Жалған кәсіпкерлік жарға жықты

Жалған кәсіпкерлік жарға жықты

Жалған кәсіпкерлік жарға жықты
ашық дереккөзі
218
Бүгінгі күні көлеңкелі экономикамен күрес мәселесі мемлекеттік кіріс органдары қызметінің негізгі құрамдас бөлігіне жатады. Осы орайда, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық қылмыстарға қарсы күрес қызметі қаржы саласындағы өрескел заң бұзушылық фактілерін әшкерелеуде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе, жалған кәсіпкерлікке қатысы бар деп күдік тудырған шаруашылық  субьектілерінің қызметі қатаң тексеріске алынды. Атап айтсақ, олардың заңды тұлға ретінде тіркелген өтірік мекен-жайларын анықтап, салық төлеу коэффициентінің төмендігіне жете назар аударылды және есеп-фактураларын ауыстырып жіберу сияқты фактілерге жіті талдау жасалды. Нәтижесінде, салық төлеуден жалтармақшы болып, жалған сұлба жасаған бірнеше қылмыстың беті ашылды. Соның бірі және бірегейі – аты-шулы №14750005100497 қылмыстық іс болып табылады. Бұл қылмыстық істі аты-шулы дейтініміз – қылмысқа қатысты субьектілердің 2009-2013 жылдар аралығында бір ғана емес, бірнеше жалған сұлба жасау арқылы  қылмыстық істерін жасырмақшы болғандығында. Қылмысты әшкерелеп, жалған әрекет жасаған фактілерді жіпке тізгендей етіп дәлелдеу оңайға соққан жоқ. Атап айтсақ, алдын ала тергеу барысында C.В.Павлова есімді әйел жалған кәсіпкерлікпен айналысуға байланысты заңды тұлға ретінде әрекет ету үшін бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрғандығы анықталады. Бұл іске алдын ала келісім бойынша Н.Е.Жмуцкая, В.Ю.Семяшкин, И.Г.Гусарева, Г.С.Пак сияқты сыбайластар да белсене атсалысады. Сөйтіп, «Universal Energy Technology», «Агата маркет», «SL Power Mark»,  «Транзит мастер»,  «Dorado» сауда-өндірістік тобы, «Dorado» заң бюросы,  «Строй платинум групп», «Полинекс» сауда-делдалдық фирмасы сияқты заңды тұлға ретіндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер  құрылады. Аталмыш қылмыстық топ  салықты төлеуден жалтару жолымен пайда табуды көздеп, заңға қайшы келетін небір қитұрқы әрекеттерді жүзеге асырады. Мысалы, құжат жүзінде өздеріне қатысты фирмалардың, контрагенттердің (сатып алушы) шығындарын көбейту арқылы салық төлеуден қасақана жалтарады. Нәтижесінде мемлекетке аса ірі көлемде – 1,4 миллиард теңге шығын келтіреді. Қазіргі уақытта 1,3 миллиард теңгенің залалының орны толтырылды.

Жуырда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты ұзаққа созылған бұл іске соңғы нүктені қойды. Алдын ала тергеу материалдарының көлемі 87 томды құрады. Осы орайда экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерінің бірнеше жылға созылған жанкешті еңбектерін де ерекше атап өткен жөн. Олай дейтініміз  – салық саласында орын алып жататын кез-келген қылмыстық әрекеттердің ішінде жалған кәсіпкерлікті әшкерелеу өте қиын қылмыстардың қатарына жатады. Соған қарамастан, тамыры тереңге тартқан жалған кәсіпкерлік әрекеттер кәсіби шеберлігі мықты оперативті уәкілдер мен тергеушілердің тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде өз мәресіне жетті. Осылайша, сот негізгі  ұйымдастырушы С.В.Павлованы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды. Және де оның иелігіндегі 41,9 миллион теңгенің мүлігіне қамау салынды. Бұған қоса оның негізгі сыбайласы Г.С.Пак  та 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.          

Б.Төлеужанұлы, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті 

түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы

Серіктес жаңалықтары