1156
Ақтөбеде дәстүрлі әнші-жыршылар байқауы басталды
Ақтөбеде дәстүрлі әнші-жыршылар байқауы басталды
Ақтөбеге дәстүрлі әнші-жыршылардың "Жан серігім - домбыра" атты байқауы басталды.
Қатысушылар Ақтөбе өңірінен шыққан ақын, сазгер, жыраулардың шығармаларын орындап, бақ сынасады. Жыршылар сайысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасының жалғасы "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын аясында өтіп жатыр. Оған қоса, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филормонияның 75 жылдығы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған.
"Осы уақытқа дейін аймақтық деңгейде байқау өткізіп келді. Биыл "Жан серігім – домбыра" әнші-жыршылар байқауын республика көлемінде өткізіп отырмыз. Екі жылдан әнші, жыршылар, өнер майталмандары қатысты. Ақтөбе өңірінен шығып, халықтың ықыласына бөленген дарынды өнер иелері Қызыл Тұрдалыұлы, Сары Батақұлы, Наурызбек жырау, Нұрпейіс Байғанин, Тәңірберген Молдабай, Шернияз Жарылғасұлы, Бәкір Тәжібаев секілді белгілі өнер иелерінің шығармаларын орындауы тиіс қатысушылар. Қазір еліміздің дәстүрлі әнші, жыршы, термешілері жан-жақты. Кез келген жыр-дастанды ғаламтор арқылы тауып, жаттауға мүмкіндік мол", - деген Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев үміткерлерге сәттілік тіледі.
Республикалық байқау екі кезеңнен тұрады. Қатысушылардың жас ерекшеліктері 18-55 жас аралығында. Талап бойынша 1 кезеңде орындалған шығарма қайталанбауы шарт.
"Елдің негізгі рухы өнер, жыр-сөз болғандықтан осы дүниені ардақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу барлығымыздың парызымыз. Бұл – соның бір жолы. Байқауды барынша әділ өткізуге, елге, жұртқа үлгі етуге тырысамыз. Ортамызда көптің көзін көрген ағаларымыз отыр. Республикалық байқауды жақсы өткізуге атсалысамыз", - деді әділқазылар алқасының төрағасы, белгілі жыршы, күйші Елдос Еміл.
Әділқазылар құрамында әнші Ғ.Құрманғалиевтің шәкірті Хайдар Өтеғалиев, ақын Нұрлыбек Қалауов, әнші Ырысты Сүлейменова бар. Хайдар Өтеғалиев "Жан серігім – домбыра" байқауының республикалық деңгейде өтіп жатқанын қолдайтынын жеткізді. Қатысушыларды әділ бағалауға уәде берді. Әділқазылар мүшелері өз өңірлеріндегі дәстүрлі ән мен жырдың даму деңгейін атап өтті.
"Негізінен жыр еліміздің Батыс өңірі мен Сыр елінде кең тарағана. Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласы да үш жүздің басы қосылған жер ғой. Ол жақта да дәстүрлі ән мен жыр барынша насихатталып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында жырды дамыту мақсатында Қазақ ұлттық өнер университетінде 7 жылдан бері жыр бөлімі ашылды. Студенттердің қызығушылығы жоғары. Алғашқы түлектеріміз өнер көрсетіп жүр", - деді әнші Ырысты Сүлейменова.
"Қазақ туғаннан дүниеден өткенше жырмен бесікке бөленіп, ақырғы демі шыққанша өлеңмен, жоқтаумен өтеді. Бұл – қазақ халқының өміріне, тіршілігіне араласып, сіңісіп кеткен дүние. Маңғыстау облысында 1942 жылы Мұрын атамыз Алматы қаласына барып, Қырымның 40 батырын жырлап тауыса алмаған. 35 батырды Алматыда, қалған 6 батырды ауылға келіп жырлаған. Дәл осындай күйде болмағанымен әлі де бас қосуларда өңірімізде жыр-дастандар жырланады. Қазақ даласында сіңіскен әдет болғанымен Сыр бойында, Маңғыстауда, Батыс Қазақстан өңірінде жыр әлі өлген жоқ. Өзекті қалпында", - деді белгілі жыршы, күйші Елдос Еміл.
"Жан серігім - домбыра" дәстүрлі әнші-жыршылардың байқауына Ақтөбеден өзге Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Нұр-сұлтан қаласынан өнерпаздар келген. Үміткерлер Сары Батақұлы, Қызыл Тұрдалыұлы, Тәңірберген Молдабайлардың шығармаларын 15-20 минут орындайды.