599
Самбодан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының қоржынында 9 медаль бар
Самбодан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының қоржынында 9 медаль бар
Самбодан ересектер арасында Оңтүстік Кореяның Чхонджу қаласында өткен әлем чемпионатының соңғы күні Қазақстандық спортшылар екі күміс, екі қола медальға қол жеткізді. Бұл туралы Халықаралық самбо федерациясының сайтында хабарланды.
10 қараша күні тоғыз салмақ дәрежесінде медальдар сарапқа салынды. Жамбыл облысының өкілі Ділдәш Құрышбаева 68 кг салмақта финалда алты дүркін әлем чемпионы, ресейлік Марина Мохнаткинаға есе жіберіп, екінші орынға көтерілді.
Ерлер арасында қарағандылық Рахат Жаңаниет 62 кг салмақта қола жүлдеге ие болды. Жауынгерлік самбодан маңғыстаулық Нұркен Домбаев 52 кг салмақта соңғы бәсекеде ресейлік Родион Асканаковқа жол беріп, күміс жүлдеге ие болды. 68 кг салмақта жамбылдық Ерлан Махмутов тағы бір қола жүлдеге қол жеткізді. Командалық есепте жауынгерлік самбодан Қазақстан құрамасы Ресей мен Украинадан кейін үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша өткен жылы дүниежүзілік додада қос алтын алған қазақстандық самбошылар биылғы әлем чемпионатында 4 күміс, 5 қола жүлдеге ие болды.