Қазақстан жерін шетелдіктерге сату туралы фейк ақпарат ресми түрде жоққа шығарылды

/
Қазақстан жерін шетелдіктерге сату туралы фейк ақпарат ресми түрде жоққа шығарылды
istockphoto

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу алынып тасталды деген жалған ақпараттың таралуын тіркеп отырғанын мәлімдеді.

Орталықтың хабарлауынша, бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді және фактілерді бұрмалау болып табылады. Ведомство Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 6-бабы 3-тармағындағы «жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар» жөніндегі норма жаңа Конституция жобасында да дәл осы күйінде сақталғанын атап өтті. Аталған тұжырымда ешқандай өзгеріс енгізілмеген.

Сонымен қатар Конституциялық реформа жөніндегі комиссия бұл нормалардың өзгеріссіз қалатынын ресми түрде растаған.

Орталықтың мәліметінше, жаңа Конституция жобасында мемлекеттің тұтастығы мен унитарлығы мәселелері бұрынғыдай қорытынды және өтпелі қағидаларда емес, конституциялық құрылыстың негіздері ретінде бастапқы тарауларда бекітілген.

Бұл мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен базалық қағидаттарының өзгермейтіндігіне берілетін құқықтық кепілдіктерді айтарлықтай күшейтеді.
2026 жылғы 30 қаңтардағы жаңа Конституция жобасының 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды, ал тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.

Осылайша, шетелдіктерге жер сатуға тыйым салудың күшін жою туралы мәлімдемелердің құқықтық негізі жоқ және азаматтарды жаңылыстырады.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы фактілерді әдейі бұрмалау мен манипуляциялық ақпарат тарату құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салып, азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары