы мәлімдемесінен кейін Ақ үй басшысы әзірге үн қатпады. Дегенмен Вашингтон бұл мәселені ресми жауапсыз қалдырған жоқ. Пентагон басшысы Марк Эспер Анкараның мұндай жоспары жайлы газеттен оқып-білгенін, алдағы уақытта бұл мәселені түрік әріптестерімен бірге талқылайтынын мәлімдеді. «Бұл мәселе (Инджирлик базасының жабылу ықтималдығы) бұған дейін біздің алдымыздан шыққан жоқ. Мұндай жағдайдың орын алуы мүмкін екенін газеттен ғана білдім, сондықтан әуелі Түркияның қорғаныс министрлігіндегі әріптестеріммен тілдесіп, істің ақ-қарасына көз жеткізуім керек», – деді Марк Эспер. Сондай-ақ Эспер бұл мәселені НАТО Анкарамен бірге талқылауы қажет екенін де тілге тиек ете кетті.
Халықаралық саяси сарапшылардың айтуынша, аталған әскери базалар АҚШ үшін де, Түркия үшін де аса маңызды. Егер Инджирлик базасы жабылса, Түркия мен НАТО арасындағы байланыстың үзілуі бек мүмкін. Бұл байланыс қазірдің өзінде қыл үстінде тұр. Ал әскери сарапшылар Инджирлик сынды авиабаза Иранға қарсы әскери операция кезінде ғана ыңғайлы болуы мүмкін екенін айтады. Таяу Шығыстағы әскери әрекетті жүзеге асыру үшін Америкаға Парсы шығанағындағы авиабаза да жеткілікті. АҚШ Инджирлик базасынан қол үзсе Иранмен соғыс болған жағдайда ғана мүмкіндіктері шектеулі болмақ. Одан өзге АҚШ-қа келер залал жоқ. Ал егер Иран мен АҚШ арасында қарулы қақтығыс орын алса, Анкара Вашингтонға қолдау көрсетері сөзсіз. Анкара қолдау көрсетсе, АҚШ кеткен ізімен қайта оралады. Инджирлик базасы жайында айта кететін тағы бір жайт бар. Бейресми дереккөзіне сенсек, мұнда АҚШ-тың ядролық қаруы орнатылған. Бірақ қазір қарудың сол базада қалған-қалмағаны жөнінде нақты дерек жоқ. Бұл қару Түркия жеріне НАТО-ның «Ядролық алмасу» (Nuclear sharing) бағдарламасы шеңберінде жеткізілген. Қазіргі уақытта бағдарлама аясындағы ядролық қару тек АҚШ-қа ғана тиесілі. Алайда олар Түркия, Бельгия, Германия, Италия және Нидерландтар аумағына орнатылған. Дегенмен бұл мемлекеттердің ядролық қаруды өз бетінше қолдануға құқығы жоқ. Өйткені оны пайдалануға мүмкіндік беретін код АҚШ-тың қолында. Ядролық бомбаны америкалық әскери қызметкерлер бақылайды және күзетеді.
Ал Кюреджиктегі радиолокациялық станса НАТО үшін аса маңызды. Егер Түркия америкалықтардың Кюреджиктен кетуін талап етсе, НАТО-ға мұндай стансаны алмастыратын база табу оңайға соқпайтынын айтады. Айта кетейік, бұл станса Түркия жеріне 2012 жылы орнатылған болатын. Мұндағы радар арқылы Иран тарапының әуекеңістігін бақылап отыруға мүмкіндік жасалған.