14 Қазан, 14:24 277 0 Жаңалықтар Túrkіstan International Political Weekly

Арыстандықтар намысты қолдан бермеді

2019 жылдың 4-12 қазан аралығында "Арыстан" мамандандырылған лицей бастығының Кубогына арналған футбол турнирі болды. 2012 жылдан бастау алған бұл футбол жарысы денешынықтыру мен спорт ойындары бойынша мемлекеттік бағдарламаны дамытуды, балалар футболын дамыту мен дәріптеуді, салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді.

"Арыстан" мамандандырылған лицей бастығының Кубогы осымен сегіз жыл бойы үздіксіз өз ойыншыларын сынға салып, шынықтырып келеді. Биыл аталған шараға Алматы қаласы мен Талғар ауданы бойынша колледждерден, жалпы білім беретін мектептерден, сонымен қатар арнаулы спорттық және әскери мектептерден, футбол клубтарынан жалпы саны 16 команда қатысты.

Турнирді "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бастығы запастағы генерал-майор С.С.Тауланов ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік пен адал да әділ ойын тіледі. Жарыстың ашылу салтанатына Талғар ауданының туризм мен спорт бөлімінің маманы Т.А.Собалиев қатысты.

6-9 қазан аралығында 4 топта 4 команда айналмалы жүйеде өз бақтарын сынады. Топ бойынша І мен ІІ орын иеленген үздік сегіз команда 10 қазан күні төртінші ақтық ойында жүздесті.

"Арыстан" құрамасы Қызыл Қайрат ауылының №19 мектебімен кездесіп, 6-0 есебімен жеңіске жетті. КЕАҚ РФММ мен АҚСӨК арасында болған сайыста КЕАҚ РФММ 9-2 есеппен алға шықты. Панфилов ауылының №33 мектебін арыстандықтар 14-1 көрсеткішімен бірден жеңді. Ал Тұздыбастау ауылының №31 орта мектебі 0-4 нәтижесімен "Жас ұлан" АРМ-нен жеңіліс тапты.

Ал жартылай финал кезінде Алматы қ. КЕАҚ РФММ мен "Арыстан" мамандандырылған лицейі кездесіп, табан тірескен күресте арыстандықтар 3-2 сесебімен жеңіске жетті. Ал екінші жартылай финалда "Арыстан" футбол клубы мен "Жас ұлан"АРМ арасында болған бәсекеде "жас ұландықтардың" жеңіске деген талпыныстары жеңіске жетеледі.

Финалда ІІІ пен ІV орындар үшін Алматы қ. КЕАҚ РФММ мен "Арыстан" ФК арасында өте тартымды ойын ойнатылды, нәтижесінде 3-0 есебімен арыстандық лицеистер алға озды. Ойын барысында турнирдің үшінші орын қола жүлдесі Алматы қ. КЕАҚ РФММ құрама командасына бұйырды.

І орын үшін өткен "Арыстан" футбол клубы мен "Жас ұлан" АРМ арасындағы тойтарыс кезінде арыстандықтар оқ бойы алға шығып, жеңістің тұғырына көтерілді. 2019 жылдың ІІ орын күміс жүлдесі "Жас ұлан"АРМ бұйырды.

Дүбірлі турнирге Алматы қаласы футбол федерациясының өкілдері Мусин Ербол мен Амиров Дәурен төрелік етті.

Ақтық матчтың аяқталуына байланысты турнирдің салтанатты жабылуы болып, төмендегі номинациялар бойынша жарысқа қатысушылардың ішінен үздік ойын көрсеткен футболистер анықталды:

- қақпаға 11 рет доп соғып, турнирдің үздік шабуылшысы атанған "Арыстан" лицейі командасының ойыншысы Серікбай Ерасыл марапатталды;

- нағыз шебер ойыншы деп "Жас ұлан"АРМ командасының ойыншысы Қожабеков Ерасыл танылды;

- турнирдің үздік қақпашысы номинациясын "Жас ұлан"АРМ командасының ойыншысы Савченко Артур жеңіп алды.

"Арыстан" мамандандырылған лицей бастығының Кубогы үшін болған футбол турнирінің нәтижесінде І орынды "Арыстан" мамандандырылған лицейі ұтып алып, жеңімпаз кубогына ие болды. Осылайша арыстандықтар аталған турнир тарихында үшінші рет бас жүлдегер атанып отыр. Ал І орын "Жас ұлан"АРМ командасына беріліп, медаль мен 2-орын грамотасы табысталды. Ал ІІІ орын тұғырына Алматы қ. КЕАҚ РФММ командасы шығып, медаль мен 3-орын грамотасымен марапатталды. Жүлделі орын алған командалар мен үздік ойыншаларға арнайы бағалы сыйлықтар табысталды.

Исабекова Жулдыз

Соңғы жаңалықтар