– «Бизнес-по казахски» фильмінің жаңа бөлімін түсіріп келгендерің туралы да көзі қарақты көрермен әлеуметтік желілер арқылы хабардар. Кореядағы түсірілім қалай өтті? Қандай қиындықтар болды?
– «Бизнес-по казахски» фильмі он күндей Алматыда, екі апта Кореяда түсірілді. Түсірілім өте қызықты әрі жеңіл өтті. Тәулігіне 2-3 сағат ұйықтаған сәттеріміз болса да, шағымданбай, шаршамай, жұмыла көтердік бар қиындықты. Жұмысымыздың нәтижесі монтаждан кейін белгілі болады. Үш бөлімнен кейін төртіншісін көрермен қалай қабылдар екен деген қорқыныш жоқ емес. Десе де, жаңа бөлім көпшіліктің қызығушылығын тудырады деп сенемін. Өйткені сценарийі алдыңғы бөлімдерден ерекше. Проблемалық тұстары көп. Оқиға, қимыл-әрекет белсенді. Көрерменді жалықтырмаймыз деп ойлаймын.
– Үлкен киноға келгеніңе аса көп бола қоймаса да, қоржыныңа біршама сапалы рөлдер жинап үлгердің. Әрқайсысы бір төбе шығар, десе де портфолиоңның ең жоғарғы жағынан орын алатыны қайсы?
– Шыны керек, өзімнің ойымнан шығатын керемет рөлді әлі сомдаған жоқпын. «Менің жұмысым!» деп ауыз толтырып айтатын рөл алдағы уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Дегенмен, портфолиомдағы жұмыстардың арасында атмосферасы, дайындығы жөнінен басқалардан ерек тұратыны – «Тараз» фильмі.
– Көбіне романтикалық комедия, мелодрама жанрларындағы киноларға түстің. Бір сарыннан жалыққан жоқсың ба? Қай жанрда бақ сынап көргің келеді?
– Комедиядан жалықтым деп айта алмаймын. Әр фильм – бір тәжірибе. Әр түрлі ортада, түрлі адамдармен жұмыс істейсің. Әрқайсынан бір сабақ аласың. Сондықтан комедияға тағы шақырса, бас тартпаймын. Алдағы уақытта өзімді авторлық фильмде және тарихи туындыларда сынап көргім келеді. Фильмографиямда осы жанрлардағы кинолар көбірек болса деймін.
– Өнерде кәсіби/кәсіби емес деген бөлінушілік барын аңғарамыз. Әсіресе, әншілер дипломсыз ән айтып жүрген әріптестерін шеттетіп жатады. Актерлер арасында да бар ма осындай жік?
– Бар, әрине. Меніңше, мұндай жік барлық салада бар, бола береді де. Алайда кастинг директорлар актерлерді іріктеу кезінде білімің жоқ, дипломың жоқ деп біреуді шеттеткенін көрген емеспін. Түр-тұлғасы мен таланты рөлді алып шығатын деңгейде болса, кеудесінен неге итереді? Әркімнің өз бағы, бұйырған рөлі бар.
– Отандық киноөндірістің негізгі тауары – комедия. Көрерменнің сұранысы сол дейді режиссерлер. Ал халық арзан күлкіден шаршағанын айтады. Режиссерлер эксперимент жасаудан қорқа ма? Әлде бәрі ақшаға келіп тіреле ме?
– Режиссерлер эксперимент жасап жүр. Комедия ғана емес, триллер, драма жанрларында түсірілген фильмдер бар. Алайда жарнамасы әлсіз болды ма, әлде актерлік құрам аса танымал болмағандықтан ба, көп касса жинай алмады. Танымал, қолтаңбасы қалыптасқан режиссерлердің көбі комедия түсіретіні жасырын емес. Олар түсірген кинолардың жарнамасы айқайлап тұрады. Сондықтан комедияның көрермені көп болуы заңдылық. Алдыңғы жылы Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп түсірген «Көкпар» спорттық драмасына түстік. Ұлттық ойынымыз туралы мазмұнды фильм. Жарнамасы да жаман болмаған сияқты. Өкінішке қарай, фильмге көп адам келмеді. Бірақ касса жинай алмады деп жеңілмеу керек деп ойлаймын. Тәжірибе жасап, түрлі бағыттта, түрлі жанрда түсіре берсек, санмен бірге біртіндеп сапа пайда болады. Көрермен сапалы мен сапасызды айырып, талғам қалыптасады.
– Сеніңше, қазақ киносы тәрбие құралы ретінде өз міндетін лайықты атқарып отыр ма?
– Қазақстанның кинонарығы енді ғана аяқтанып келеді. Бес жылдың ішінде киноөндірістің айтарлықтай өскені аңғарылады. Бәсеке пайда болды. Десе де, әлі коммерциялық деңгейде екенімізді мойындау керек. Киногерлер қандай да бір дүние ұсынарда ең әуелі нарықта өтімді ме деген сұраққа бас қатырады. Қоғамға керекті, құнды тақырыптарды көтеретін деңгейге тәй-тәйлап болса да келе жатырмыз деп ойлаймын.
– Сұхбатыңа рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА