478
Оралда нан бағасы шарықтады
Оралда нан бағасы шарықтады
Орал қаласында нан қымбаттады. Бұрын жоғары сұрыпты бір бөлкенің құны 100 теңге болса, енді сауда сөрелерінде ол 125 теңгеге дейін жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал наубайханалардың фирмалық дүкендерінде аталған өнімді 119 теңгеге табуға болады. Бағаның бұлайша шарықтауын мамандар әлемдік нарықтағы бидай құнының өсуімен түсіндіреді. Өз кезегінде диірменде тарттырылған ұн да қымбаттаған. Өзгеріссіз қалғаны – бірінші сұрыпты ұннан пісірілген күлшелердің құны. Себебі, 2010 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес бірінші сортты нан әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің тізіміне енгізілген. Қазір нан бағасын бағындырудың түрлі жолдары қарастырылуда.
"Мемлекеттік мекемелер әлеуметтік тауарлардың, соның ішіне 19 тауар кіреді, сол тауарлар бағасын реттейді. Енді бірінші сұрыпты нан бағасын қымбаттатпау мақсатында тұрақтандыру қорының күші қолданылатын болады. Яғни, қордағы бар ұнды тікелей біздің наубайханаларға беру арқылы, арзандатылған бағамен беру арқылы сол бағаны ұстап тұруды жоспарлап отырмыз", - дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мейрам Қайыров.