Елорда іргесіндегі ауыл балалары мектепке 5 шақырым жаяу жүріп барады

500 оқушыға бар-жоғы 2 ақ автобус. Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылының балалары мектепке қатынайтын көліктен таршылық көріп отыр. Білім алушылардың көптігінен 26 орындық транспортқа 50-60 адамнан мініп баруға мәжбүр.

Тіпті, суық күндері көлік қатынасы қиындаған кезде, бүлдіршіндер 4-5 шақырым болатын білім ошағына жаяу баратын көрінеді. Ал, ата-аналар болса, перзентіміз сабаққа барып келгенше жанымызды шүберекке түйіп отыратындығы жеткізді, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Жібек жолы аулындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектепте 1200 бала білім алады. Оқушылардың жартысына жуығы мектепке арнайы автобустармен қатынайды. Елді мекенде 30 мыңға жуық халық тұрады екен. Аумағы үлкен саяжайлар көп болғандықтан білім ошағына балалар жаяу бара алмайды. Ал оларға бар-жоғы екі-ақ автобус қызмет көрсетеді. Оның өзі  бір күн жүрсе, екінші күні тоқтап қалатын көрінеді. Сол себепті балалар сабақтан қалып қояды екен.

«Кейбір кездері автобусқа сыймай қалғандықтан автобус бізді тастап кетіп қалады, ал кейбір кезде уақытына қарамай өтіп кетеді», – деді мектеп оқушыларының бірі.

Білім мекемесінің басшысы бұл мәселені шешу үшін қолдан келген жағдайдың барлығын жасап жатқанын айтады. Биыл жыл соңына дейін тағы бір автобус алу жоспарларында бар екен. Одан артығына ақша жоқ. Себебі осы жылға бекітілген қаржыға мектепке жаңа жылу жүйесі орнатылып, ғимараттың шатыры жөнделіпті.

«Бұл мәселелер бір-екі күнгі емес, жылдар бойы шешілмей келеді. Жағдай 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап аудандық білім бөлімінің алдында тұр. Мектепте 1016 бала оқиды, соның 410-ы бізге автобус тасымалданып жеткізіледі. Әкімшіліктің бекіткен кестесі бойынша екі автобус жұмыс істейді», – деді мектеп директоры Ақнұр Түркістанбаева.

Ал аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мектепте қиындықтар бар екендігін жасырмайды. Аймақтағы 7 ауылдық білім мекелерінде 11 қызметтік автобус жұмыс атқарады екен.

«Бізде қазіргі таңда 11 автобус бар. Оның 9-ы ескіргендіктен, жаңалау керек. Балаларды тасымалдайтын автопаркке жаңа көліктер алу көзделуде. Ол үшін аудан әкімдігі жылына 1-2 автобустан сатып алуды жоспарлап отыр», – деді Аршалы аудандық білім бөлімі әдіскерлік орталығының меңгерушісі Талғат Мәмбетов.

Ауылдың мектептеріне жауапты білім бөліміндегілер алдағы уақытта елді мекендерге қызмет көрсететін автобустарды жаңалауға ниеттіміз дейді. Бірақ ол жоспар қашан нақты жүзеге асатыны беогісіз.

Back to top button