768
Төрткүл дүниеге жеткен Тәуелсіздік үні
Төрткүл дүниеге жеткен Тәуелсіздік үні
Тәуелсіздік – қазақтың азаттыққа қол созған асқақ арманы мен мұқалмас күш-жігерінің жемісі. Сондықтан бұл күн – еліміз үшін ең қастерлі күн. Тек Қазақстан тұрғындары үшін ғана емес, шетелдегі қазақтар үшін де аса маңызды мереке. Еліміз үшін ерекше мереке желтоқсан айы басталғалы бері әлемнің түкпір-түкпірінде тойлануда.
Мәскеудегі мерейлі күн
Ресей астанасында Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде тойланады. Мәскеу биыл да әдетінен танған жоқ. «Лотте Москва» қонақүйінде еліміздің егемендік тойы аталып, салтанатты қабылдау кеші ұйымдастырылды. Кешке Ресей президент іәкімшілігі, Үкіметтің және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан мемлекеттердің дипломатиялық корпус жетекшілері және халықаралық ұйымдар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, танымал қазақ-ресей жұлдыздары және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Дәстүрлі шараның шымылдығы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау сөзімен ашылды. «Қазақстан жоспарланған экономикадан бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшу үрдісін сәтті өткізді және бұл жүйенің барлық тетіктері мен заңнамалық негіздерін құрастыра білді. Қазақстан – еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның локомотиві. Еліміздің қарқынды дамуы мемлекетке өмірдің барлық салаларын одан әрі реформалауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Иманғали Нұрғалиұлы. Салтанатты қабылдау барысында қонақтар қазақтың сары даласына ойша сапар шегуге мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндікті қонақтарға «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің артистері, қазақстандық суретшілер мен әйгілі мүсінші Марат Ғабдрахмановтың көрмесі сыйлады. Шара аясында жиналған көпшілік қазақтың ұлттық тағамдарымен таныса алды.Түркиядағы Тәуелсіздік тойы
Қазақстанның егемендігін ең алғаш мойындаған – Түркия Республикасы. Сондықтан бұл елде Қазақстан Тәуелсіздігінің ескерусіз қалуы мүмкін емес. Биыл Сакария қаласында Түркияда білім алатын қазақстандық студенттердің алғашқы басқосуы болды. Басқосу аясында Қазақстаннан келген өнерпаздардың концерті көпшілік назарына ұсынылды. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» оркестрі мен «Көркем» балалар би ансамблінің өнері елден жырақта жүрген тәлімгерлердің елге деген сағынышын басты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай ұйымдастырылған концерттің беташар сөзінде Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы: «Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгі болсын. Тәуелсіздіктің баянды болуы үшін жастардың аянбай еңбек етуі қажет», – деп атап өтті.Люксембургте алғаш рет тойланды
Биыл Тәуелсіздік мерекесі Люксембургте тұңғыш рет тойланды. Еліміздің Люксембургтегі елшілігі мен Қазақстанның осы мемлекеттегі құрметті консулы ресми қабылдау ұйымдастырды. Ұлыг ерцоктік үкімет мүшелері, саясаткерлері мен кәсіпкерлері шарада қазақтың ән-күйімен сусындап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Айта кетейік, биыл Қазақстан Люксембургпен саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастарды жаңа деңгейге көтерді. Қазақстан үшін Люксембургтің қаржы саласындағы, спутник пен ғарышты дамыту тәжірибесін игеру маңызды. Ұлы герцоктік кәсіпкерлерін Қазақстандағы тұрақтылық пен инвестициялық мүмкіндіктер қызықтырады. Биыл құрылған «Қазақстан-Люксембург» ынтымақтастығы қауымдастығы да екі елдің мәдени қатынасын күшейтуге ынталы. Бай мәдени мұраны, ұлттық өнерді қазақстандық жастар кеште көпшілікке паш етті. Люксембург жұртшылығы мерекеде ұлттық тағамдардан дәм татып, Қазақстанның көрікті жерлері бейнеленген көрмені тамашалады. Қазақстанның туристік әлеуетін жарнамалау үшін елшілік пен құрметті консулдық келер жылы туризм форумын өткізуді көздеп отыр. Содан соң қос өкілдік Нұр-Сұлтан мен Люксембургке тікелей қатынайтын әуе рейсін ашуға күш салмақ.Афинадағы айтулы мереке
Грек астанасы – Афинада Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президент күніне орай дәстүрлі дипломатиялық қабылдау өтті. Қабылдауды Қазақстанның сол елдегі елшілігі ұйымдастыр-ды. Бұрынғы корольдік сарай, ал қазір Грекия парламенті ғимаратының жанындағы Grande Bretagne қонақүйінің тарихи ғимаратында өткен мерекелік шараға Грекияның саяси, академиялық және іскерлік топтарының жоғары өкілдері, белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты. Қонақтардың арасында дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, журналистер, қазақ диаспорасының өкілдері де бар. Салтанатты кешті ашқан Қазақстанның елшісі Алексей Волков қонақтарды 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздік алған сәттен бастап республиканың экономикалық және халықаралық жетістіктерімен, сондай-ақ республикадағы соңғы саяси оқиғалармен таныстырды. Екіжақты қарым-қатынастар жөнінде айта келе, қазақстандық дипломат сенімділік пен өзара сыйластыққа негізделген Қазақстан мен Грекия арасындағы қарым-қатынастардың ерекше достық сипатын атап өтті. Осы күнге дейін Қазақстанның ел болып бағындырған белестері келешекке бастар берік іргетас болып қаланды. Бірқатар халықаралық ұйыммен тығыз байланыс орнатып, әлемдік сахнада өзіндік ықпалы барын көрсетті. Қазір күллі әлем Қазақстанды бейбітшіл әрі бітімгер ел ретінде таниды. Ұлы мерекені бүкіл ел болып тойлаймыз. Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ үшін қасиетті күннің әлі де атаусыз қалмайтыны анық.