Туған тілдің білгірі

Туған тілдің білгірі

Туған тілдің білгірі
ашық дереккөзі
Қай заманда да әйел – отбасын ұрпағымен көркейтіп отыратын жан жылуының ошағы, елдік дәстүрдің мәйегі, ынтымақ пен бірліктің, береке мен ырыстың ұйытқысы. Қазіргі таңда да елімізде тұрақтылық пен тұтастықты ұстап, рухани сананы жаңғыртып тәрбиелейтін отбасындағы да, қоғамдағы да сенімді тұғырдың бірі –  әйел тұлғасы. Осы ойдың қазығы «Рухани жаңғыру» бағдарына сай анықталатын дәстүр жалғастығы мен жаңғыру үрдісінің тарихи-мәдени негіздеріне байланса, бұл дәстүрдің қазіргі замандағы құндылығы – оның қазіргі Қазақстан қоғамында жалғастық табуы. Атап айтқанда, қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтерде, ғылым, білім, мәдениет, т.б. салаларда тұлғалық орындарын алған, үлгілі отанасы ретінде танылған, заманауи, зиялы қазақ әйелдері асыл аналарымыздың бойындағы қазақ әйелдеріне тән болмысын сақтап қана қоймай, жаңа заманның үрдісіне және қоғамдық-әлеуметтік ортасы мен рухани-мәдени, интеллектуалдық деңгейіне сай толысып, қалыптасқан шоғыр ретінде айқындалды. Осы ойымды қоғамның басқа сан түрлі салаларына қатысты емес, өзіме жақын тілді зерттеу мен оны оқыту жүйесіндегі белгілі тұлғалардың болмысы арқылы дәйектегім келеді. Міне, кеше ғана «Ұлы дала тұлғалары» жобасының аясында 95 жылдық торқалы тойы өткен тіл білімінің абыз-анасы, академик Рабиға Сыздық – қазақ сөзінің құдіреті арқылы төл болмысымыз бен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттың тарихы, мәдениеті, таным-тәжірибесі қалай айшықталып жеткенін терең зерделеп, соған сай қалыптасқан ұлттың «ауызша дамыған әдеби тілінің» кестесін танытқан ұлттық тілдік тұлға. Шын мәнінде, сөз құдіреті арқылы қазақтың құдіретін танытқан академик Р.Сыздықтың ғылыми қазынасының тілтанымдық кеңістіктен асып, елтанымдық, рухани-әлеуметтік мазмұнмен үндескен қажырлы еңбегін «мың өліп, мың тірілген» қазақ тарихындағы батыр аналарымыздың ерен ерлігімен барабар деп айтуға болар. Бір қуаныштысы, осындай аға буынның феномендік тұлғасы, өмірлік өнегесі мен ғалымдық ізденіс өрісі, ұстаздық ұлағаты өздерінен кейінгі бүгінгі ұрпақтың шығармашылық болмысы мен ғалымдық мұратында жалғастық табуда. Және ең бастысы абыз-анамыздың ізін басып, «ана тілі» деп аталған асылымызды жан-жақты зерттеп жүрген қазақ қыздарының қарасының көптігі. Бірақ қатарымыздан оза шығып, бір бойында ұстаз – ғалым – қайраткер – ана – әже, т.б. қасиеттерін тұтастырған жан – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы I дәрежелі сыйлықтың лауреаты, БҒМ-ның «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, педагогика ғылымдары Халықаралық академиясының академигі, Қазақстан Президенттігіне үміткерлерден мемлекеттік тілде емтихан алушы «лингвистикалық комиссиясының» хатшысы (1999, 2005, 2011, 2015 ж.ж.) Фаузия Оразбаева. Ұлы дала елінің ертеңгі ұрпағына тіл арқылы ұлттық құндылықтарды игертіп, оқытуға бағытталған профессор Ф.Оразбаеваның өмірі мен ғылыми-педагогикалық қызметі де «Ұлы дала тұлғалары» аясында қарастыруға әбден лайық. Ғалым еңбектерінде ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен және жаңа дәуірдің ізгі мұраттарымен үндескен осы жоба идеясының тұғыры қаланып, жас ұрпаққа дұрыс білім беру, оқыту жүйесінде дәстүр мен жаңашылдықты заманауи талаптардың өзара бірлігі мен тұтастығы белгіленген. Осымен байланысты қазақ руханиятында өзіндік орны бар ғалым-тұлға академик Р.Сыздықтың «ғаламындағы» тектілік пен қайраткерлік мінезінің профессор Ф.Оразбаеваның ғылыми-шығармашылық қызметіндегі үндестік туралы тағы бір талантты ғалым қызымыз профессор Т.Ермекованың: «Қазақ тіл ғылымында өзіндік орны бар, өз бойындағы білімі мен қажыр-қайратын ұстаздық, ғалымдық жолға арнап, тілді құрметтеу арқылы ұлтты құрметтеудің ғажайып үлгісін көрсету нәтижесінде қайраткерлік дәрежеге жеткен қазақтың ғалым қыздары Рабиға Сыздық пен Фаузия Оразбаеваның есімдері айрықша аталары хақ» деген тұжырымынан асырып айту қиын. Екі тұлғаның үндестігін профессор Т.Ермекова «жарасымды жалғастық» деп анықтап, тілді құрылымдық жүйеде зерттеуді оны үйрету ісімен сабақтастыратын, күнделікті тәжірибедегі қолданыстық сипатын да танытуды мақсат ететін еңбегінің негізінде профессор Ф.Оразбаеваны синкретті тұлға деп атайды. Осы тұрғыдан қарасақ, ғалым зерттеулерінің тұтас тінін тіл иесінің болмысымен тығыз байланыста қарайтын антропоөзектік қағида құрайды. Өз сөзімен дәйектесек: «Сөйлеу арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, оның жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алысуы, адамдық қатынасының түп қазығы». Осы қағиданың негізінде қазақ тіл біліміндегі коммуникативтік теорияның ғылыми-әдіснамалық негіздерін және қатысымдық бірліктің тілтанымдық, елтанымдық, мәдениеттанымдық аспектілерін антропоөзектік парадигмада анықтау профессор Ф.Оразбаеваның іргелі еңбектерінің негізінде қалыптасуда. Оны Ф.Оразбаеваның әр жылдарда жазылған ғылыми зерттеулері мен тіл, діл, ел, ұлт, қоғам мәселелеріне қатысты мақаласының мазмұны мен тақырыптарынан да айқын көруге болады: «Тіл – рухани құндылық», «Жаһандану және қазақ тілі», «Ұлтты сүю – ұлылық тағылымы», «Сөз – ұлттың мәңгілік тұмары», т.б. Олай болса, тіл – адамның танымдық қызметінің нәтижесі ретінде күрделі жүйелі құрылымдық туынды. Сондықтан тіл арқылы адамның мынадай негізгі қызметтері іске асатыны белгілі: өзгертуші, жаңғыртушы, танымдық және коммуникативтік. Ал осы қызметтерді жүзеге асырушы сөз (речь) – тілдің қоғамдағы өмір сүруі мен қызмет етуінің тәсілі. Басқаша айтқанда, ол – тілді адамның (тұлғаның) өз әрекетіне сай саналы түрде қарым-қатынас құралы ретінде қолдануы. Яғни, адамның коммуникативтік-прагматикалық қызметіндегі сөз дегеніміз нақты жағдаятқа байланысты вербалды және бейвербалды құралдарды пайдаланып, мақсатты түрде айтылған сөз. Осымен байланысты коммуникативтік-прагматикалық лингвистика адамдардың арасында ақпарат беру және алмасу кезіндегі тілдік бірліктің қарым-қатынасы мен ережелерін ескереді. Олар: коммуниканттардың интенциясы мен сипаты, олардың бір-біріне деген қатынасының түрлері мен мазмұны. Бұл мәселе нақты коммуникативтік жағдаятта (мысалы, педагогтік, т.б.) дискурс және мәтін арқылы жүзеге асады. Дискурста адресант, сөз актісінің нәтижесі ретінде мәтін және оны қабылдаушы (адресат) коммуникативтік тұтастықта қаралады. Сондықтан ғалым-ұстаз, мемлекеттік тілді насихаттаушы қайраткер ретіндегі сөзінің коммуникативтік сапасын айқындауда ұстаз-әдіскер Ф.Оразбаеваның бойындағы ізгілікке толы жан дүниесін сыртқа шығаратын, тағылымдық қызметін атқарып, ерекше көрінетін шешендік қабілетін атап өткен жөн. Коммуникативтік үдеріс барысында адресанттың (ұстаздың, лектордың) діттеген мақсатына жету үшін оқушы санасындағы тілдік кодты аша алатындай тілдік білімін ескеріп, қызығушылығын оятатын көркем де тиімді сөз жүйесін қолдану үрдісі Ф.Оразбаеваның сабақтары мен дәрістерінде қолданыс табатын дағдылы қағида. Зерттеуші бойындағы көркем ойлау жүйесі мен сұлу сөз өрнегін танудың бастауының «Оғызнама» жырын зерттеген дипломдық жұмысынан басталып, сұлулық сыры тұнған сын есімдер синонимиясын зерттеуге арналған кандидаттық диссертациясында ұштала түскенін білеміз. Ғылыми-шығармашылық жұмысының негізгі нысаны ретінде қатысым болмысының тамыры, біздің ойымызша, зерттеушінің өз бойында ерекше орын тапқан. Біз білетін Фаузия айналасындағы адамдарға (мейлі, ол отбасы ма, шәкірті ме, дос-жараны ма, туысы ма, әріптесі ме, т.б.) бейжай қарай алмайды. Табиғи жаратылысына сай айналасына кісілік те, кішілік те мінез танытып, қандай күрделі жағдаяттарда да тіл табысып, сол сәттегі қажет сөзді айта алады. Сондықтан ғалым-ұстаз Ф.Оразбаеваның адами тұлғасын сипаттайтын жан әлемінің сұлулығы мен дарқандығы ғалымдық тұлғасының кең өрісімен жалғасуы – заңды құбылыс. Сол сияқты қазіргі жаһандану заманында кез келген қызметкер әйелдің болмысынан жоғалып бара жатқан адал жар, мейірімді ана, абзал әже, сенімді дос сияқты ізгі қасиеттердің табылуы да заңдылық. Қорыта айтқанда, Ұлы даламыздың рухын сақтап, жаңа ұрпақтың санасын тіл арқылы жаңғыртып тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды игеретін тәрбие беру – қазіргі тәуелсіз Қазақстанның рухани кеңістігінде маңызды мәселе. Оны жүзеге асыруға байланысты оқыту үдерісін жетілдірудің маңызды тетігі – жаһандану заманындағы қоғамның талабына және оқушының санасына сай ғылыми-әдіснамалық кешенді қалыптастыруда. Олай болса, осындай ауқымды мемлекеттік және ұлттық мәселелерді шешуде қазіргі заманның қазақ әйелі тұлғасына лайық профессор Ф.Оразбаеваның ел үшін, жас ұрпақ тәрбиесі үшін атқарып жүрген ғалымдық, ұстаздық, қайраткерлік қажырлы еңбегі – ерлік!

Жамал МАНКЕЕВА,

филология ғылымының докторы, профессор