1709
«Түркі жазуы күнін» белгілеу ұсынылды
«Түркі жазуы күнін» белгілеу ұсынылды
1893 жыл 25 қараша. Бұл – төрүк руника жазуының [пішігінің] жұмбақ сыры ашылған тарихи маңызды дата. Осы мәдени оқиғаға байланысты Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларына орайластырып Алматыда Шет тілдер және іскерлік карьерасы университеті, Күлтегін ғылыми-зерттеу институтының ұйытқы болуымен ғылыми конференция өтті. Жиынға «ҰЛЫ БОДУН» тарихы, мәдениеті мен дәстүрін зерттеу ұйымы өкілдері, тарихшылар мен тіл мамандары қатысты.
Бұдан 126 жыл бұрын дат ғалымы Вильгельм Томсен (1842–1927) Дания Ғылым академиясының кезектен тыс мәжілісінде Моңғолияның Орқұн өзені бойынан табылған тасбітікке бәдізделген жұмбақ жазудың сырын ашып, дешифровкасын жасады. Бір ғажабы, ғалымның мағынасын анықтап, алғашқы оқығаны [Тәңірі], одан кейінгі [Төрүк] сөзі екені таңғалдырады. Ғылыми ортада «фин-угор» герман жазуы деп сан-саққа жүгіртіп, пікірталас туғызған даулы мәселеге Вильгельм Томсен нүкте қойды. Осы ашқан жаңалығы арқылы ол бір кеште әлемге әйгілі ғалым, танымал тұлғаға айналды. Вильгельм Томсен Күлтегінге қойылған тасбітік ұстынды тұңғыш оқу арқылы төрүк тілінің төлтума жазуы мен өркениетін мұқым адамзат қоғамына жария етті.
Төрүктану ғылымының қалыптасуы Вильгельм Томсеннің төрүк руникасының сырын ашқан еңбегінен бастау алады. Адамзат мәдениетінде Вильгельм Томсен есімі атала қалса, төрүк жазуы мен өркениетін қайтадан жаңғыртқан ғылыми ерлігі көпшіліктің көкейінде тұра қалуы заңдылық. Ендеше, біздің рухани мәдениетімізде ерек орын алатын дат ғалымының есімін ұлықтап, оның еңбегін ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс. Әсіресе, «қазақтың төлтума жазу мәдениеті, тарихы жоқ» деп байбалам салып, жалған атаққұмарлықпен айналысып жүргендердің көзін ашып, көкірегін ояту үшін «Төрүк жазуы күнін» атап өтудің мән-маңызы зор. Ғылыми конференцияда осындай ой айтқан ғалымдар 25 қарашаны елімізде «Төрүк жазуы күні» ретінде ресми бекітуді ұсынды.