Қайта басталған дау

Қайта басталған дау

Қайта басталған дау
ашық дереккөзі
551
 Екпеден басын ала қашқандар жазалана ма? Дәл қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі – осы. Десек те, жылдар бойы жал­ға­сып келе жатқан екпе салу мәсе­ле­сі қа­шанға дейін созылатыны бей­мәлім. Бұған дейін балаға екпе салу-салмау тура­лы шешімді ата-аналар қа­был­дай­тын. Енді Үкімет мұны заң­мен міндеттеуге ниетті. Алайда мұ­ны қуаттай­тын­­дар көп емес. Кері­сінше, бұл жобаны адам құқы­ғы­на қол сұғуға  теңестіретін­дер­дің қа­ра­сы қалың. Сонымен, екпе­нің жыры қа­лай және қашан шешілмек?

Екпені міндеттеу дұрыс па?

Осыдан бірнеше жыл бұрын бас­тал­ған екпенің жыры әлі де бітер емес. Есте­ріңізде болса, 2015 жылы екпеден кейін естен танғандардың саны артып, қазақ­стандықтардың үрейін ұшыр­ған болатын. Содан бері елімізде екпе сал­дырудан бас тар­татындардың саны көбейген.Тіпті, соңғы уа­қытта вакцина салдыруға қарсы­лық білдірушілер қатары әлемде арта бастапты. Мұның бәрі жайдан-жай орын алып отырмаған болар?! Әрине, оған ең алдымен дәрілік препараттарды салу кезінде болатын қайғылы оқиғалар себеп. Мұндай жағдай­лардың Қазақстанда да сан мәрте тіркелгені баршаға мәлім. Бірақ дәрігерлер бар жағ­дайға вакцинаны айыптауға қарсы. Оның үстіне, ақ халаттылар екпе салдырмау арқылы қызылша және дифтерия сынды жұқпалы ауруларды өршітіп аламыз деп отыр. «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» заң жо­басына өзгерістер енгізіп, екпе салдыруды міндеттеу туралы ұсыныстың жасалуына да осы мәселе себеп. Денсаулық сақ­тау министрлігінің бұл ұсынысы қо­ғамда қызу талқыға түсуде. Екпе алуды міндеттеу қаншалықты дұрыс? Бұл сауал төңірегінде даулы пікір білдірушілер көп. Ал министрлік ұсынған өзгерістер бойынша, ата-аналар баласының екпе қа­был­дауына қарсылық білдірсе, 10 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тө­леуге міндеттеледі. Сондай-ақ заң жобасында екпе салынбаған балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымы, мектепке баруына тыйым салу туралы ұсыныс бар. Екпені салдыру немесе салдырмау әр адамның өз еркі. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін екпені салдыруды міндеттеуді ұсы­нып отыр. Оған да көндік. Бірақ екпе сал­дырмаған баланы мектепке қабы­л­дау­дан бас тарту оның болашағына балта шабу­мен бірдей емес пе? Бүгінгі заманда білім­сіздердің күні қараң екені айтпаса да тү­сінікті. Дәл осы сауал үстіміздегі жылдың мау­сым айында АҚШ-та да көте­ріл­ген еді. Яғни, Нью-Йорк тұрғындарына ме­дициналық себебі жоқ өзге мақсатта жә­не діни көзқарасы бойынша екпеден бас тартуға тыйым салынды. Мегаполис гу­бернаторы Эндрю Куомоның екпеден бас тартуға тыйым салуының нақты себебі – соңғы ширек ғасыр ішінде кеңінен етек алған шешек індетінен америкалық­тар арасында зардап шеккендер қарасы көп. Осы жылдың алғашқы 6 айында атал­ған елде 1 000-нан аса адамның шешек жұқтырғаны анықталған. Дүние­жүзі­лік денсаулық сақтау ұйымы келтірген дерекке қарағанда, әлемде аталған індеттен зардап шеккендер қарасы өткен жыл­мен салыстырғанда 300 пайызға артып кеткен. Айта кетейік, біздің елде міндетті вак­циналауды енгізу мәселесі 2017 жылы да күн тәртібіне шығарылған. Ал өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі екпе егілмеген балаларды мектепке кіргізбеу туралы ұсыныс білдірген еді. Бі­рақ ол кезде министрліктің ұсыныстары қабылданған жоқ. Бұл жолы да екпе салдырудың заңмен міндеттелетініне аса үлкен сенім жоқ. Өйткені халық қалаулы­лары мұның ақылға сыймайтын бастама екенін айтуда. Тіпті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бұл ұсыныстың қабыл­дануына жол бермейтінін ашып айтты. Расында да, екпені салуға мәжбүрлеудің қажеті қанша? Әр адам өз өмірі үшін өзі жауапты. Әр ата-ана да өз баласы үшін жауап­кершілік арқалайтыны сөзсіз. Ендеше, ата-аналарды айыппұлмен қорқыту орынды бола қояр ма екен? Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:

Мен екпе салуға емес, екпені салуға міндеттеуге қарсымын

– ...Адамға өз ата-анасынан сіздер жа­қын емессіздер. Ол әке баласына жаман­дық ойлағаннан екпе салдырмай тұр ма? Мен не үшін біреудің мүгедек болып қал­ға­нын көре тұра, балама екпе салдыруым керек? Мен екпе салуға емес, екпені салуға міндеттеуге қарсымын. Жеке азамат ретінде де, қоғамның Парламенттегі өкілі ре­тінде де вакцинациялауға еш қарсы­лығым жоқ. Алайда қоғам тарапынан, сайлаушылар тарапынан вакцина сапасы, оны тасымалдау, сақтау, бақылау, ақпараттан­дыру, егу кезеңдеріне қатысты сын жиі айтылады. Мен оны міндеттеуге қарсымын. Мен де баламның ауру болғанын, ауру тарат­қыш болғанын қаламаймын. Сон­дық­тан вакцина еккіземін. Бірақ «быт-шыт» вакцинаны еккізіп, көз алдымда мүге­дек қылатын жағдайға жол бергізбеймін. Қалаған адам салғызсын, қаламағанын мәж­бүрлемеу керек. Мұнда миллиардтаған ақша жатыр. Соны шығару үшін мәж­бүрлемек. ...Қанша бала мүгедек болып қалып жатыр. Қанша балаға екпенің кері әсер еткен кезі бар. Оның бәрін халыққа көрсетер болсақ, сіздер көрсеткен мәлімет пен суреттер ойнамай қалады. 500 мың­ның екеуінің ғана жағдайы нашар дейсіздер. Ол екі адамның өз өмірі бар. Сіздер­ге ештеңе емес шығар, бірақ олардың да ата-анасы бар уайымдайтын. Ертең министрді, үлкен кісілерді, туысымды ортаға салып, мені райымнан қайтаруға тырыс­паңыз­дар. Кім шықса, ол шықсын мен осы мәселені соңына жеткізбей қоймаймын.

Екпеден бас тартудың салдары

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы екпеден бас тартудың нә­ти­же­сінде әлемде жұқпалы аурулар өр­ши түскенін айтып дабыл қағып отыр. Әсі­ресе, қызылша дертінен зардап шегіп отыр­ған елдер көп. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, екпе пайда болғанға дейін жыл сайын 2,6 млн адам қызылша ауруынан қайтыс болған. Ал 2000-2017 жылдар ара­лығында екпенің көмегімен 21 млн-нан астам адам ажалдан аман қалыпты. Соңғы жыл­дары екпе салдыруға қарсылық танытушылар саны күрт көбейгендіктен, қы­зылша ауруы да қайта өршіді. Ресми де­рек­тер бұл сырқаттың Қазақстанда да көбейіп кеткенін растайды. Бүгінде еліміз әлемдегі қызылша дерті өршіп тұрған 10 ел­дің қатарына енеді екен. Бұл тізімде Ма­дагаскар, Украина, Үндістан, Пәкістан, Филиппин, Нигерия, Йемен, Бразилия және Таиланд елдері де бар. Ақ халаттылар Қазақстанның жо­ғарыда айтылған ондыққа енуіне екпеден бас тартушылар қатарының артуы себеп деп біледі. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі келтірген деректер бойынша, 2014 жылдан бері 14 823 адам екпе сал­дыру­дан бас тартыпты. Елімізде жыл сайын 5 млн-ға жуық адам екпе салдырады, оның 1,3 млн-ы – балалар. Дегенмен министрлік вакцина жасау көлемін 1,5 есеге арттыруға ниетті. Өйткені жыл басынан бері елімізде қызылша ауруынан қайтыс болғандар саны артуда. Бұл туралы қазан айында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтқан еді. «Былтырдан бастап қызылшамен ауырғандар саны артты. Бұл тек бізде ғана емес, Еуропа ел­дерінде де тіркеліп отыр. Қазақстанда аталған дерттен 15 адам қайтыс болды, көбі вакцина қабылдай алмаған кішкентай балалар», – деген болатын еліміздің бас дәрігері. Министрдің сөзінше, балаларына екпе егуден бас тартқан ата-аналар кесірінен вакцина қабылдай алмайтын өзге балалар көз жұмып отыр. Яғни, жұқпалы дертке олардың ағзасы төтеп бере алмайды. «Ең алдымен екпемен қорғалмаған балалар зардап шегеді. Олардың қатарында вакцина алуға тыйым салынған сәбилер де, ата-анасы өз еркімен бас тартқан сәбилер де бар. Ауру нақты кімге жұғатынын ешкім айта алмайды, сондықтан бүкіл әлем бұл вакцинаны қабылдап отыр. Жаппай екпе егілген кезде ғана иммундық қабат пайда болып, қауіп­сіздік орнайды»,  – деді министр. Қазақстанның бас санитарлық дәрі­гері Жандарбек Бекшин де Бір­тановтың пікірін қуаттайды. Оның айтуынша, қызылшаның өршуінің негізгі себебі – вакцинадан өтпеген адамдардың көбейгендігінде. «Қоғамдық иммунитет азайып бара жатыр. Соған байланысты ауру да көбейе түсті. Қыркүйек айында тағы 2 млн доза алып, 20-29 жас аралы­ғын­дағы азаматтарға егу жұмыстары жүргі­зілді. Наурыз айымен салыстырсақ, қыркүйек айында қызылша ауруы жеті есе төмендеді. Міне, бұл – екпенің тиімділігі­нің бір дәлелі», – деп атап өтті Жандарбек Бек­шин.

Екпеден зардап шеккендер қайтпек?

Бүгінде Қазақстанға Франция, Бельгия, Үндістан, АҚШ, Корея, Ресей елінен ДДСҰ-ның талаптарына жауап беретін вакциналар әкелінеді. Бұл вакцина­лардың қатарында жапон елінен әкеліне­тін препараттар да бар. Қыркүйек айында дәл осы елде шығарылған вакцинадан қауіпті зат табылып, жұртты сары уайымға салып еді. Оны шетелдік өндірушілердің өзі айтып, дәріні кері қайтарған болатын. Еліміз туберкулезге қарсы екпені 14 жылдан бері жапониялық BSG зертханасынан сатып алып келеді. Олар дәрінің айнал­дырған үш құтысына қақпақ сынығы түскенін жасырып қалмады. Сөйтіп вакцина жөнелткен 35 елден оны кері алдыртқан. Ал мамандар жарамсыз деп танылған екпені алып үлгергендерге «еш қауіп жоқ» деп сендірді. Бірақ баласы үшін алаңдаулы ата-аналардың кезекті рет екпеге деген сенімі азайды. Бұл вакцина құрамынан қауіпті зат табылса да, балаларға зиянын тигізе қоймады. Дегенмен елімізде екпе салдарынан есеңгіреп қалғандар жоқ емес. Мәселен, биылғы наурызда Маңғыстау облысында 10 жастағы бала қызылшаға қарсы екпенің салдарынан түсініксіз дертке шалдыққан болатын. Дәрігерлер баланың сырқатын анықтауға ұзақ уақыт жұмсап, соңында оның симптомдық эпилепсияға шалдыққанын анықтады. Ал сәуір айында Көкшетауда екпеден кейін бір жасар қыз көз жұм­ды. Бүлдіршіннің ата-анасы бұл жағдайға қызылшаға қарсы екпені айыптағанымен, сот-медициналық сараптамасы өзгеше қорытынды жасады. Сарапшылар баланың өлімі екпемен байланысты емес деген қорытынды шығарған. «Көкшетаудағы бала өліміне тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болды деген қорытынды жасалып  отыр. Бұл ауру екі жақты тінаралық сероз­ды-десквамативті өкпе қабынуының салдарынан болған» деп жазылған қоры­тындыда.  Алайда ата-ана екпеге дейін сап-сау болған баланың бұлай аяқасты қай­ғылы жағдайға ұшырауына басқа нәр­се­нің себеп болуы мүмкін еместігін алға тартады. Таяуда ғана Дәрілік заттар мен ме­ди­ци­налық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының өкілдері мәлімдеме жасады. Орталық ұсынған деректер ата-аналардың тектен-текке қорқып жүрме­генін дәлелдейтіндей. Соңғы бір жарым жылда Қазақстанда 370 мың балаға екпе салынып, оның 70-де вакцинаның жанама салдары пайда болған. Балалардың ауруы асқынғанымен, олардың арасында сал болып қалғандар немесе қайтыс болғандар жоқ. Олардың сөзінше, елімізде екпенің 20 түрі салынады және олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тексерісінен өткен. Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын вакцина сатып алуға 28 миллиард теңге жұмсайды. Мамандар нарықтағы екпеден қандай да бір жанама әсер туындаса, фармакобақылау сараптама жүргізе­тінін айтады. Бірақ жүргізілген сараптама баласын ауруға шалдықтырған ата-анаға демеу болмайтыны анық. Сондықтан министірлік бұл мәселенің ақ-қарасын анық­тамастан, заңға өзгеріс енгізуге тал­пынбағаны абзал.

Серіктес жаңалықтары