329
Алматыда «Almaty Invest» халықаралық форумы өтеді
Алматыда «Almaty Invest» халықаралық форумы өтеді
Ертең, 27 қарашада Алматыда «Almaty Invest» халықаралық инвестициялық форумы өтеді. Осымен жетінші рет өтетін айтулы шараға әлемнің 20 шақты елінен 500-ден астам делегат қатысады деп күтілуде, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.
Форумда отандық кәсіпкерлер өзге елдің қалталы азаматтарына тиімді шарттар ұсынып, инвестиция тартуға шақырады. Жалпы форумның да басты мақсаты – шаһардың инвестициялық тартымдылығын арттыру. Себебі Қазақстанда жаңа кәсіп бастауға қолайлы жағдай жасалған. Оған Doing бизнес көрсеткішіндегі нәтиже айқын дәлел. Сондай-ақ, биыл алғаш рет инновациялық даму мәселесі дөңгелек үстел форматында талқыланады. Айта кетейік, халықаралық форум бірнеше саланы қамтығандықтан, пікірталас жеті панельдік сессияға бөлінген.
«Форумның мақсаты – бизнесті дамытуды ынталандыру, Алматыға шетелдік инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Алматы шетелден келген инвесторлар үшін ең тартымды өңірлердің бірі және солай болып қала береді. Almaty Invest Forum-бұл Алматы кәсіпкерлері мен әлеуетті инвесторлар диалог орнатуға, қызықтыратын сұрақтар мен қойылған міндеттерді шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік беретін алаң», - деді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Almaty Invest құрылымдық бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Артур ӘБУБӘКІРОВ.
Сондай-ақ, форум бағдарламасы аясында коммерциялық келісімдерге қол қою рәсімі жоспарланып отыр. Мәселен, былтыр шара аясында құны 1 миллиард доллар болатын 40 меморандумға қол қойылыпты. Оның ішінде 12 жоба табысты жұмыс істеп келеді. Биыл өтетін шараға әлемдік деңгейдегі компания басшылары, беделді саясаткерлер, белгілі экономистер мен қаржыгерлер, әлемдік стартап-жобалардың негізін қалаушылар қатысады. Және олар форум сессияларында сөз сөйлеп, өзара тәжірибе алмасады.
«Форумдағы пленарлық сессиялардағы маңызды спикерлер қатарында Түркияның бұрынғы вице-премьері Мехмет Шимшек бар. 2013 жылы Foreign Policy (Форэн Полици) журналы әлемдегі 500 беделді тұлғалардың бірі ретінде таныған Лорд Лили бар. Ол Ұлыбританиядағы лорд палатасының мүшесі, бұрын әлеуметтік қамту министрі қызметін де атқарған. Сондай-ақ, Катардың Сауда-Өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мохаммед Бин Тауар Аль-Кавари арнайы келеді. Және де біздің отандық компаниялардың топ-менеджерлері қатысады», - дейді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Almaty Invest құрылымдық бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Артур ӘБУБӘКІРОВ.
Айта кетейік, форум ертең сағат 10:00 де Ритц Карлтон қонақүйінде басталады.