9052
ТОҚТАМЫС ХАН
ТОҚТАМЫС ХАН
Ортағасырлардағы әлемдік тарихнаманың түркілік әлеуетін айғақтайтын атақты Жошы ұлысының – Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызбен байланыстыра ұлықтаудың мәртебесі биік. Бодандық билік өз тарихын түгендеуге тыйым салған халқымыздың мемлекеттілік құру тәжірибелерін тарихи уақыт аясында саралап отырудың қоғамдық және ғылыми маңызы зор. Қазақстан Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың халыққа Жолдауында қоғамның тарихи жадына қатысты іргелі мәселелер көтерілді.
Алтын Орданың бай тарихы төлтумалық жергілікті, шығыстық нарративті қолжазбалық және еуропалық, қытай, орыс тіліндегі жазба, фольклорлық, заттай деректермен айғақталып, аса үлкен тарихнамалық мектептерді қалыптастырды. Империя тарихы туралы мұндай еңбектерде Жошы – Батыйдан (Сайын) жалғасатын Алтын Орданың ұлы хандары мен Едіге сынды әмірлері, олардың таққа таластары, дипломатиялық қарым-қатынастары, отырықшылар мен көшпенділер әлемі, үздіксіз жүріп жатқан этникалық, этносаяси үдерістер, экономикалық, рухани, мәдени, діни мәселелер сан қырынан зерттеліп, методологиялық түрлі әдіс-тәсілдермен қарастырылып келді. Мұның бәрі Жошы ұлысының тарихын жүйелі түрде, тарихи объективтілік тұрғысынан зерттеп, зерделеудің өзектілігін көрсетіп береді.
Жошы ұлысының тарихи тұлғалары туралы да осы пікірді айтуға болар еді. Мәселен, орыстық-кеңестік тарихнамада барынша сынға ұшыраған, нақтылы тарихи орны мен тарихи тұлғасына толыққанды бағасы берілмеген Алтын Орданың қайратты ханы Тоқтамыс хан. Бұл ұстаным орыс тарихи дереккөздерінің негізгі қоры жылнамалардағы Тоқтамыс ханның орыс бодандарына, Мәскеуге қатысты саясатына (атақты Мәскеуге жорық) байланысты мәліметтерінен туды.
Көшпелілер құрған Жошы ұлысының кейінгі тарихы – мемлекеттің ыдырауы мен оның құрамындағы түркі, моңғол халықтарының отарға айналып, орыс билігіне бағынуы бұл мәселелердің зерттелуін бір бағытқа бұрды.
Тоқтамыс ханның Алтын Орда билеушісі ретінде мемлекеттік тұтастықты қалпына келтіру саясатының стратегиялық маңызы зерттеулерде ескерусіз қалдырылды.
Ортағасырлық мемлекеттік құрылымдардағы биліктің мұрагерлік ауысуы өзара тақ үшін күресті дамытты. Империялық дәстүр елдер мен халықтарды бағындырып, жаулап алушылық саясатты алға шығарды. Мемлекет тарихындағы ұлы тұлғалардың іс-қарекеттері сол дәуірдің сипатына қарай қалыптасты. Бейбіт өмір мен экономикалық-әлеуметтік, рухани дамудың өрлеуі мен құлдырауы қатар жүрді.
Тоқтамыс тұлғасы түркі халықтарының фольклорында, даланың ауызша тарихында жиі кездеседі. Тоқтамыс ханды қазақтың қария сөзі «Біздің халық Тоқтамысты жамандағанын қоймайды, көрсе бас ұрып тоңқайғанын да қоймайды» деп бағалайды.
Көшпенділердің тарихи жады терең сақтаған хан тұлғасын, оны тарих сахнасына шығарған Жошы ұлысының тарихын бүгінгі ұрпақтары түркі-қазақ халқының терең танып білуге, зерделеуге ұмтылуы қисынды.
Бұл бағытта Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында мемлекеттік тапсырыс бойынша орындалатын ғылыми жоба аясында хан тұлғасын зерттеуге баса назар аударып отыр.
Тоқтамыс шамамен 1342-1406 жылдары өмір сүрді. Әулеттік тегі – Жошының Тоқайтемірінен тарайды. Тоқтамыстың балалық шағы туралы шығыс деректемелерінде ата-бабасының Маңғыстауға иелік еткені, әкесі Түйқожаның Ақ Орда ханы Орыс ханға бағынбауынан өлтірілгені хабарланады.
Жас Тоқтамысты қорғап, оның билікке жету жолындағы амбициясын саяси-әскери тұрғыдан қолдауды сол кезеңнің аса ірі тұлғасы Мәуереннахр билеушісі Әмір Темір жүзеге асырды. Соның арқасында Тоқтамыс 1378-1379 жылдары Ақ Ордаға жорық жасап, Сығанақ қаласын басып алып, мемлекет билігін өз қолына алады. Бұдан соң Алтын Орда тағына ұмтылады. Империя билігін «заңсыз» иеленуші, әскери қолбасшы Мамайдың орыс әскерлерінен Күлік (Куликово) шайқасындағы жеңіліс, Тоқтамыстың Алтын Орда тағына келуіне қолайлы сәтті туғызды.
Тоқтамыс хан 1380-1397/98 жылдары Жолы Ұлысының билеушісі болды. Тарихнама Алтын Орданың саяси тұрақтылығы мен экономикалық өркендеуін осы кезеңмен байланыстырады. Тоқтамыс Алтын Орда иелігін бұрынғы қалпына келтіруге ұмтылды. Сарай, Қажы-Тархан, Қырым, Хорезм империя құрамына қайтарылды. 25 жылдық межені құрайтын тақ үшін болған билік тұрақсыздығы тоқтады.
Экономикалық даму ақша реформасымен көрініс тапты. Оның тұсындағы «Тоқтамыс ханның жарлықтары» Жошы ұлысының күш-қуатын дәлелдейтін тарихи дерекке айналды.
Тоқтамыс ханның орыс князьдықтарының сепаратистік пиғылын басып, империялық тұтастықты қайтару әрекетін жылнамалар да, орыс тарихнамасы да тәптіштеп жазды. 1382 жылы 24 тамызда Тоқтамыс хан әскерімен Мәскеуге шабуыл жасайды. 26 тамызда Мәскеу ордалықтарға берілді. Переяславль, Владимир, Юрьев, Звенигород, Можайск т.б. орыс қалалары мен жерлері бағындырылды.
Тоқтамыстың империялық билік құруға ұмтылысы «саяси-әскери қамқоршысы» Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темірдің қарсылығын тудырды. Бұдан кейін екі тарихи тұлғаның арасында билік тұтастығы үшін күрес басталды. Әсіресе тарихи деректер Тоқтамыстың 1387 жылы Кавказдағы Кура өзенінде, 1391 жылы Құндызша өзені бойында, 1395 жылы Терек өзеніндегі шайқаста Темір әскерінен жеңілгенін атайды.
Шыңғыс-Жошы ұрпағының билікті сақтап қалу әрекеті күреске толы еді. Жошы ұлысының тарихында тақ тартысына қатысушылар арасында хан тұқымы емес тұлғалар да болғаны белгілі. Империяның саяси-идеологиясында шыңғысшылдық «заңымен» кейінгі едігешілдік идеологиясының өмірге келуі соның бір тарихи айғағы.
Осы орайда Тоқтамыс ханның Едіге бимен қақтығысы және өзара соғыстары жан-жақты зерттеуді қажет етеді. «Қарадан» шыққан Едігенің билеуші әулетке қарсы күрес жүргізудің қым-қиғаш тәсілдерін меңгеріп, кейінгі «Ноғай Ордасының» негізін қалаушы тұлға деңгейіне көтерілуі тарихнамалық сараптауларға мұқтаж. Едігемен күреске түскен Тоқтамыстың 1397 жылы Ұлы Литва королі Витовтпен қарым-қатынас орнатуы саяси-әскери одақтасудың сол замандағы сипатты көрінісі. Тоқтамыс ханның 1399 жылы Ұлы Литва князі Витовтпен қосылып, Алтын Орда тағын қайтару әрекеті әмір Едіге тарапынан жеңіліс тапты. Бұдан соң Ворскла өзені бойында Алтын Орданың келесі билеушісі Темір Құтлығ пен Едіге жасақтарынан Тоқтамыс әскері тағы да жеңілді. Тарихи деректер, жылнама Тоқтамыс ханның өлімін Едігеге таңады.
Ортағасырлық түркі-қазақ тарихының халықаралық байланыстары мен дипломатиясы бүге-шігесіне дейін зерттелді деп айтуға әлі ертерек.
Өз зерттеуінде «Жошы ұлысындағы қайратты төрт ханның бірі болған – Тоқтамыс хан» деп ұлт тарихының терең зерттеушісі М. Тынышбаев әділ бағасын бергендей, хан тұлғасы аса салмақты және күрделі.
Тоқтамыс ханның Алтын Орданың бір мұрагері ретіндегі тарихи тұлғасы мен қайраткерлік болмысын жаңа көзқарастарға сүйенген методологиялық ізденістер негізінде кеңінен талдаған жөн. Ғылыми айналымға мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасынан бастау алған қазақ тарихына қатысты сан алуан тарихи деректемелердің мол қоры енгізілуі және жоғарыда айтқанымыздай, үстіміздегі жылғы Президент Жолдауында төл тарихымыздың аса маңызды кезеңін зерделеуге мән берілуі бұл іске негіз болады. Қазақ тарихының өзінен алысталған кезеңін, ұлттық тарихнамаға батыл енгізіп, тұрақты зерттеу тақырыптарына айналдыру уақыт еншісінде. Алтын Орданың тарихнамалық әлеуетін ғылыми танымның сабақтастығы тұрғысында қарастырып, осынау тарихи тұлғаның тарихымыздағы орны мен бағасын терең зерттеп, қорытынды жасауға күш жұмсауымыз керек.
Гүлбану Жүгенбаева,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және
Этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі,
тарих ғылымдарының докторы