6777
Мария Шоқайдың естелігі
Мария Шоқайдың естелігі
Мұстафа Шоқай 1918 жылдың сәуірінде Мария Горинаға үйленгеннен кейін Ташкентке өзінен 15 жас үлкен ағасы Сыздық келеді. Әсілі үйде келіні болмаса керек. Інісінің үстелі үстіндегі оның суретін көріп: «Әйелің ғой, ә?» деп сұрайды. Інісі құптағаннан соң мақұлдағандай бас изеп, бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпаның көбейіп барады, Құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар» деген еді. Мария Шоқай Мұстафаның басына түскен талай тағдырлы тірлікте қасында болды. Ері күлсе қуанды, уайымдаса қайғырды. Жары қайтқаннан кейін де бұл сенімді толық ақтады.
1941 жылдың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқай жұмбақ өліммен дүниеден озғаннан кейін жары алдымен 1942 жылдың 8 ақпанында Париж мешітінің «Дебасси» залында қырқын өткізіп, оған оның елу шақты жақын достарын жинады. Онда Мемлекеттік думаның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Әзірбайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Расулзаде сияқты марқұмның достары мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың күреске толы өмірі мен қызметі туралы жылы лебіз білдіреді. Әсіресе, Украина Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі болған Александр Шульгиннің сөзін жиналған көпшілік беріле тыңдайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның өмірден өтті дегеніне еш сенгің келмейді» деп бастап, Мұстафа Шоқай Орта Азияның, барлық Түркістанның нағыз көсемі болатын, егер тірі болса, Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді деген сөздермен аяқтайды.
Осыдан кейін Мария Шоқай әлі де атқарылуға тиісті жұмыстар ауқымын топшылайды. Алдымен Мұстафадан қалған мол тарихи мұраларды келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алып, оларды сұрыптап, түптеп, арнайы қораптарға салып мұрағатқа өткізеді. Сонан соң асықпай күрделі іске кіріседі. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, естелік жазып, жетпіс бес жасында, 1963 жылы оның соңғы нүктесін қояды. Автор «Оқырмандардың бұл шығарманың әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп аса қарапайымдылық танытқанымен, бұл Мұстафа Шоқай туралы тұңғыш әрі нақты мәліметтерге толы естелік кітап болды.
«Дүниеден қайтқан адамды еске алғанда оның өткен өмірі, істеген әрекеттері көз алдыңа елестеп, жанды бейнеге айналатыны сондай» деп басталатын екі бөлімді еңбек 1958 және 1963 жылдары орыс тіліндегі қолжазба күйінде Мұстафа Шоқайдың шәкірттері, профессор Әбдуақап Оқтайға және оның жұбайы Саида Оқтайға жіберіледі. Бұл Т.Шағатайдың аудармасымен 1972 жылы Мұстафаның дүниеден өткеніне 30 жыл толу қарсаңында Стамбұлда «Жұбайының аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166 бет) деген атпен түрік тілінде жарық көреді. 1997 жылы Стамбұлда қазақ тілінде жарық көрген «Мұстафа Шоқай. Мария Шоқай. Естеліктер» жинағының бірінші бөлімінде Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты шығармасы беріліп, екінші бөлімінде Мария Шоқайдың «Мұстафа Шоқай туралы естеліктері» орын алған еді. Бұған бүкіл түрік жұртшылығына белгілі азаматтар Тұран Язған мен Хасан Оралтай қамқор болды. Естелік шағатай тіл жазуынан қазіргі қазақ тіліне Айтан Нүсіпханның аудармасы бойынша алғаш 1999 жылғы Мұстафа Шоқайдың таңдамалы шығармаларының екі томдық жинағына «Менің Мұстафам» деген атпен енді. 2000 жылы Стамбұлда «Тұран» мәдениет қоры естелікті екінші рет жеке кітап етіп бастырды.
Естелік Мұстафа Шоқайдың ата тегі, оның мектепке баруы туралы мәліметтерден басталып, Ташкенттің ерлер гимназиясындағы және Санкт-Петербор Императорлық университетіндегі оқуы, Ташкентте басталған қоғамдық саяси белсенділіктің Ресей орталығында жалғаса түскені толымды баяндалған. Мұстафаға «Сен ақ патшаға жақын тұрасың, оған біздің тілектерімізді жеткіз. Мына мәселе былай болуы керек еді, былайша уәде берілген еді, бірақ олай болмады» деген мазмұндағы өтініш хаттар жиі келген көрінеді. Осындай арыз хаттармен Ақмешітке де талай келген сияқты. Бұл кезеңнің ол үшін тағы бір тағылымды жағы өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екені жөніндегі бұрынғы түсініктің тереңдей түскені еді. Осы таным Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы хатшылығына орналасқаннан кейін ерекше маңызды, айрықша мәнге ие болады. Сондықтан да ол Ресейдің езгісіндегі Түркістан өңірінен тыс түркі халықтарын – Еділ, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеді. Кейін шетелде жүрген кезінде де оның өз халқымен бірге өзге аймақтардағы халықтардың ортақ отарлық езгіден құтылуын армандауы жайдан-жай емес еді. Сонымен Петербордағы кезең Мұстафаның нағыз саяси университеті болды. Ол саясаткер, саяси күрескер ретінде қалыптасты.
Барлығы 64 күн өмір сүрген Қоқан автономиясын Кеңес үкіметі қырғынға ұшыратқаны белгілі. Содан Мұстафа Шоқай бас сауғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке жетіп, жасырынып жүріп, қиын қыстау кезеңде Мария Горинамен табысады. Жары Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен пойызбен Мәскеуге бет алады, алайда Орынбор бағытындағы теміржол соғысқа байланысты жабық болғаннан кейін Ақтөбеге жетіп тоқтайды. Содан түрлі көлікпен алдымен Орынборға, Самара арқылы Уфаға, одан Екатеринбургке, Челябинскіге жетеді, осында қалыптасқан жағдайға байланысты екеуі екі бөлек, «біресе қиыншылыққа толы, біресе зиялы алақандарға тап болып», Ташкенттен шыққаннан соң бір жыл өткенде 1919 жылғы мамырдың 1-інде Тбилиси стансасында жолығады. Бұдан кейін де бұлт ыдырап, күн жарқырай қойған жоқ. Қызыл армияның басып кіруіне байланысты бұлар Батумиге, сол жерден түрік кемесіне мініп, Стамбұлға барады. 1921 жылы Францияға, Париж қаласына келіп, баян табады. Жат жердің жаңа қиыншылығына жолыққанымен Мұстафа Шоқай бір сәт тыным тапқан жоқ. Қолынан қаламы түспеді. Лонданға 5-6 рет барып, лауазымды орталарда баяндамалар жасады. Еуропаның ортасында болып әлемге танылды. Алайда 1940 жылғы 13-ші мамыр күні немістер Парижге келгеннен кейін өмір күрделене түседі. Басқыншы басшылары Мұстафа Шоқайға түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу ұсынады, бірақ ол тұтқындармен кездеспей мұндай қадамға бармайтынын түсіндіреді. Сонымен екі жарым ай лагерлерді аралап, қайтатын болып, пойызға отырғанда Мұстафа Шоқайдың басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлинге жетіп, «Виктория» ауруханасына түсіп, бір жеті жатқаннан соң 27 желтоқсанында сүзек деген диагнозбен соңғы сапарға аттанады. Осы кезге дейін күдік арқалаған осы жұмбақ өлім, теңдесі жоқ ауыр қайғыны ең бірінші Мария Шоқай тартты. Осыдан кейін жиырма сегіз жыл жалғыздықтың зардабын тартып, 1969 жылы бақилыққа «Мұстафам» деп аттанады.
Мұстафатану ғылымының бастауы болып саналатын естелік еңбегінде Мария Шоқай алғаш рет аты әлемге танылған тұлғаның рухани дүниесіне, табиғи жаратылысына терең зер салады. Естелікте өте жұмсақ мінезді және нәзік жанды, үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым адамның сонау Еуропаның ортасында жүріп елін сағынған сәттері де шебер берілген. 1922 жылы екеуі Париждегі Трокадеродағы этнография музейінде болғанда Мұстафа сондағы домбыраны қызметкерден сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ күйін орындайды да аспапты орнына қояды. Жүзі жабырқау тартып, жанары жасқа толады. Мария Шоқай «Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім» деп жазды. «Үлкен ағамның (Сыздық Ә.Б.) жесір әйелі әлі тірі. Ол қалай өмір сүріп жатыр екен? Мені ең қатты ойландыратын мәселе де осы. Оларға бұл жерден көмек те бере алмаймын. Мені кішілердің (інілердің) тағдыры ойландырады, бәлкім, оларға көмектесетін ешкім болмағандықтан азып-тозып кеткен шығар» деген жолдарды толғанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұлайша уайымдау, ойлау Мұстафа Шоқайдың адами болмысын, кісілік қалпын айқын танытады.
Мұстафа Шоқайдың өз Отаны мен халқын жанындай жақсы көрумен бірге оның осал тұстарын ойлауы, келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын жан ретіндегі болмысы да өте сәтті шыққан. Ол әрдайым былай дейді екен: «Біздің Түркістан үшін ең қорқынышты-сы – халықтың бірлігінің болмауы. Өзіміздің әлсіз екенімізді мен білемін. Мен халқымның тыныштығын және бірлігін қалаймын». Бұған оның Мұстафа Кемалға таңғалып, оны биік санауы, Түркістан үшін осындай реформашы болса деп тілеуі де, Түркістанда Швейцария тәрізді мемлекеттік жүйенің болғанын қалауы мен армандауы, халықтардың федерация ішіндегі бауырластығына сүйенген саяси сенімі дәлел бола алады. Сондай-ақ Мұстафа: «Біз қазір оқымасақ, ешқашан тәуелсіз бола алмаймыз, ол жолды бізге сырттан біреу әкеліп бермейді, біз өзіміз бірте бірте мемлекет органдарын қолға алып, өзімізді өзіміз басқаруға тиіспіз» дейді екен. Өмірінің соңғы сәттерінде, 40- жылдарда, соғыс кезінде ол үнемі Түркістанның большевиктерден құтылуын армандаған: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім. Адамдар бір бірімен араласуы керек. Халықтар өзара білім алмасып, бірін бірі терең танып және түсініп, жарасымды қатынас дәрежесіне көтерілсе, сонда ғана халықтар федерациясын құруға жол ашылмақ». Бұл сөздер бірінші, Мұстафа Шоқайдың өз елінің болашағын, тәуелсіз болуын армандайтынын танытса, екіншіден, оның терең білімді, азаттығы үшін күрескен Түркістанның тарихын да жақсы білетінін көрсетеді. Мұндай мақсатқа жету үшін ол мемлекеттік масштабтағы қызмет қажет, соғыстан бас тарту, оны болдырмау керек, жер бетінде барлық адамға орын жетеді деп ойлаған.
Естелікте Мұстафа Шоқайдың саясаткерлік қасиеттеріне де шынайы сипаттама берілген. Автордың жазуынша, Мұстафа көпшілікті басқару үшін саясат адамы тез шешімге келе алатын, қатал мінезді болуы керек деп санаған. Ешқашан өз мінезін түзеуден және оқудан жалықпаған. Сондай-ақ ол саясатта да намысқой әрі жанға жақын болуы арқасында адамдардың жүрегіне жол табатын, сондай-ақ пікірталаста қызуқанды болған. Өз пікірін дәлелдеуде қарсыласының намысына тиюден аулақ бола отырып, өзінің көзқарас көкжиегі кең болғандықтан ойын еркін жеткізеді екен. Сондай-ақ тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны, бүкіл Түркістан ұлтының бірігуі жолындағы күрескердің: «...Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Географиялық жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынаста болуымызды талап етеді. Жаман халық жоқ, жаман адамдар бар. Адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады» деуі де кемел ойлардың жарқын көріністері болатын.
Мұстафа Шоқай түрлі саяси көзқарастағы адамдарды және олармен пікір таластырғанды ұнатқан. Мұндай жағдайда сабырлылық танытып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсетіп отырған. Сонымен қатар Мария Шоқай жарының ең үлкен кемшілігі – сенгіштігі еді. Осы тез иланғыштығының кесірінен үлкен қиындықтарға да ұшырағанын айтады. Мұстафа Шоқайдың адамдардың азғантай адамгершілікке жатпайтын әрекеттеріне ренжіп қалатындығы, алайда қателіктерді кешіре салатындығы, тез ұмытатыны, кейін есіне де алмайтыны оның ерекше қасиеттері ретінде атап көрсетілген.
Автор Мұстафа Шоқайдың бойында саяси менмендік атымен жоқ, саяси интригандарды жаны сүймейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін өзі қорлаумен бірдей еді дейді. Сондай-ақ саясат адамы ретінде ол шен құмарлықтан аулақ болған, бірақ өзі қаламаса да алдыңғы қатарда болуға оны тағдыр мәжбүр еткен. Мұстафа Шоқайдың адамды жақсы танитыны, психологияға жетік болғаны, оның өз мінезін түзеуден және оқудан ешқашан жалықпағаны да байыпты жазылған.
Естеліктің тағы бір тағылымды жағы – фашистер лагеріндегі адам төзгісіз жағдайды басты кейіпкердің көзбен көруі, жүрегімен сезінуі. Мария Шоқайға жазған бір хатында Мұстафа: «Менен көмек сұрап, үміт күткен осы бақытсыз бейшараларға ешқандай жәрдем жасай алмағаным үшін жан азабын шегудемін. Мен оларға көмектесетінімді айтып сөз бердім, алайда бұл әншейін оларды жұбату ғана. Қолымнан ештеңе келмейтінін біле тұра жалған сөйлеп жүрмін. ...Кеше 35 адамды ату жазасынан құтқардым, бірақ та қаншаға дейін екені белгісіз. Оларды бір шұңқырға тізіп қойды, қазір қазан айы, ал олар болса жаздық киімдерімен жартылай жалаңаш, суықтан қорғану үшін, топырақтан пана жасау үшін қолдарымен жер қазуда. Оларға итке тастаған сияқты нан тастайды, су атымен жоқ». Осыларды көргеннен кейін Мұстафаның өлгенім артық деуі кімнің болса да, жүрегін сыздатады, кешегі соғыста қайтқан әке, аталарының тағдырын ойлатып жүдетеді. Ал Мария Шоқайдың «Әл-дәрменім азайған, көзім де дұрыс көрмейтін боп барады. Жаңадан көзілдірік алуым керек. Дәрігерге барғым келмейді. Барудың қажеті бола қояр ма екен? Қанша өмірім қалды дейсің?» деп аяқталатын естелік ешкімді де бейжай қалдыра қоймас.
Сөз соңында айтарымыз – адамзат өмірінде сирек кездесетін қайсар да ұлы тұлға туралы баға жетпес тұңғыш туындыны Мария Шоқай өз қабілеті мен мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, ешбір қоспасыз адами болмысын қарапайым тілмен, ыстық жүрекпен шебер суреттеп шыққаны. Бүгінгі ұрпақ бұл естелікті оқи және зерделей отырып, Мұстафа Шоқай өмірі мен оның шығармашылық қызметіне байланысты мәлім және беймәлім тарихи деректермен танысып, жадын жаңа мәліметтермен толықтыра түсері сөзсіз.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымының докторы, профессор