560
Ғарыш саласындағы оң істер
Ғарыш саласындағы оң істер
«Қазақстандағы ғарыш күндері: Байқоңыр – әлемдік ғарыш бесігі». Елордада дәл осындай атаумен халықаралық форум өтті. Осымен жетінші рет ұйымдастырылған шараға әлемнің 25 елінен келген ғарыш саласының 650-ден астам сарапшысы қатысты.
Жиынға қатысушылар Қазақстандағы ғарыш саласының жетістіктері мен даму мүмкіндіктері, жаңа аэроғарыштық технологияларды енгізу және Байқоңырдағы тарихи өзгерістер жайында әңгіме өрбітті. Форумның ашылу салтанатына қатысқан Үкімет басшысы Асқар Мамин «Байқоңыр» ғарыш айлағы дамудың жаңа кезеңіне өткенін айтып өтті. Одан бөлек Премьер-министр Қазақстанның байланыс ғарыш жүйелерін қаржыландыруды 300 млн долларға дейін жеткізу туралы жоспарымен бөлісті. Айта кетейік, жуық арада Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» экологиялық қауіпсіз ғарыш зымыран кешенін құру бойынша арнайы жобаны жүзеге асыру жұмыстары бастау алмақ.
Еліміздің ғарыш саласындағы басты жетістіктерінің бірі – ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені. Бүгінде кешен құрылысының аяқталғаны туралы актіге қол қойылды. Енді аталған кешен қазақстандық ғарыш саласын жаңа деңгейге көтеру үшін қызмет етпек. «Бүгінгі күні Қазақстанда екі телекоммуникациялық спутник жұмыс істейді. Біз осы саладағы мүмкіндіктерімізді одан ары дамытуды көздеудеміз. Кеше ғана құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды, яғни 2020 жылы біз өз спутнигіміздің жобасын жасап, өндіруге кірісу арқылы жаңа деңгейге көтерілуді жоспарлап отырмыз. Бұл – Қазақстанның әлемдік ғарыш қауымдастығының толыққанды мүшесі ретіндегі бастамасы», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.