10 Қазан, 12:10 383 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Қазақ білімін қарыштатқан – Қатаев

Бүгінгі күні туғанына 100 жыл толып отырған қоғам қайраткері Тұрғанбек Қатаевтың бүкіл саналы ғұмыры ел тарихының кеңестік кезеңімен тікелей байланысты.  «Тұлғаны тану үшін, алдымен ол өмір сүрген заманды білу керек» деген қағидаға сай, біз бұл мақаламызда басты кейіпкеріміздің өмір жолын, тұлғалық болмысын танып-білу үшін, ол өмір сүрген дәуірдің кезеңдерімен байланыстыра қарастырамыз. 

 Тұрғанбек Қатаев 1919 жылғы 14 қыркүйекте Алматы облысы, Іле ауданы, Әли ауылында қарапайым отбасында дү­ниеге келген. Бұл кез –  Кеңестік биліктің Қазақстанда жаңадан орнап, азамат соғысының өрті лаулап тұрған жылдар болатын. Бұл жылдар әрине, жас сәбидің есінде жоқ және оның санасына әсер ете қоймайды. Әкесінен ерте айырылып, анасының тәрбиесінде болады, же­тім­діктің ащы дәмін татады. Отбасының тұң­ғышы болғандықтан, даланың және үйдің қара жұмыстарына  ерте араласып, балалық шақтың не екенін білмей өседі. Т.Қатаев өзінің естелік кітабында: «Маған  8 жасымнан бастап жұмыс істеуіме тура келді.  Байлардың қозылары мен бұзау­ла­рын бағып, өз нанымды өзім тауып жедім, анама көмектестім», –  деп еске алады. Бұл 1927 жылдар болатын.

Тұрекеңнің жастайынан табандылығы мен қайсарлығы, алға қарай ұмтылысы оны 12-13 жасында Қазақ АКСР-ның төрағасы Ораз Исаевқа алып барады. Бірнеше күн төрағаға кіргізбесе де, ол алған бетінен қайтпайды. Ақыры оны төраға көмекшілерінің бірі қабылдап, ауылша­руа­­шы­лық техникумының дайындық бөлі­міне түсуге жолдама береді. 1933 жылдан кейін бүкіл елдегі сияқты «Әли» ауылында да жағдай тұрақтала бастайды.

1937 жылы Тұрекең мектепті бітіріп, туған ауылында бухгалтер болып еңбек жолын бастайды.  Тұрекеңнің тағы бір есін­де сақталып қалған  жағдайға – жаппай репрессияның «Әли» ауылында да жү­руі жатты. 1937-1939 жылдары ешқан­дай кінәсі жоқ, бірнеше  өте қарапайым ауыл­дастары репрессияның құрбанына айналады.

Тұрғанбек Қатаевтың азамат, тұлға болып қалыптасуына әсер еткен жағдай – оның өміріндегі келесі белестер болды. Ол белестерге  – 1939 -1941жылдар ара­лы­­ғын­да әскер қатарында қызмет етуі мен 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысының алапат майданының алдыңғы шебінде жаумен бетпе-бет келіп, жан алысып, жан беріскен кездері жатты.

Тұрекең өзінің құрдастарымен бірге 1939 жылы іскер қатарына шақырылып, Ташкент түбіндегі Шыршық қаласында артил­лериялық бөлімде қызмет атқарады. Екі жылдық әскери қызмет 20 жасар жас жігітті әбден ширықтырады, саяси сауаты өседі, моральдық-психологиялық жағы­нан пісіп жетіледі. Ол ефрейтор атағын алып,  ВКП(б) қатарына кандидат болып қабыл­да­нады. Бұл сол жылдардағы жас жігіт үшін үлкен жетістік болатын.

Осындай қысылтаяң тұста Тұрекең қыз­мет атқаратын әскери бөлім шұғыл түрде 1941 жылдың шілде айында Ташкентте эшелонға отырғызылып, Мәскеу бағытымен батысқа аттанады. Шілде айы­ның соңында Смоленск түбінде жаумен бетпе-бет келіп, ашық айқасқа түседі.

Тұрекең қан майданға ефрейтор ата­ғы­мен атқыштар ротасы командирінің  саяси істер бойынша орынбасары (замполит) міндетін атқарушы ретінде кіреді. Көп ұзамай Т.Қатаев взвод командирі ретінде қызмет ете бастайды.

1942 жылдың 14-15 тамызындағы Ржев бағытындағы шайқас Т.Қатаевтың өмірінде ерекше орын алады. Осы шайқас барысында политрук ротаны шабуылға көтеріп, немістермен қоян-қолтық айқас­қа түседі. Әскер тапсырма орындалып, де­рев­ня­да жаудан азат етіледі. Жаралан­ға­нына қарамастан ротаны басқарады. Осы ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапаталады. Политрук              Т.Қатаев ротадағы жалғыз қазақ ұлтының өкілі болып, қайсарлығы мен өжеттілігі үшін бүкіл ротаның жеке құрамы арасында жоғары беделге ие болады.

Көп ұзамай Т.Қатаевты жоғары бас­шы­лық атқыштар батальонының комиссарларын даярлайтын курсқа жібереді. 1943 жылдың көктемінде оны аяқтап, аға лейтенант атағымен Т.Қатаев  Батыс май­да­нын­дағы 25-танк армиясының жеке барлау батальонының комсоргы болып та­ғай­ын­далады. Бүкіл II Екінші дүние­жү­зілік со­ғыс барысында  түбегейлі бет­бұ­рыс әкел­­ген атақты Курск иініндегі шай­қасқа да қатысады.

1943 жылдың жазының соңында Т.Қа­­таев тағы да оқуға, бұл жолы танк және танк әскери бөлімдерін басқару курсына, Ташкентке жіберіледі. Оқудан соң тағы да майдан, ұрыстар күтіп тұрды. 1944 жылы екінші ауыр жарақаттан соң госпитальда ұзақ емделеді. Ақыры, әскери медкомиссия оны 1944 жылы еліне қайтарады.

Капитан атағы бар, орденді жас жігітті жергілікті аудандық партия ұйымы бірден жұмысқа шақырып, алдымен үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы, одан кейін парткабинет жетекшісі,  одан кейін ау­дан­­дық үгіт-насихат бөлімінің мең­ге­рушісі қызметіне тағайындайды.

Қайда жүрсе де көпшіліктің көңілін тауып, олармен тіл табысып, жұмыстың көзін аша білетін жас маманды жоғары­да­ғылар тез аңғарып, Қазақстан Компартиясы жанындағы партия мектебіне оқуға жібереді. Оны бітірісімен Т.Қатаев Орта­лық Комитеттің үгіт-насихат бөлі­мінің мең­герушісі болып тағайындалады. Осы салада Т.Қатаев Оңтүстік Қазақстан, Пав­лодар облыстарында обком партия­ның үгіт-насихат бөлімдерін басқарады. Жұмыс іс­тей жүре, оқуын тоқтатпайды. 1955 жы­лы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірсе, 1960-1963 жылдары КОКП ОК жанындағы Қоғамдық Ғылым­дар академиясының  аспирантурасында оқып, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғайды.

Терең білім мен өмірлік тәжірибе артқан  сайын Т.Қатаевтың да қызметі жо­ға­рылай түседі. 1963-1968 жж. Т.Қатаев Қазақстан КП ОК үгіт-насихат бөлімінің мең­герушісі, 1968-1973 жж. Алматы об­лыс­­тық партия ұйымының хатшысы, 1973-1974 жж. Қазақстан КП ОК ғылым мен білім беру мекемелері бөлімінің меңгеру­ші­сі, ал 1974-1983 жж. ол ҚазКССР жоғары және арнаулы білім беру министрі болып, өте  жауапты  жұмыстарды  орын­дайды.

Т.Қатаевтың мемлекеттік қайраткер­лігі мен өте шебер ұйымдастырушылық  қа­білеті 1974-1983 жылдары ҚазКСР Жо­­ға­ры және арнаулы білім беру министрі болып тұрған кезінде айқын көрінеді. Бұл жылдар отандық тарихнамада «то­қы­рау» жылдары деп аталғанымен, оның басты белгілері Қазақстандағы Жоғары білім мен арнаулы орта білім саласының дамуына  сәйкес келе бермейді.  Керісінше,  Т.Қатаев министр болған жылдары елі­міз­­де жоғары білім мен арнаулы білім беру мекемелерінің сан жағынан, олар­дағы профессорлық-оқытушылық құрам­ның (ППС) саны мен сапасы жағынан, білім мекемелерінің ма­териалдық-тех­ни­калық қамтамасыз етілуі жағынан, университеттер мен институттар жанындағы ғылыми-зерттеу базала­ры­ның  сол кезең­де­гі заманауи құрал–жабдықтармен жаб­дық­талуы жағынан Қазақстан Республикасы одақ­та­ғы республикалар ішінде алдыңғы орын­дардың біріне көтеріледі. Оны мынадай статис­ти­к­алық мәлімет­тер­мен дәлелдеп көрсетуге болады.

1974-1980 жылдары Қазақстанда ашылған ЖОО:

  1. 1975 жыл – Алматы Энергетика инс­титуты, қазір Алматы энергетика және байланыс университеті.
  2. 1976 жыл – Алматы транспорт инженерлері институты мен Ақтаудағы технология және инженеринг университеті.
  3. 1977 жылы – Рудный Индустриалды институты.
  4. 1978 жыл – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен– Көркем – Театр академиясы.
  5. 1979 жыл – Оңтүстік Қазақстан фар­мацевтика академиясы.
  6. 1980 жыл – Атырау мұнай және газ институты мен Архитектура –Құрылыс институты.

Ал осы жылдары ашылған арнаулы білім беру орындары қаншама десеңізші. Тек Алматы қаласы  мен барлық облыс орталықтарында Т.Қатаев министр болып тұрған жылдары 32 арнаулы  білім беру орындары ашылады. 

Кеңестік кезеңде техникалық ЖОО құрлысын одақтық министрлік қар­жы­лан­­ды­ратын болғандықтан, респуб­ли­калық министрлер  Мәскеуге қол жайып баратын еді. Т.Қатаевтың министр болып тұр­ған тұсында жыл сайын Алматы мен облыс орталықтарында 1-2 ЖОО ашылуы мен оның құр­лы­сының жүруіне  қажетті қаржыны одақтық министрліктен алу үшін ми­нистр қанша рет Мәскеуге барды екен, ол жақты қалай көндірді екен деген сауалдар туындайды. Осы жерде министр Т.Қатаевтың іскерлігі мен табандылығы, мәміле­гер­лігі, шешендігі және тағы басқа қасиеттері толық ашылады. Қаражат­ты табу бар да,  оны тиімді игеру және бар. Сондай өте тиімді игерілген қо­мақты жобаның бүгінгі күнгі көрі­ні­сіне, қала ішіндегі қала атанған – қа­зіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универси­те­тінің бас ғима­ра­ты, бірнеше оқу корпустары, 20-ға жуық студенттер жатақханалары, сту­дент­тер­дің тамақ­та­ну комбинаты, спорт­тық кешені, сон­дай-ақ 100 гектардай жалпы ау­мағы жатады.

Т.Қатаев қызмет барысында өзінен жасы да үлкен, қызметі де жоғары респуб­лика басшылығымен жақсы қатынастар орнатып, өзара  сенімді және сыйластық байланыс орнатады. Д.А.Қонаев, Б.Әшімов, С.Н.Имашев, І.Омаров секілді дара тұлға­лар­дан көп өнеге алса, қызмет бабында көптеген нағыз достар табады. Олар  – ОК ғылымға жауапты Әбіләкім Әубәкірұлы, ғалым Жұмахан Балапанов, Мұштай Батырбеков және т.б. Ал өзінен кіші, іскер әрі шебер ұйымдастырушы – ғалымдардан елімізде мықты ректорлар корпусын қалыптастырады. Ректорлар – А.Сағынов, Е.Букетов, Ө.Жолдасбеков, З.Молдахметов, К.Құнантаева, С.Байболов, Ж.Жұмабеков, Х.Арыстанбеков, К.Аханов, З.Қожабеков, Ғ.Жұ­банова, Ш.Молдабеков, М.Жүнісбаев және тағы басқа өз саласының ірі маман­да­рының басын біріктіріп, олардың бәрін ортақ мүддеге – еліміздегі жоғары  және арнаулы орта білім беру ісін заман талаптарына сай қарыштап дамытуға бағыт­тайды.

Т.Қатаев өзінің естелік кітабында ректорлар ішінен Өмірбек Жолдасбековті ерекше еске алады. «Өмірбек Жолдасбеков – бұрынғы ҚазМУ-дың, қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің ректоры ретінде өте жоғары сапалы басшы және ғалым-академик болды. Ол университеттің дамуына, оның материал­дық базасының нығаюына, зор үлес қос­ты.  Оның табан­ды­лығы мен іскерлі бас­шы­лығы арқасында университет кешені – ҚазМУ қалашығы салынды. Бұл оқу орны – Кеңестер Ода­ғы­ның жетекші ЖОО тізімінде тұр».

1986 жыл – кеңестік кезеңде хал­қы үшін адал еңбек жасаған талай азамат­тар­дың есінде қалды. Желтоқ­сан ызғары Т.Қатаевты да айналып өтпей, өзінің аязымен қарпып өтеді. Сондағы министрдің бар кінәсіне – ол министр болып тұрған жылдары ЖОО қазақ – студенттердің үлесі 49 проценттен 60 процентке дейін өскен екен. 1987 жылы  7 қаңтарда «Правда» газетінде мақала шығып, онда бұрынғы министр Т.Қатаев Қазақстанның ЖОО орындарында қазақ студенттерінің санын әдейі көбейткен деген мазмұнда сыналады. Осы мазмұндас  мақаланы  бас­қа басылымдар жариялайды. Ал одан кейін арнайы ұйымның шақырулары, тергеулері басталады. Ақыры Т.Қатаев 1942 жылы алдыңғы шепте, блиндажда алған пар­тиялық билетін 1987 жылдың 25 мамырында Алматы қаласы Совет аудандық партия ұйымына қалдырады.

Тұрекең отбасында жары Базаркүл Шәкәрімқызымен 9 бала тәрбиелеп өсір­ген бақытты жан. Ұлдары мен қыздары, не­­мере-шөберелері бәрі тәрбиелі, аталары секілді ұлтжанды азаматтар.

2004 жылы 17 наурызда өмір өткел­де­рінен батыл өтіп, артында мол мұра мен жақсы істер қалдырған дара тұлға өмірден озады.

Осылайша, ел болашағы үшін жоғары және арнаулы білім беру саласында зор еңбек сіңірген Тұрғанбек Қатаевтың өмірі жастар үшін өнеге, жасаған істері үлгі болмақ, тұлғаның есімі қазақ халқының есінде мәңгі қалады дегіміз келеді.

Берекет Кәрібаев,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

тарих ғылымдарының докторы.

Алматы қаласы

Соңғы жаңалықтар