Айналайын, Арысым...

Айналайын, Арысым...

Айналайын, Арысым...
ашық дереккөзі
609
«Туған жердің топырағы үшін біз, не көрмедік үл­ке­німіз, кішіміз» – деп, кезінде қуғында болған КСРО Мем­лекеттік сый­лы­ғының лауреаты, түркі әлемінің бір бұ­тағы – балқар халқының атақты ақыны Қайсын Құлиев жыр­лағандай, айналайын Ары­сым­ның қазіргі ұрпақ­та­ры – біздер, үлкеніміз – кішіміз биылғы 24 маусымда әскери гарнизондағы алапат жарылысты бастан өт­кер­дік. 4 адам мерт болып, қаншама адам жарақат алды.  Бұл күндері жерлестерім есін жиып, жарасын таңып, бүкіл қазақ елі­мен бірге қираған туған қаласын қалпына келтіруді аяқтап келеді. Адам баласының басына салмасын, бейбіт күнде төбесінен оқ-дәрі жауып, еріксіз босқынға айналса да, үй-жайы қирап, мазасыз күндер кешіп жүрсе де менің жерлестерім шыдамдылық пен сабырлылықтың нағыз үлгісін көр­се­­туде. «Басымыз аман қалды, жанымыз түгел. Туған жерде өмір сүрудеміз» деп Аллаға шүкіршілік етуде. Туған жеріне, өз қаласына деген сүйіспеншілік осындай-ақ болсын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің әлемдік деңгейдегі жеті қы­рын дәйекті түрде айшықтаған. Ға­лам­дық өркениет, мәдени, техникалық, ғы­лыми жетістіктер шоғыры біздің өлкеде пайда болып, содан кейін батыс пен шы­ғыс­қа, күнгей мен теріскейге таралған екен. Біздің бабаларымыз ұлы далада ал­ғаш мемлекет құрып, төрткүл дүниеде тұр­мыстық, өндірістік, жауын­гер­лік ең үз­дік технологияны, жазуды ой­лап тауып, қо­лдана біліпті. Ұлы өр­кениет ордасы – туған еліміз біздерді зор сүйіспеншілікке бөлейді. Ұлы даланың ажырамас бөлігі – қа­ламызың тарихы да тереңде, біздің за­ма­нымызға дейінгі сонау VII-VIII ғасыр­ларда, тіпті одан да әріде жатыр. Мұның жар­қын айғағы: тарихи ескерткіштер, мәдениеті мен тұрмысы жоғары, эко­но­микасы сан-салалы, дамыған өңір екенін дә­лел­дейтін археологиялық қазбалар – біздердің мақтанышымыз. Шаһар мен 6 ауылдық округті бірік­тір­ген қаламыздың Қожатоғай ауылдық округінде Тасқотан, Бесқотан, Дастарбасы, Айғырұшқан, Байтоғай сияқты тас дәуі­рі­нің ескерткіштері, сондай-ақ, адам­дар­дың алғашқы тұрақтары табылған. Біздің эрамызға дейінгі І ғасыр және біздің за­ма­нымыздың VIII ғасырындағы Байыр­құм ауылынан табылған инженерлік ин­фра­­­құрылымы бар қалашық және Аққала ел­ді мекеніндегі кент археологиялық жә­не архитектуралық ескерткіш ретінде ежелгі тарихымыздан ойып тұрып орын ала­ды. Арыс топырағында бүкіл түркі дү­ниесіне кеңінен танымал «Мұңлық-Зар­лық» даста­нындағы оқиғалар өткен. Ке­йіп­­керлеріне арнап кесене мен ескерт­кіш­тер тұр­ғы­зыл­ған. Жекен-Шайық, Ақын, Жақып әулие­лер­ге де кесенелер ор­­натылған. Монтайтас аумағында Мон­тай әулие дамыл тапқан. Сонымен қатар, өңірімізде «Қыз құлаған жар» атты және тағы басқа қасиетті де киелі орындар бар. Бұлардың бәрі біздің ата-бабаларымыздың қолымен жасалған, олар­дың туған елі мен же­ріне деген сүйіс­пен­шілігінің һәм қазіргі әрі келер ұрпаққа қалдырған өшпес мұра­лары. Қазақ даласына өлшеусіз қайғы-қа­сі­рет әкелген және туған жері үшін ұлы дала перзенттерінің ұлттық намысын жанып, жігерін қайраған, жан беріп, жан алысқан шайқастарда Тәуелсіздік туын биік ұстаған тұлғалар – Арыс өңірінен көсемдер мен ше­шендер, батырлар мен сыпыра жы­рау­лар шыққан. Олардың қатарында дарабоз Алатау, Төлебай, Мұ­сабек, Жаманқара батырлар, Мәделі, Май­л­ықожа, Ергөбек ақындар, Қалау датқа, Күлен, Сары, Садық, Сапақ, Әділбек билер, Әужан, Сапарбай болыс, т.б. ел азаматтары халықтың ызасы мен кегінің алдаспаны болған. Бәрімізді атақты ата-бабалары­мыз­дың қасиетті рухы қолдап жүрсін, қадірлі ағайын! Менің жерлестерімнің бойында бауыр­машылдық, қиналған сәттерінде кім болса да көмек қолын созуға дайын тұратын қайырымдылық қасиеттер мол. Өткен ғасырдың 1919-1921 жылдары сонау Ресейден арып-ашығып зорға жеткен көген көз сары балаларды тығы­лып, қашып жүрген жерінен жиып, тамақ­тан­дырып, жатын орынға орналастырған. Содан, 1922 жылдары жетім балалар үйі ашылған. Ал, 1929-1932 жылдардағы қол­дан жасалған нәубетте аштықтан қы­рылып жатқан көршілес қазақ ауыл­дарының балаларын жоғарыдағы аталған балалар үйіне паналатқан. Солардың арасынан бәріміздің мақтанышымыз – Кеңес Одағының Батырлары: Бейсен Оңтаев, Садық Исмайлов, Нағи Ілиясов, Иван Журба, Берген Исаханов және Ере­жеп­бай Молдабаевтар, академик, көрнекті мемлекет қайраткері Төлеген Тәжібаев, сатирик, драматург, жазушы Садықбек Адамбековтер шыққан. Кешегі 90-шы жылдардағы өтпелі қиын кезеңде қаламызға күн кө­рісі ауыр­лап көршілес Отырар, Шардара және Ордабасы аудандарынан келген ағайын­­дар­ды сол кездегі қала әкімі, қазіргі сенатор Әлімжан Құртаев және осы мақа­ла­ның авторы қалалық мәсли­хат­тың тұң­ғыш хатшысы болған Оразхан Арыс­тан­баев бастап қалған жайларға жекеше­лен­діруге жібермей орналастырды. Осы бауырмалдық, мейірімділік пен рақымшылдық тек арыстықтарға ғана емес, бүкіл қазақ елінің азаматтарына тән екендігін кешегі алапат жарылыс кезінде, енді қаланы қалпына келтірудегі тірлік­тер­ді көріп, куә болып жүрміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол 24 маусымда кешке қаламызға келіп, аралап көріп, одан Эвакуациялық пунктке барып тұр­ғын­дармен кездесіп жұбатып, бәрімізге тиіс­ті жәрдем көрсетілетінін баса айтты. Содан бері қаламызда қалпына келтіру жұ­мыстарын тікелей өз бақылауында ұстап отыр. Премьер-Министр Асқар Ұзақбайұлы Мамин, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев бастап, республи­ка­мыз­дың барлық өңірлері үйлер мен жайларды жөндеуге белсене атсалысып келеді. Әрине, тірлік болған соң кемшіліктер де болады. Бұл жұмыс барысында жөнделуде. Өңір тарихының жаңа белесі өлке­мізге темір жолдың келуіне байланысты. Орынбор – Ташкент темір жолы құры­лысы 1901 жылы басталып, 1906 жылы то­лық аяқталған еді. 1-Арыс вокзалы 1904 жылы пайдалануға беріліп, алғашқы па­ровоз 15 қаңтарда келіпті. Сонда биыл Арыс­тың негізі қаланғанына 115 жыл то­лып отыр екен. Сол кездегі салынған өнер­кәсіптік және тұрғын үйлер өзіндік сәу­ле­тімен, жоғарғы сапасымен ерекше­ле­неді. Әлі де тұрғындар игілігіне пайда­ла­нуда. Теміржол құрылысында негізінен өз жерін сүйе білген жергілікті тұрғындар еңбек етіпті. Олардың арасында табиғи дарынды, еңбексүйгіш, күрделі инженер­лік жұмыстарды игере білген қазақ аза­мат­тары аз болмапты. Солардың бірі «Қылыш соққан Меңейдің» баласы Намаз­бай Арыстан 17 шақырым жердегі «Көк­кө­пірді» салушыларды басқарған. Аталған темір жол көпірінің сапасына риза болған комиссия мүшелері оған қолма қол ат мінгізіпті. Теміржолшылар Октябрь рево­лю­циясының ықпалымен жаңа қоғамды орнатуға белсене атсалысты. Туған жерімізде республикамыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайрат­кер­лері Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүр­генов, Ғани Мұратбаев, Жұмабай Шаяхметов, т.б. болған екен. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев бірнеше рет келген. Темір жол торабымен өмірі өзектес болған қаламыз өз тарихында да­му­дың биігіне көтерілді. 1928 жылы аудан орта­лығы болса, 1932 жылы 11 наурызда Арыс жұмысшылар поселкесі деп аталды. Ол кезде тұрғындар саны 11000 екен. 1956 жылы 31 шілдеде оған аудандық бағыныс­та­ғы қала мәртебесі берілсе, 1965 жылы 10 қарашада облыстық бағы­ныс­тағы қала дәрежесі мәртебесін иеленді. Айтқандай, 1956 жылы қала халқы 25000-ға жуық болса, 1965 жылы 34000, қазіргі кезде 45000-нан астам адамды құрап отыр. Байқап отырғандарыңыздай, тұр­ғын­дар саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Туған жері Арыстың атын бүкіл Қа­зақ­станға, тіптен кезінде бүкіл Кеңес Одағына танытқан небір еңбек дүлдүлдері шыққан. Олардың арасында тораптың, облыстың, республика теміржолының дамуына ерекше еңбегі сіңген Еңбек Ерлері: Арыс темір жол бөлімшесінің бастығы, қазақ темір жолы бастығының бірінші орынбасары Сырлыбек Байжа­нов­ты, Шымкент темір жолы бөлімшесінің бас­тығы Көпжан Мұхамеджановты, Арыс станциясы мен Шымкент темір жол бөлімшесінің бастығы, «Отан» орденінің иегері, облыс пен қаланың Құрметті азаматы, Құрметті теміржолшы Әуесхан қажы Салықбаевты, қаланың Құрметті азаматы, Құрметті теміржолшы Әбдуәлі Балғынбековті, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан академик Боранбек Шүкірбековті мақтан тұтамыз. Киелі де қасиетті Арыс қаласын көр­кейтіп-дамытуда, абат­тан­ды­рып, гүлден­ді­руде қала әкімі Мұрат Қадырбек өзіндік өрнегімен айшықтап, көзге түсіп келеді. Іске асырылып жатқан ауқымды тірлік­те­рі қала жұртшылығының сүйіс­пен­ші­лігіне бөленуде. Негізінен ол жұмысын өндірісті, ауыл шаруашылығы мен құры­лыс­ты өркендетуге, қаланы көріктендіруге бағыттауда. Қысқаша айтсақ, олардың арасында республикада тұңғыш толық циклда цемент және астық таситын вагон жасау зауытын салу қолға алынды. Көлік логистикалық орталық­та­ры іске қосылды. Күн сәулесінен қуат алатын станциялар салынуда. Суғармалы жер көлемін ұл­ғайту, озық техно­ло­гия­лар­ды өндіріске енгізу тірліктері жүр­гізілуде. Әлеуметтік сала объектілері және тұрғын үйлер салынуда. Тұрмыстық саладағы ең үлкен тірлік – қаланы газбен қамтамасыз ету іске асырылуда.  width= Қала әкімінің іскерлік, табандылық, үлкен ұйымдастырушылық игі қасиеттері әскери гарнизондағы алапат жарылыс кезінде және оның зардаптарын жою ба­ры­сында ерекше көзге түсті. Өткен уақыт ішінде 20-25 жылдар ішінде атқарылатын жұ­мыстарға тең тірліктер жасалды десек қателеспейміз. Жоғарыда аталған жұмыс­тармен қатар қыруар шаралар жүзеге асырылуда. Біраз цифрларды айтуға тура келеді. 7160 үй жөндеуден өткізілді. Яғни 36 мың тұрғыны бар жаңа қала пайда болды деген сөз. 474 үй сүрі­ліп, қайта са­лы­нуда. Бұл 3 мыңдай тұр­ғы­ны бар жаңа ауылдық округ пайда болғандай. Оның ішінде көпқабатты 3 үй бар. Барыс мөлтек ауданында әрқайсысы 2 пәтерлі 50 үй салынуда. 67 әлеуметтік нысандар толық­тай жаңғыртылды. Олардың 54-і білім саласында: 17 мектеп, 2 колледж, 36 бала­бақ­ша, 8-і денсаулық сақтау меке­ме­лері, олардың екеуі жаңадан салынуда, 4-і спорт саласында, олардың 2-і жаңадан тұр­ғы­зылуда. Мәдениет са­райы күрделі жөн­делді. Бірінші және екінші Арыс темір­жол вокзалдары жаңғыртылды. Ав­то­вокзал, халыққа қызмет көрсету орта­лығы және әкім­дік ғимараттары жөнделді. 509 кәсіп­кер­лік обьектілерін қалпына келтіруге көмек көрсетілді. Қаланы көркейту жұмыстарының ау­қы­мы кеңейе түсті. Орталық алаң мен батырлар аллеясы жаңғыртылды. Әбдіра­зақов көшесіндегі №36 және Байтұрсынов көшесіндегі №110 үйлердің аумағы абат­тан­дырылуда. Қалада «Арбат» салынуда. 2-Арыстағы Жастар үйі атанып кеткен 2 қабатты 2 үй сүріліп, орнына жаңадан салынуда. Камышовка атты 2 қабатты 4 үй сүріліп айналасындағы заңсыз салын­ған шаруашылық үйлері сүріліп, абаттан­дырылады. Қаладағы инфрақұрылымды рет­теу барысында кәріз жүйелері толық жөн­деу­ден өтіп, автоматтан­ды­рыл­ды. Шаһар жылыту маусымына да­йын. Зақым келген кө­ше­лер жөндеуден өтіп, 16 көшеге аяқ­жол төселді. Жарық­тан­дыру бойынша да жұмыс жүргізілуде. Атап өткен жөн, Республикалық кә­сіп­­одақтар ұйымы қаламыздың Бас қақ­пасын салуға 30 млн теңге бөліп қазір оның құрылысы жүргізілді. Ұлттық на­қыш­пен салынған қақпа қаланың көркін кіргізіп тұр. Аталған ұйым 40 ардагерге демалыс үйіне жолдама сыйлады. Айтқандай қаламыздың жүздеген аза­маттары демалыс үйлеріне, ал 5 мыңға жуық мектеп оқушылары жазғы лагер­лер­де тегін демалып қайтты. Қала әкімі Болатұлы десе дегендей екен. Алапат жарылыстан бері бір күн тыным таппай тікелей қалпына келтіру жұмыстарының басы қасында жүр. Әлі жарасы жазылып үлгермеген, ашу-ызаға бой алдырған тұрғындардың талап-арыз­дарын байсалдылықпен тыңдап, сабыр­лы­­лық танытуда. Сөзімді атақты ақын Қадыр Мыр­за­лиевтің аудармасындағы сол Қайсын Құлиевтің өлеңіндегі үзіндімен аяқтағым келеді: Жұртым менің жерұйықты ұрған ба, Туған жердің топырағы тұрғанда!  

Оразхан  Арыстанбаев,

Арыс қаласының

Құрметті азаматы

Серіктес жаңалықтары