643
"Көшпенділердің" түрік тіліндегі аудармасы таныстырылды
"Көшпенділердің" түрік тіліндегі аудармасы таныстырылды
Жақында Түркияның Ыстамбұл қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығы және заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ тарихының бес ғасырлық өмірін көркем тілде шебер сөйлете білген Ілияс Есенберлиннннің туғанына 100 жыл толуына орай Ыстамбұл университетінің Түркі зерттеулер институты мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Көшпенділер» трилогиясының түркі тіліне аудармасының тұсаукесері және мемлекетаралық конференция болып өтті.
Кітаптың түрік тіліне аударылуына мұрындық болған және түрік тіліндегі аудармасының жалпы редакциясын басқарған қандасымыз, Мимар Синан Көркем әдебиет және өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбідуақап Қараның айтуынша кітаптың аудармасына түркиялық бес аудармашы қатысқан екен. Түрік тіліне тәржіме жасауда кездескен қиыншылықтар әскери терминердің бірізденуі және әскери атақтардың аударылуы, адам аттары және жер су атауларының түп нұсқамен бірдей болуы болған көрінеді.
– «Көшпенділер» қазақтың тарихи жадысын бес ғасырға ұзартқан аса көрнекті, рухты туынды. Осы туындыны түрікше сөйлету менің көкейкесті армандарымның бірі еді. Ақыры сол арманымның үдесінен шыға білгеніме қуанып отырмын. Оның түрік тіліндегі аудармасына бес бірдей ғалым қатысты. Мен жалпы редакциясын басқардым. Түркі ғалымдары мен жазушыларының көбірек қиналғаны жалпы әскери терминдер мен атақтарды түрікшелеу болды. Дегенмен, түбі бір түркі тілі ғой, көп терминдердің ортақ екендігіне көзіміз жетті, - дейді Әбдіуақап Қара.
«Көшпенділер» трилогиясын аударуға қатысқан Орду университетінің профессорв Исмаил Доғанның айтуынша, тарихи роман көшпенді халықтың тұрмысын, жауынгерлік рухын, қазақтардың даналығын әдемі суреттей алған.
– Өз басым бұл кітаптан ерекше әсер алдым. Біз әсіресе, жер-су атауларын, соғыс сахналарын суреттеу кезінде әжептәуір қиналдық. Жазушының сөз байлығы өз алдына терминдердің түрік тіліндегі мағынасын бұрмаламай, өз қалпында беруге тырыстық. Жауапкершілігі мол үлкен жұмыс болды, – дейді ол.
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев пен ТҮРКСОЙ халықаралық қорының Қазақстандық елшісі Мәлік Отарбаев Анкарадан әдейі ат арытып келіп, конференция барысында «Көшпенділер» трилогиясының қазақ халқы үшін қаншалықты маңызға ие екендігін, оның ұлттық рухы азғындап бара жатқан ұлтқа дем берген, рух берген тарихи рөлі жайында баяндай отырып, оны түрік тіліне аударуға ат салысқан аудармашылар мен ғалымдарға алғысын білдірді.
– Тек қана «Көшпенділер» романы ғана емес, «Көшпенділер» фильмін де түрікше аударуға ат салыстық. Бұның барлығы бірздің азат, тәуелсіз, егемен еліміздің өткен жолын туысқан түркі халқына таныту. Бұндай игі шаралар ары қарай жалғасын табатын болады, – деді Жансейіт Түймебаев,
«Көшпенділер» трилогиясының түрік тіліндегі аудармасының таныстырылымына Түркиядағы жетекші жоғары оқу орындары Ыстамбұл университетінен, Мимар Синан Әдебиет және көркем өнер университетінен, Мармара және Орду, Анадолы университеттерінен, Қазақстанның Сулейман Демирель университетінен ғалымдар қатысып, «Көшпенділер» трилогиясының қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртқан ерекше туынды болғандығын түркі көрермендеріне таныстыруға ат салысты. Кітаптың тұсаукесеріне Түркияның әртүрлі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер, Қазақстаннан келіп дәріс тыңдап жатқан магистранттар, қазақ диаспорасының өкілдері және түрлі салада еңбек етіп жүрген ғалымдар мен журналистер қатысты.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ