Осылайша, Ахмет Ясауи университеті – түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған тұңғыш білім-ғылым ордасы.
Екі бауырлас елдің басшыларының Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін түркі әлемінің рухани астанасы –Түркістанда құруы тарихи оқиға, саяси кемеңгерлік, аталарға тағзым деп бағалауға болады. Сан салалы бағыттарды қамтитын екіжақты әріптестік қарым-қатынас әр жылдары сенімділік негізінде дамып келеді және бұл университет екі бауырлас елдің білім-ғылым саласындағы маңызды жобаларының бірі және қазақ-түрік достығының символы.
Міне, содан бері Елбасымыз университетке үлкен қолдау көрсетіп, әрдайым келген сапарында өзі ашқан оқу ордасына соғып кетеді және басқа елдердің басшыларын да арнайы ертіп келіп, назарында ұстап жүр.
Бүгінде университетте инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда және студенттік жатақханалар, оқу корпустары, медициналық клиника, кітапхана, мәдениет сарайы, студенттік асханалары және т.б. қажетті жабдықтары қамтамасыз етілген заманауи университеттік кампус қалыптастырылды. Университеттің дамуы әрдайым Үкіметіміздің назарында болып, Түркия тарапынан да белсенді қолдау көрсетілуде. Қазіргі кезде оқу ордамызда 10 мыңнан астам білім алушы бар. Атап айтқанда, 19 елдің 40-тан астам ұлт өкілдері (басым бөлігі түркі әлемінен келгендер) бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша 11 факультетте білім алып жүр. Университетте бір мыңнан астам оқытушы-профессор құрамы жұмыс істесе, олардың 5 пайызы Түркиядан келген оқытушылар. Оқытушылардың 45 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Сонымен қатар 6 ғылыми-зерттеу институты, 4 аккредиттелген ғылыми-зерттеу зертханасы және 4 ғылыми журналы бар. Университет түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келіп, білім алатын жастар үшін алтын шаңыраққа айналды.
Түркия үкіметі университетіміз үшін жыл сайын білім берудің барлық деңгейі бойынша (бакалавр, магистр, докторантура, резидентура) қазақстандық азаматтарға оқу квотасын, ал Қазақстан түркі дүниесі жастарына білім гранттарын бөліп келеді.
Өткен жылдан бастап университет барлық бағыттар бойынша іс-шараларды толық көлемде модернизациялауды бастады. Университетті 2023 жылға дейін дамытудың жаңа стратегиясы жасалып, ХҚТУ-дың Үкіметаралық өкілетті кеңесі тарапынан қабылданды. Соның аясында 2018–2019 оқу жылында барлық процестерді жан-жақты қайта құру жүзеге асырылды.
Мысалы, білім сапасын арттыруды қарқынды жүзеге асыру мақсатында жетекші түрік, еуропалық және америкалық оқу орындарының оқу бағдарламалары негізінде білім беру бағдарламалары студенттердің құзыреттіліктерін тәжірибемен ұштастыру және дамытуға бағыттау арқылы толықтай қайта жасалды. Білім беру бағдарламаларына Fintech, Big Data, Artificial Intelligence (жасанды интеллект), Blockchain, Cybersecurity (киберқауіпсіздік), Data mining (деректерді терең талдау) секілді жаңа элементтер енгізіле отырып, IT және экономикалық мамандықтар бойынша толық, ал басқа мамандықтар шамамен 30%-ға жаңартылады. Сонымен қатар робототехника, компьютерлік модельдеу және деректерді визуализациялау атты түбегейлі жаңа әрі инновациялық бағдарламалар жасалды. Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі құрылды.
ХҚТУ-дің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – төрт тілде (қазақ, түрік, ағылшын және орыс) білім беруі. Білім алушыларымыздың тілдік құзіреттерін арттыру мақсатында ағымдағы оқу жылынан бастап Тіл үйрету орталығы құрылды.
Университеттерді модернизациялауда халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда алдыңғы қатарлы университеттер құру міндеті түркі әлемінің барлық елдерінің күн тәртібінде тұр. Бұл тақырып осы жылдың 23-24 сәуірінде Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен Түркі кеңесі Түркі университеттері одағының IV Бас ассамблеясында талқыланды. Форумға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, сонымен қатар Венгрия мен Өзбекстанның 23 жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Талқылау нәтижесінде барлық қатысушылар университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, академиялық алмасу, мәселелерді бірлесіп талқылау туралы бастамамызды мақұлдады. Сонымен қатар түркі әлемі университеттерін халықаралық рейтингте бірлесіп алға жылжыту үшін ортақ ғылыми және білім беру кеңістігін құруды да қолдады.
Осы орайда, университеттердің серпілісті дамуы үшін мына мәселелерді атап өткім келеді.
Университетті әлемдік деңгейге жеткізудің негізгі бағыттарының бірі ғылым мен инновацияны дамыту болу керек. Жетекші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, инновациялық инфрақұрылымның толық циклын құру қазіргі ғылым мен инновацияның дамуына айтарлықтай әсер етеді. Бұл 3.0 университетін құрудың басты көрсеткіші. Осыған орай, 2018 жылдың маусымында біз инновациялық инфрақұрылымның негізгі элементтерінің бірі– Технологияларды коммерцияландыру (трансферті) офисін аштық. Бұл құрылымның қызметі оқытушылар мен студенттердің ғылыми белсенділігін арттыруға қуатты серпін берді. Университетіміз ғылыми жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша конкурста төрт үлкен грантты жеңіп алды, сонымен қатар Дүниежүзілік банктің 130 оқытушыға ағылшын тілін оқыту грантын иеленді. Сондай-ақ ағымдағы жылы 30-ға жуық ғылыми жоба Түркия Республикасының қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады.
Өткен жылдан бері ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі едәуір артты, халықаралық Scopus базасында жарияланған мақалалар саны бір жыл ішінде 30 пайызға артып, 600 мақалаға жетті. Университетте Scopus базасына тіркелген Bilig ғылыми журналы жарық көреді. Жалпы, бір жыл ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың университет бюджетіндегі үлесі 2 пайыздан 8 пайызға дейін артты.
Ғылымның және инновациялық инфрақұрылымның толық циклі дамуының келесі кезеңі – ғылыми технопарк құру. Бұл тұрғыда Түркияның жетекші университеттеріне қарасты технопарктердің сәтті тәжірибесін атап өту қажет. Университетте түркиялық тәжірибеге негізделе отырып технопарк құру жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір айта кететін маңызды жайт, ағымдағы жылдың шілде айында Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Білім және ғылым министрлігі жұмыс тобын құрды, оның құрамына БҒМ, Сыртқы істер министрлігінен, Назарбаев университетінен, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дан, Түркістан облысы әкімдігінен мамандар және тәуелсіз сарапшылар кірді. Бүгінгі таңда университет стратегиясы осы жұмыс тобы тарапынан жаңа бағыттармен толықтырылып, жаңартылды. Бұл стратегия келешекке бағдардың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін корпоративтік басқаруды модернизациялаудың жаңа бағыттарын анықтайды. Оқу үдерісін дамытуда әлемнің жетекші университеттерімен білім беруде франчайзинг моделін қолдану қарастырылып отыр. Шетелдік тәжірибеде франчайзинг бағдарламалары жоғары оқу орындарын жедел дамыту тетіктерінің бірі ретінде қолданылатындығы нақтыланған. Сонымен қатар стратегияда инновациялық экожүйені дамыту, университетті түркология, археология, теология, ясауитану және рухани түркі құндылықтарын зерттеу саласындағы зерттеу Хабына айналдыру секілді маңызды қадамдар қаралған. Жалпы, жаңа стратегияны жүзеге асыру аймақтағы және түркі әлеміндегі университеттік көшбасшылыққа қол жеткізуге бағытталған.
Болатбек АБДРАСИЛОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры