Жастар – ұлт болашағы, мемлекет мәртебесі

Жастар – ұлт болашағы, мемлекет мәртебесі

Жастар – ұлт болашағы, мемлекет мәртебесі
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылуы және Во­лонтер жылының ашылу рәсі­міне қа­тыс­ты. Салтанатты шара барысында Президент Елбасының бастамасымен өткен Жастар жылында атқарылған жұ­мыстарды қорытындылап, келер жылдың маңызды жобаларымен таныстырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық жастың басын қосқан жиынның Тәуел­сіз­дік күнімен тұспа-тұс келгенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы ел мерейін асыру жастардың қолында екенін атап өтті. «Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Тәуел­сіз­дігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанған. Алдағы 3 жыл ішінде олардың саны 30 мыңға кө­беймек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жұмыс­шы жастарды қолдау жұмыстарының жалғаса беретінін ескертіп, еліміздің ірі қалаларында жұмыс істейтін жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Пәтерді жалға алу құны айына 15 мың теңге болады. Мемлекет басшысы өз сөзінде жастарды қолдау жөнінде бірыңғай кешенді бағдарлама жасау қажеттіне тоқталды. «Бірыңғай бағдар­лама өскелең ұрпақтың өзекті проблемаларын шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастарымыз үшін қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін Қазақстанның қай жерінде қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Сонымен қатар Президент отбасы институтына баса мән берілмей отырғанына да назар аударды. «Жастар саясаты туралы айтқанда отбасы институтын ұмытпауымыз керек. Бұл – дәстүрді, ұлттық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ажырасу фактілері осы саладағы түйткілді мәселенің біріне айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, отбасы құндылықтарын дәріптеудің мемлекет үшін маңызы зор. – Халқымызда «Отан – отбасынан бас­талады» деген қанатты сөз бар. Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуы­ның кепілі. Жас шаңырақ бақыт бесігіне ай­налуға тиіс. Олардың әрқайсысына тұ­тастық пен татулықтың дәстүрін орнық­тыруымыз керек. Зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар жастар арасында түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізіп, отбасы құндылық­та­рын дәріптеуі қажет», – деді Президент. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап айтқан маңызды мәселенің бірі – білім беру сапасы. Мемлекет басшысы диплом басып шы­ғаратын және тарататын  мекемеге ай­нал­ған жоғары оқу орындарына қатысты шара қабылдау қажеттігін талап етті. Сонымен қатар Президент Үкіметке жоғары оқу  орындары мен колледж студенттерінің шәкіртақысын көтеру туралы тапсырма жүктеді. – Жоғары оқу орындары студенттерінің сти­пендиясын арттыру өзекті мәсе­ле­лердің бірі екенін білемін. Бұл мәселеге көңіл бөлінбей қалды. 2016  жылдан бері стипендия көбейген жоқ. Сондықтан студенттерді қолдау үшін  2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магис­тратура мен  докторантурада оқитын студенттердің стипендиясын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жал­пы 130 мыңға жуық адамды қамтиды. Мұндай қолдау колледж студенттеріне де көрсетілетін болады, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Волонтер жылының міндеттері туралы айта ке­ліп,  бірнеше негізгі бағыттарға назар ау­даруды ұсынды. Президент волонтерлікті ұлттық масштабта ғана емес, әрбір қала мен ауылда дамыту керек деп санайтынын айтты. Сонымен қатар ұжымдық волонтер­лікті  өркендетуге мемлекеттік аппаратты да, ұлттық және ірі компанияларды да ат­салысуға шақырды. – Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейі­рімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қа­зақта асар  жасап, бір-біріне көмектесіп, қол­дау көрсету дәстүрі бар. Оның во­лонтер­лікпен үндесетіні сөзсіз. Сон­дықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті өз сөзінде волонтерлік қызметті еңбек өтіліне қосуды ұсынды. «Волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне қосу әдістемесін енгізу маңызды. Әсі­ресе, бұл осы салада тұрақты істейтін­дер­ге қатысты. Менің ойымша, бұл, маңызды мәселе», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы үкі­метке волонтер студенттердің шәкірта­қысын көбейту мәселесін шешуді тапсырды. Ал коммерциялық бағытта оқитындар үшін әлеуметтік студенттік кредит жүйесін енгізу ұсынылды. Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бел­сенді жастарды мемлекеттік награ­да­лар­мен және алғысхаттармен марапаттады.