Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: Билік пен зиялы қауымның  бір-біріне иілетін уақыты жетті

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: Билік пен зиялы қауымның  бір-біріне иілетін уақыты жетті

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ:  Билік пен зиялы қауымның  бір-біріне иілетін уақыты жетті
ашық дереккөзі
Осы аптада Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы қоныс тойын тойламақ. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы  бастаған ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы ақынмен әңгімелескен едік. – Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры болып тағайындалғаныңызға 1 жыл толды. Осы уақыт аралығында бас қаладағы Жазушылар одағы филиалының атқарған жұмыстарын бір тарқатып айтып берсеңіз. – Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде әдебиет пен руханияттың орталығына айналды. Ақорда тігілгеннен кейінгі кезеңде бас қаламызға арман қуып келген жандардың қатары көбейді. Жалындаған жастар, ақындар, прозаиктер, мықтымын деген журналистердің барлығы елордаға шоғырланды. Біз бір мемлекеттің астанасы ретінде қазір ешкімнен ұялмайтындай дәрежеге жеттік. Мәдениеттің де, руханияттың да ошағы маздап тұрғанын барша әлемге көрсете аламыз. Мемлекеттің жүрегінде болып жатқан өмірдің барлық тыныс-тіршілігі, руханияттың бар саласына қатысты шаралар да осы қалада үлкен жүректей бүлкілдеп соғып тұрған жайы бар. Әдебиет пен руханият тұрғысынан да серпінді, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды атап өтер болсақ, былтыр Жазушылар одағы басқармасы ұйымдастырып, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» халықаралық форумын өткізді. Ұлыбритания, Германия, Ресей, Қытай, Түркия, Латвия, Вен-грия, Польша, Молдова, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Әзірбайжан сынды 25-ке жуық мемлекеттің қаламгерлері қатысты. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Еуразия астаналарының қаламгерлері» Халықаралық форумын өткіздік. Мақсатымыз – Еуразия жазушыларының шығармаларын насихаттау, халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, бірыңғай әдеби кеңістік қалыптастыру болатын. Осы халықаралық форумда аударма мәселесі де назардан тыс қалмады. Мысалы, тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде Мәскеуден төрт жыл бұрын Райхан Мәженқызы құрастырған қазақ әдебиетінің проза, поэзия, балалар әдебиетінің үш томдығы ғана шықты. Одан кейін Мәскеуден қазақ әдебиетінің бүгінгі беталысын танытатын  толыққанды жинақ шыққан жоқ. Осы ретте қазақ қаламгерлерінің еңбектерін өзге елдерге танытуда еңбектенуіміз қажет екенін атап өткім келеді. Ал әдеби шығармаларымызды әлемдік деңгейге шығару үшін аударма ісін оң жолға қойғанымыз дұрыс. Әлі де болсын қай тілге аудару қажеттігі туындаған жағдайда, орыс тіліндегі нұсқасын сұрайтыны жасырын емес. Биыл күзде Азия континентіндегі елдер арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайту және одан ары дамытуға бағытталған Азия елдері қаламгерлерінің І форумын тікелей Президент Әкімшілігінің қадағалауында Жазушылар одағы басқармасының ұйымдастыруымен өткіздік. Азия елдерінің басын қосқан Азия-Африка жазушыларының форумы осыдан 47 жыл бұрын болған екен. Қарап отырсаңыз, осы жарты ғасырдай уақыт аралығында ешбір елде қаламгерлердің мұндай халықаралық басқосуы болмаған. Жалпы, әлем елдерінде қаламгерлер арасындағы байланыстың үзіліп қалғаны ақиқат. Ақын-жазушылар бір-бірінің атына сырттай қанық болғанымен, ондаған жылдар бойына бетпе-бет кездесу бұйырмаған. Біз әдеби байланыстарымызды жолға қоюға осы форумдардың арқасында қол жеткізіп жатырмыз. Бізде мемлекеттің есебінде руханиятқа біршама қаржы бөлінеді, бірақ кейбір жағдайда сол қаржының мақсатсыз жұмсалатын жерлерін көріп-біліп жүрміз. Руханиятқа, халықты ойландыратын салиқалы дүниелерге бөлінген қаражат талан-таражға түсіп кетпесе екен деген тілегім бар. Салбөкселікке, бойкүйездікке салынбай, руханияттың адамдары шынайы махаббатпен жұмыс атқаруымыз керек. Өйткені әдебиетті дамытуға кеткен ақша адамзат игілігіне жұмсалады. – Әлем қаламгерлерінің басын қосқан халықаралық кездесулердің бүгінгі нәтижесі қандай? – Жақында мен Якутияға барып келдім. Семён Данилов деген саханың халық ақынына арналған «Қар» фестиваліне қатыстым. Қ.Тұрсынқұлов ағамыздың кезінде 1980 жылы «Лена толқындары» деген атпен якут-саханың ақын-жазушыларының шығармалары мемлекеттік тапсырыспен қазақ тіліне аударылып, Алматыда басылған екен. Одан кейін 1983 жылы «Домбыра сазы» деп якут-саханың қаламгерлері біздің ақын-жазушыларымызды аударып, бір том кітап шығарған. Содан бері 40 жыл уақыт өтті, арадағы әдеби байланыс ұмыт болды. Осы жұмысты қайта жандандыру мақсатында бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде якут-саха антологиясының құрастырылған нұсқасын бізге жылдың соңына дейін жібереді. Оны біздің ақындар аударады. Бұл – қаламақысыз жасалып жатқан дүние. Бұл шаруаға шынайы махаббатпен кірісіп жатырмыз. Бұрынғы байланыстарды толыққанды болмаса да, барынша қалпына келтіргіміз келеді. Ең бірінші осы түркітілдес халықтардың арасындағы қазіргі заманғы проза мен поэзияның антологиясын жасап шығуға ниеттеніп отырмыз. Қазақтың 60 ақынын испан тіліне аударып, қазақ поэзиясының үш ғасырлық антологиясын жасаған Хусто Хорхе Падрон деген Испанияның қазіргі заманғы көрнекті ақыны бар. Алғаш испан ақынымен Танакөз Толқынқызы Түркияда танысып, оның «Тозақ шеңберлері» деген поэмасын қазақ тіліне аударып, тұсаукесерін жасаған болатын. Испантілді оқырман өте көп, бұл – әлемдегі қолданыс аясы жағынан үшінші орындағы тіл. Испанның көрнекті ақыны Хусто Хорхе Падронмен жазда өткен форумда меморандумға қол қойған болатынбыз. Бүгінде ол Абайдың 100 өлеңін аударып жатыр. Сонымен бірге Танакөз Толқынқызы мен Дәурен Берікқажының ұйымдастыруымен Әзірбайжан астанасы Бакуде қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы жасалды. Біз де құр алақан қарап отырмай, қарымтасын қайтарып, өзім ұйымдастырып, ақындар аударып, Танакөз екеуіміз құрастырып, қазіргі заманғы Әзірбайжан поэзиясының антологиясын жасадық. «Фолиант» баспасының халықаралық кітап көрмесіне Әзірбайжан ақындарын шақырып, байланыс жасадық. Қазір осы дүние Түркияда аударылып, жарық көруге жақын, француз тіліне де бір антология құрастырылып, аударылу үстінде. Алдағы уақытта Әзірбайжан антологиясының екінші томын жасағалы жатырмыз. Біз әдеби агенттерді көбейтуіміз керек, келешекте осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Соңғы кездері қазақ жазушыларының шығармалары өзге тілдерге гугл аудармамен аударылғаны жайлы айтылып жүр. Француздар французша аударылған, испандар испанша аударылған романдарды түсінбей жатыр деген әңгімелер шығып жатыр. Бұл жағдаят Ұлттық аударма бюросы мен Жазушылар одағы дайындаған БҰҰ алты тіліне аударылған кітаптар емес екенін басып ашып айтуымыз керек. Алматыдағы Ұлттық кітапхана аудартқан жекелеген авторлардың романына Жазушылар одағының қатысы жоқ еді. Бүгінгі өркениет заманында, ашық кеңістікпен әлем оқырмандарына жол тартпақ ниетті қаламгерлер болса, жекелеген әдеби агенттерге жүгінері хақ. Осы тұрғыдан келгенде шетелдік тәжірибелерді игере отыра, шет тілдерін білетін, әдебиетке жаны құмар жастарды тартып, әдеби агенттіктердің жұмысын жолға қоюға болатын секілді. Алдағы уақытта осы жұмыстарды қолға алу ойымызда бар. – Бас қаладағы қаламгерлердің бір-бірімен бүгінгі байланысы қандай? – Жазушылар одағының Ақмола облысы кезінен бастаған облыстық филиалы Нұрғожа Оразов ағамыздан бастап, бертін келе Әкім Тарази, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы басқарған Жазушылар одағында ғимарат жоқ еді. Жалпы, одақтың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 140-қа жуық мүшесі бар. Жасыратыны жоқ, бас қалада ақын-жазушылар бас қосып шүйіркелесетін бірде-бір құжыра болмады. Ұлттық академиялық кітапхананы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров басқарып тұрған кезде Мәдениет министрлігінен «айына бір рет ақын-жазушылардың басын қосып тұру керек» деген тапсырма болатын. Қазір ұлттық академиялық кітапханадағы әрбір мәдени іс-шараға елордамызда тұратын ақын-жазушылардың барлығы белсене қатысады. Оған бір жағы ақын-жазушылардың басқа баратын жерлері жоқтығы, екінші жағынан кітапхана қызметкерлерінің ақын-жазушыларды қалдырмай шақырып отыруы себеп деп білемін. Осындағы біздің зиялыларымыздың айына бір бас қосып, әңгімелестіріп-шүйіркелестіріп, іштерін ақтартып, мауқын бастыртып, бір-бірінің шығармашылығын талқылатып отыратын бір орынның қажет екені анық еді. Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болған Аида Балаева елордада қаламгерлерге арналған ғимарат ашылуы керек деген мәселені бірінші болып қолдап, әкімдікке ұсынысымызды жеткізген болатын. Сол кездегі Мемлекеттік хатшы М.Тәжинге осы елордадағы қаламгерлерге бір шаңырақтың керек екенін сұрап хат та жазған едім, нәтижесінде Шұбар ықшамауданында екі қабатты үйді Жазушылар одағына Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жөндеуден өткізіп, дайындап жатыр. Елорда әкімі Алтай Сейдірұлы өзі қадағалап отырған ғимаратымызға бұйыртса, осы аптада сүйіншілеп кірмекпіз. Бұл – небір алыптарымыздың, классиктеріміздің ізі қалған қасиетті қара шаңырағымыз Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойына сүйіншілі сыйлық болғалы отыр. Қаламгерлер демалатын, шүйіркелесетін, тастаяқ ойнайтын арнайы демалыс бөлмесіне дейін жасап жатқан жайымыз бар. Ғимаратымызға кіріп алғаннан кейін әдеби аударма бюросын құрғым келіп отыр. Жоқ дегенде, ең алдымен түркітілдес елдердің қазіргі заманғы әдебиетінің антологиясын жасап, аударғымыз келеді. – Жастар жылында елордамызда жастарды қолдайтын қандай ауқымды шаралар іске асырылды? – Биылдан бастап елордада «Самұрық» республикалық әдеби-мәдени көркем журналы жарық көре бастады. Бірінші нөмірі шықты, екінші нөмірі дайын тұрғанымен, басып шығаруға қаражат мәселесі қолбайлау болып отыр. Жалпы елордадан бір толыққанды әдеби журналдың шығу керегін уақыттың өзі көрсетіп тұр. Интернет заманы, газет-журнал жоғалады деген түсініктер ұшқары пікір екенін білеміз. Газет, журнал мен кітаптан қашқан бірде-бір батыс елі жоқ.  Өркениетке бізден бұрын қол жеткізген елдердің өзі кітап пен қағаздан бас тартқан емес. Сондықтан біз өркениеттің көшінде өзіміздің бұрынғы, байырғы бар дүниемізді бірге алып жүреміз деген ойдамыз. Жастар жылында шығармашыл жастарды қолдау бойынша Алматы облысы 40 таланттың кітабын шығарды. Ақтөбеде өткен Жазушылар форумында «Ақтөбе кітапханасы» сериясы бойынша 27 автордың кітабы, «Жауқазын» сериясы бойынша жас ақындардың 10 кітабының тұсауы кесілді. Біз де осы мақсатта наурыз айында қалалық әкімшілікке «Маздақ» сериясымен елордада тұратын 20 жастың кітабын шығаруды ұсынған болатынбыз. Былтырғы қазан айынан бері бір жылдан астам уақыт өткенімен, әкімшіліктегі ауыс-түйістерге байланысты  кітап шығару мәселесі тоқтап қалды. Қазір сол 20 жас ақын-жазушым күніге хабарласып, «кітап қашан шығады?» деп  сұрайды. Мен «уәдемде бармын, ал маған уәде берген адамдардың қызметі ауысып кетті, жаңа келген өкілге түсіндірумен келемін» деген жауаптан аса алмай отырмын. Жыл аяғына дейін уақыт бар, бұл мәселе әлі де оң шешімін тауып қалады деген үміттемін. – Мемлекет басшысы айтқан сындарлы қоғамдық диалог құруда қаламгерлеріміздің халық пен биліктің арасындағы рөлі қандай деп ойлайсыз? – Президентіміз Қ.Тоқаев халық пен биліктің арасында диалогтың орнауын қалайтынын үнемі ашық айтады. Ал халық пен биліктің арасында о бастан алтын көпір болып келе жатқан қаламгерлер, зиялы қауым екенін екінің бірі біледі. Алдағы уақытта халық пен биліктің арасы жақындай түседі деп ойлаймын. Бұл жерде «еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай» ұстанымы жүрмейді, қаламгерлер мен билік  бір-біріне иілуі керек. Зиялы қауым сырттай тон пішіп, жасап жатқан барлық реформаларға тас лақтырып, сын айтып, үнемі қыжыртып отыруы керек емес. «Жақтырмаған бақсының демі сасық» дегізбей, екеуінің бір-бірімен түсіністікке келетін уақыты келді. Жатып алып айғайлап, тас лақтырып отырғанымыз жарамайды. Қазақтың сөзі бар, «бұдан жаман күнімде тойға барғам» деген. Сондықтан біздің жоғары биліктің де, жергілікті әкім-қаралардың да әдебиетке, руханиятқа көңіл бөлуі – ұрпаққа көңіл бөлуі деп білемін. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ