3 Қазан, 15:51 340 0 Технологиялар Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша елулікке енбеді

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша үздік 50 ел қатарына кіре алмады. 100 мыңнан астам халқы бар Сент-Винсент және Гренадиндер елі рейтингте Қазақстанның алдында тұр

Қазақстанда интернет пайдаланушылардың саны артқан. Соңғы дерек бойынша елімізде тіркелген 2,5 миллион интернет абоненті бар. Яғни, бір жылда олардың саны 1,2%-ға өсті. Бұл туралы energyprom.kz хабарлайды.

Интернетке қосылу мүмкіндігі бар ұялы байланыс абоненттерінің саны 15,1 миллион, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға көп (13,9 млн). Қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша, интернетке қол жеткізу қызметтерінен түскен кіріс көлемі 15,7%-ға артып, 185,2 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6,8% жоғары (160 млрд тг).

Интернет пайдаланушылардың саны артқанмен, Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша (38,3 Мб/с) әлемдік рейтингте 64-ші орында екен. Рейтингте Сент-Винсент және Гренадиндер елі (38,6 Мб/с) Қазақстанның алдына шыққан, ал Косово (36,7 Мб/с)  бір саты төменде. Интернет жылдамдығы бойынша көш басында — Сингапур (193,9 Мб/с), Гонконг (161,2 Mб/с) және Оңтүстік Корея (160 Mб/с) тұр. Үздік бестікке Румыния (131,2 Mб/с) мен Тайвань (129,4 Mб/с) кіреді.

Естеріңізге сала кетейік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 2021 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент мегаполистерінде 5G пайда болатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар