1182
«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті
«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті
«Қазақстан халқы Ассамблеясы Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форум өткізді. Форумның мақсаты – Қазақстан халқының 30 пайызын құрайтын басқа ұлттардың қазақ тілін – мемлекеттік тілді ұлтаралық тіл ретінде қолданып жатқанын көрсету. Осыған орай қазақ тілін жетік меңгерген орыс, украин, поляк, эстон, күрд, кәрістер 14 облыстан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан келіп отыр», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.
Жансейіт Түймебаевтың айтуына қарағанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі форумы тек қазақ тілінде өтеді.
«Осы орайда айтпағым: Елбасымыздың «Елге деген көзқарас – тілге деген көзқарас» деген сөзін атап өткім келеді. Сондықтан, мемлекетімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттың қазақ тілін – мемлекеттік тіл есебінде, ұлтаралық тіл есебінде қолданатын кезі жетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «қазақ тілі таяу келешекте ұлтаралық тіл ретінде қызмет атқаруы қажет» деген сөзін еске салсам деймін. Міне, осы жұмыстардың жүзеге аса бастағанын көрсету мақсатында осындай форумды бірінші рет ұйымдастырып отырмыз», - деп атап өтті. Форум барысында өзге ұлт өкілдері қазақ тілін әлеуметтік лифт деп бағалап, өзгелерге үлгі көрсетті.