Қайта оралған Құнанбай

Қайта оралған Құнанбай

Қайта оралған Құнанбай
ашық дереккөзі
2188
Қазақ кинокөрермендері шынайы кейіптелген, жан-дүниесі шарық ұрған Құнанбаймен қауышты. Өз заманының «шынжыр балақ, шұбар төс» шонжары, қатал да қаһарлы Құнанбай – режиссер, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов басты рөлді өзі сомдап түсірген «Құнанбай» фильмінде ізгілік пен туралықтың тұтқасы, ел қорғаны ретінде кесек тұлғасымен қазаққа қайтып оралды. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Кеңес өкіметі кезінде жазылып, әлемді дүр сілкіндірген жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы оқырманға таныс тұлға. Алайда әдебиетші қауым М.Әуезов суреттеген Құнанбай бейнесіне кеңестік зор идеологияның қасаң көзқарасымен, қатал өкіммен, кедейді қанаған, феодалдық қоғамның үстем өкілі ретінде қарамауды Тәуелсіздік қолға тие салысымен ашық айтып, күресіп келе жатыр. Режиссер Досхан Жолжақсыновтың да бар мақсаты – Құнанбайды құндақталған образынан, мәжбүрлі түрде қазақтың санасына сіңірген бұра-тартпа ойлардан арашалап алу екені кинодан айқын көрінеді. Бұдан бөлек, «Құнанбайда» қазақтың салт-дәстүрі, ат жалында ойнаған қазақ, киіз турлықты үйін тігіп, ен жайлауда алаңысыз ғұмыр кешкен, биязы, момын халықтың түр келбеті айқындалады, зерлі сөз бен зерделі тұжырымдар тоғысқан. Көркем фильм «Абай жолы» эпопеясында жазушы Мұхтар Әуезов аттап өткен құпияны, Құнанбай ақиқатын ашуды көздеген. «Мұхтар Әуезов романында Абай мен Құнанбай туралы, жалпы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірі туралы жазған бірден бір ұлы суреткеріміз ғой. Сондықтан, көп адамдар бұл тақырыпқа барудан қорқады. Көрермен тарапынан да Әуезовтен асырып қалай суреттейді екен деген сауалдар туындауы мүмкін. Бірақ, Құнанбай ұлы тұлға. Әуезов те бірбеткей, батыл, өжет Құнабайды суреттей отырып осыны көрсетіп кетті. Романда Абай мен Құнанбай қарама-қайшы кейіпкер ретінде суреттеледі. Бірақ, бұл сол тұстағы орыс әдебиетінде де бар дүние. Меніңше бұны ұрпақтар арасындағы диалог дегеніміз жөн. Режиссер Құнанбайдың өміріндегі бірнеше сәтті көрсету арқылы, біріншіден, Құнананбай бейнесін сомдау, екін­шіден, Құнанбайдың характерін ашу, жалпы ХІХ ғасырдағы қазақтың мінезін таныту мәселесін алдына қойды деп ойлаймын», – дейді абайтанушы Арап Еспенбетов. Расында да, Құнанбай қиянына батыл барған қазақ зиялыларының қатары сирек. Мәселен, белгілі деректі прозашы, дінтанушы Бейбіт Сапарәлі Құнанбайдың іс-әрекетін діни тұрғыдан сарапқа салса, көсемсөзші Ырысқан Мұсаұлы өмірін зерттеп, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай Әуезов шығармасы арқыл, абайтану шеңберінен Құнанбай өресін, даналығын зерделеді. Ал, Құнанбайдың сан қырын ашуға, шын бейнесін көрсетуге кинодраматург ретінде бетпе-бет барған марқұм Таласбек Әсемқұлов еді. Міне, бүгінгі қазақ көрерменін сүйіндірген Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» көркем фильмі осы сценарий негізінде түсірілген. Әрбір кейіпкер сөзі, монологтары ширақ, тұщымды, салиқалы сөйлемдердің артық не кемі жоқ құрылымы – «Құнанбай» заманындағы сөз құдыретіне шөліңді басып, жаныңды идіреді. Құнанбай дәуірі қазақтың тағ­дыры талауға түскен, ел шонжарлары енжар болған қайшылықты уақытқа тура келді. Фильмдегі Құнанбай тұлғасы да осындай шиеленісті оқиғалардың біріне төрелік айтуынан басталады. Бұл – Қодар мен Қамқа трагедиясы. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов өз шығармасында ата мен келін арасындағы қатынасты: «Өзінің әкелік жүрегі өзіне мәлім. Балалық жақындығы Қамқаның да өзіне мәлім, берік. Сол қайғы үстінде күндегі бір-біріне мұң айту, күрсіне отырып зарларын шағыну, екеуін әбден келін мен ата хәлінен көтеріп, ортақ қайғыдағы ене менен келіндей немесе әке мен баладай жақындатқан. Адам мен адам болып табысқанды», – деп жазады. Бұл трагедия – Құнанбайды даттаудың кілті ғана еді... Алайда, Абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Авторлық тексте бірде бір рет, Қамқа мен Қодар бұл қылмысқа барып еді деген сөз жоқ. Бөжейдің, Жексеннің, Қаратайдың, Жұмабайдың атынан осылай болыпты-мыс деп келді», –дейді Әуезов шығармасы жайлы бір сұхбатында. Фильмде де аға сұлтан Құнанбай Қодар мен Қамқаның қылмысына дала заңы, ата жолы, шариғат өкімі негізінде тиянақты талдау жасап, билердің төрелігіне жүгініп шешім қабылдайды. Бұл күнә «айтқан адамның аузы былғанатын қылмыс... Адамзаттың, инсаняттың атына кір келген. Шариғатта бұндай адамдарды нар басып өлтіреді» (Ахмет Риза Хазірет). Бұл дауды режиссер Құнанбай образын ашуға, аға сұлтанның ішкі жан дүниесіне үңілуге сәтті қолданған. Қодар мен Қамқаның тағдырын таразыға салғанда Құнанбай: «Ағайын жер дауы, жесір дауы немесе азаматы өлген болса, құн төлеп те түсуге болады. Бірақ мынау, бүгінгі іс, Алты Алаштың малын салса да құны төленбейтін іс. Адамзат басқа тірі жәндіктің бәрінен биік. Себебі адам даладағы тағы айуан сияқты жақынына щаппайды. Өзінің төлімен шағылыспайды. Адам осынысымен адам», – деді. Ал қабағы қату Құнанбайдың шешесі Зеремен (рөлде Нұрсифат Салықова) арасында болған диалогі оның өресін, жан күйзелісін көрерменің жүрегіне бойлата ұғындырады. «Бұл елді қалай билемек керек? Аталарымның бәрі би болған. Міне өзімде тізгін ұстап отырмын. Бірақ, осы қазақтың жұмбағын шеше алатын емеспін. Сәждеге басын имеген асау ел. Кек алмаған жауы, бітірмеген дауы қалмаған қазақ еді. Енді міне, алапаты қашқан, базары тарқаған. Буыннан алған дерт ақыр соңында қолқа-жүрекке қиянат болып жетті. Бос ұстасаң қамыстың сабағындай қолыңды кеседі. Бетімен кетеді. Күшке салсаң, басыңды жұтып тынасың. Не жөн сөзге, не тізеге көнбейтін бұл елге енді Тәңірдің тезі керек сияқты», – деді Құнанбай. Зерделі Зере анамыз: «Мен қайдан білемін, қалқам? Бұл қазақ – тізгін ұстағанға қарап салтын түзейтін ел. Жүріс-тұрысыңнан халқың мін таппайтын болсын. Әділетіңді көріп, дұшпаныңның өзі сыртыңнан қайран қалып, сүйініп тұрсын. Осындай үлгі болсаң, сөзің де өтімді болады. Менің бар білетінім осы. Біреудің нақақ қанын арқалама, қарағым!», – деп тіл қатады. Бұл фильмнен біздің жадымызға сіңген қаһарлы, айбатты, батыр Құнанбайдың шалт қимылдап, сойыл сілтеп, батыр жұмсап ел бұлап, бас жарып, көз шығарған оқыс оқиғаларын көрмейсіз. Фильмдегі барлық эпизодта өз рөлдерін жан-жүрегімен игерген актер ойынын, кейіпкер характерлерін анық ашатын диалогтарды ғана көре аласыз. Кино баяу қалыпта, ауыр ойда, салмақты сөз сіңімді тұжырымдарды бірінен кейін бірін санаңызға сіңіріп сценарий желісімен жүріп отырады. Құнанбай екі бейбаққа тілекші еді. Бұны Қодар мен Қамқа өлімінен кейін: «О, Құнанбай! Бәрінде өлім жуып кетті ғой. Енді тым болмаса, мәйіт алуға рұқсат ет. Мұсылманша арулап қояйық», – деп өтінген Қодардың жақыны Байсалға қарата: «Рұқсат, әр ру бір тоғыздан мал атасын. Марқұмның кәдесін атқарып жіберіңдер», – дейтін, Байсалдың: «Марқұм деген аузыңнан шыққан бір ауыз сөзің үшін, рахмет саған. Екі бейшараны ішіңмен емес, сыртыңмен жазалапсың. Енді саған сенемін Құнанбай. Ризамын саған» деген диалог-монологтардан анық байқап, кейіпкеріңізге ішіңізді беріп қоясыз. Құнанбайдан қалды дейтін «Мықты болсаң бопсаға шыдап көр» деген тәмсіл жұрт аузында әлі күнге дейін айтылып келеді. Фильмде де би-шонжардың таласы, кек қуысқан елдің дауына төрлік айтатын аға сұлтан Құнанбай талай бопсаға, түйіні тарқамас дауға түседі. Жекпе-жек бір ұрыста азамттары өлген ру қарсы тараптан қанға-қан алмақ инетімен сұлтаннан төрелік сұрайды. Кек алысып, қан төккенді жөн санамайтын Құнанбайға, өзімен үзеңгілес, адуын Барақ сұлтан (рөлде Айдос Бектемір): «Әй, тілі айыр біткен Құнанбай. Сен осы бұра тартып, езулей шаба­ты­ның не? Ежелгі жосық тұрғанда, бүй­ректен сирақ шығарма. Кектің ар­тында аруақ тұр. Ердің құны жүз жыл­қымен өтелсе өтелер, бірақ, ар мен ұжданның құны кекпен ғана өтеледі, – дейді дес бермей. Құнанбай: – Ата жолы кісі өлтіру болса, осы уақытқа дейін қан төгісіп кек алысып келдіңдер. Сонда қандай мұратқа жеттіңдер, айтшы қане? Барақ сұлтан: – Саған салса кісі өлтіріп, қан төгіп құтылып кете берген жөн екен ғой. Олай болса малы көптің төгетін қаны да көп болғаны ғой. Құнанбай: – Биеке, мәміленің, бітімнің орайы келіп тұрғанда атаң қазақ қашан қанның жолымен жүріп еді? Қақпасы ашық қамалдың қабырғасын сүзген қай ақымақ? Әлде төгілетін қан өзіңдікі емес, өзгенікі болғаннан кейін батырмысың? Барақ сұлтан: – Ей, Құнанбай! Сен аталарыңның жолын аттап отырсың. Жүйені қисынға жығып беріп отырсың. Егер осы жерде қанның есесін малмен қайтарсаң, құныкерді тағыда босатып жіберетін болсаң, мен сенімен тағыда бір тар жерде кездесем. Сонда ердің құнын басқадан емес, сенен сұраймын. Сөз бітті. Құнанбай: – Кейінге қалдырып қайтеміз? Осыдан өткен тар жер бар ма? Барақ сұлтан: – Болды Құнанбай, олай болса кең жерге шығайық! Дайынбысың! Елдің бәрін бопсалап, дәніккен екенсің. Кісіңе жолықпай жүр екенсің, Құнанбай! Шық!» – дейді кектеніп. Бірақ, дауды құн төлеумен шешуге көндірген Құнанбай бақ­та­ластарының құрығынан құтыл­мады. Омбыға қарша бораған қа­лың арыздан кейін Құнанбай сұлтандық дәрежесінен айырылып, «асыл сүйегі түрмеде шіріп» қала жаздайды. Кісілік сипаты биік, әділ шешімдеріне, адал төрелігіне сүйініп отырған, тұлғасы айшықтала бастаған кейіпкеріңізді ендігі жерде режиссер, қолына бұғау, аяғына кісен салып тар қапас абақтыда жолықтырады. Құнанбайды қамау, тергеу қазақтың мойынына қамыт салу емес пе? Түрмедегі тергеушімен Құнабай арасындағы диалогтарынан – ХІХ ғасырдағы қазақтың тағдырын жаныңыз сыздап есіңізге аласыз. Арызқой бақталастары Құнайбайды Кенесары ханға жақтас деп көрсетсе керек. «Кенесарының жеке басында тұрған ештеме жоқ. Бұның түйіні арыда жатыр. Бұл күні кеше болған қырғын қазақтың жүрегіне сарысу болып байланған дерт. Әр сөздің түйіні болады. Бүгінгі айтқаныңнан ертең таңатын болсаң, ондай сөзде не мән бар. Кешегі қатын Патшаның кезінде, бұл жұрттың Абылаймен жасасқан бітімі, келісім шарты болған. Міне, бүгін сол шарттың барлығы адыра қалды. Өкімет қазақтың жерін тартып ала бастады. Осылайша жер тарылды, қоныс кесілді. Жері, жайылымы аздың малы аз. Ал мал азайса халық кіріптар болады. Ашығып, ашаршылыққа ұшырайды. Ата-қонысынан айырылған ел, осылайша Кенесарыны ақ киізге көтеріп хан сайлап, тегіс атқа қонды. Сендер бұлғақ деп атайтын зұлмат осылай басталған болатын. Сол себепті мен, Құдайменденің ұлы Қоңырқұлжа бастаған төрелер жер қайысқан қол жинап, Кенесарыға қарсы аттанғанда атымның басын кері бұрдым. Дін қарындасым Кенасарымен, өзімнің туған еліммен соғыса алмадым. Себебі мен әуелі, Алланың құлымын, содан кейін ғана барып Ақ патшаның қызметшісімін. Тағдырын сеніп тапсырған бодан елді бұлай, басынуға болмайды! Бәріне өкіметің өзі кінәлі. Басымды қазір алсаңда айтарым осы», – деп жауап береді тергеушіге. Кісенмен қол-аяғы бұғауланған, тағдыры қыл үстінде тұрған Құнанбайдан бұндай жаупты тілмаш та, көрерменде күтпейді. Тілмаштың араша болғысы келген ілтипатына Құнанбай: «Әй, тілмаш! Менің айтқанымның бәрін жеткіз. Бір сөзімді жұмсартушы болма. Маған жаның ашымай-ақ қойсын. Көп болса бір қазаққа ит жеккеннен топырақ бұйырар. Кешегі Абылай өлгенде де қазақтың шаңырағы ортасына түскен жоқ», – дейді. Өжет, батыр Құнанбайды орыс ұлықтары аясын ба? Ит жеккенге айдап ала жөнеледі. Кино осымен аяқталатын шығар деген ой қамайды. Құнанбайдың құнын кім төлеп, абақтыдан кім босатып алар деген тұйық ой үстінде, атшанада шынтақтап жатқан, Сібірдің қырауы сақал-мұртын щалған Құнанбайдың үмітсіз жанарымен жан-дүниесіне бойлап кете барасың. Бірақ, режиссер Құнанбайды қорлыққа байлап жібермейді. Құнанбайды «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» мәрт мінезді Барақ сұлтан бар малын кепілдікке беріп Құнанбайды айдаудан алып қалады. Екі алыптың қайта қауышуы, елдік мұрат үшін ағайын алауыздығының түкке тұр­май­­тын іс екенін көрерменге режиссер дәл осы жерден әсерлі түр­де ұқтырады. Жалпы фильм ХІХ ғасырдағы қа­зақ мәдениетін, әсіресе сөз мәйегін сар­қымай жеткізген туынды ретінде кө­рер­меннің көңілінен шықты. Көркем фильм болған соң біткен іс­ке сыншылар табылып жатыр... Біз көрермен ретінде өз ойымызды Зере анамыздың «Әділетіңді көріп, дұшпаныңның өзі сыртыңнан қайран қалып, сүйініп тұрсын. Осындай үлгі болсаң, сөзің де өтімді болады. Менің бар білетінім осы» деген ақылият диалогымен түйнідегіміз келеді.  

Жәнібек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары