ЖОШЫ ХАН ҚҰПИЯСЫ

ЖОШЫ ХАН ҚҰПИЯСЫ

ЖОШЫ ХАН ҚҰПИЯСЫ
ашық дереккөзі
3789

 Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлыс – Жошы-дүр!

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!»

Жошы хан бейнесі – халқымыздың тарихи жадында Қыпшақ елінің билеу­ші­сі, қазақ хандары мен сұлтандарының арғы бабасы ретінде сақталып, үлкен ілтипат, құрметпен аталады. Бүгінгі күнге дейін  Жошы есімі аталғанда Ұлы даланың қаһарманы, әке мен баланың арасындағы әрі нәзік, әрі күрделі әкелік және перзенттік махаббат, қайшылықты тағдыр туралы пәлсәпалық ойлар қатар оралады.

Алғашқы жорықтары:

Тарихи деректерде Жошының балалық шағы мен жасөспірім кезеңі қалай өткені туралы мәліметтер сақталмаған. Дегенмен, «Моңғолдың құ­пия шежіресінде» оның 1207 жы­лы әкесінің тікелей тапсырмасымен Байкалдан батысқа қарай орналасқан «орман тайпаларын» бағындыру үшін жорыққа аттанғаны баяндалады. Құпия шежіреге сүйенсек ол «орман тайпаларын» бейбіт жолмен ба­ғын­дырып қана қоймай,  ақ тұйғын құс, ақ боз ат сәйгүліктерден тұ­ратын зор тарту таралғылармен оралған. Жошы осы жолы Енесейдің жоғарғы ағысы аймағын мекендеген енесей қырғыздарын да бағындырады. Бұдан әрі Жошы 2213 жылы әкесімен бірге Цзинь патшалығын жаулап алуға қатысса, 2217 жылы туматтардың (Байқалдан батысқа қарай мекендеген орман тайпаларының бірі) көтерілісіне қосылған қырғыздардың бү­лігін басуға аттанып, жеңіспен орал­­ғаны туралы мәліметтер сақталған. Жошының бүгінгі қазақ даласына аяқ басуы меркіттердің аман қалған бөлігін талқандаумен байланысты болды. Ортағасырлық автор Джувейни меркіттердің моңғолдар қырғынынан аман қалған бөлігі Кұм-қыпшақ аймағына кетіп, паналағаны туралы мәлімет береді.  Шыңғыс ханға: «мер­кіт­тер басшысының моңғолдардан қаң­лылар орналасқан Қарақұмға қашып кеткені туралы хабар жеткен» кезде оларды түпкілікті талқандау ісі Жошыға тапсырылған. Осы орайда бұл деректегі «Қарақұм» немесе «Құм-Қыпшақ» қай жер деген заңды сауал туындайды. Белгілі қазақстандық тарихшы-ғалым С.М. Ахинжанов «Қарақұм» аты топонимдерге талдау жасай келе, И.Маркварттың түркі тіліндегі «құм» деген географиялық терминінің парсы тіліндегі синонимінің «дешт» (дала), ал араб тілінде «сахри» (шөл, дала) екендігін алға тарта келе, Джузджанидің қаңлылар мен қыпшақтар орналасқан аймағын сахри деп атайтындығын алға тартады. Ал, бұл тайпалар Джувейни бойынша «Қарақұмда» немесе «Құм-қыпшақта» өмір сүрген. Осылайша, автор мынадай тұжырымға келеді: «ХІ-ХІІІ ғасырларда қыпшақтар мекендеген даланың төрт түрлі атауы болған. Түркі тілінде «Құм-қыпшақ» және «Қарақұм», парсы тілінде «Дешті-Қыпшақ», араб тілінде – «Сахри». Міне, осы жерге 1216 жылға қарай Моңғолдардан қашқан меркіттер келіп паналаған». Осы меркіттерді Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бастаған моңғол әскері түбегейлі күйрете жеңеді. Келесі күні моңғолдар кездейсоқ жерден қыпшақтарға қарсы жорыққа аттанған Мұхаммед Хорезмшах әскерімен Торғай даласында кездесіп қалады. Бірақ, негізгі мақсаттары Мұхаммед Хорезмшах әскерімен шайқасу болмағандықтан, моңғол әскері түнде ұрыс алаңын тастап, шегініп кетеді. Жошы бастаған моңғолдар мен Хорезмшах әскерінің қазақ даласындағы алғашқы кездесуі осылайша аяқталады.

Жошы  есімінің құпиясы

Жошы туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде айтылатын жайт: 1219 жылғы Хорезм жорығы алдында моңғол елінің Шыңғыс ханнан кейінгі мұрагері кім болуы керек деген мәселе талқыланған тұста ханның екінші ұлы Шағатайдың аузынан шыққан «меркіттің шатасы» деген айыптау ащы шындық па еді деген сауал әрқашан кесе қөлденең тұрады. Оқырманды да «Шыңғыс хан ата жауына айналған меркіттерді талқандауға неліктен Жошыны аттандырды екен» деген сауал да мазалайтыны анық. Бұл мәселе ғылыми әдебиеттер мен басқа да басылым беттерінде көп талқыланғандықтан, қысқаша оқырман назарын Жошы есімінің мағынасына аударуды көздедік. Жошының дүниеге келуі анасы Бөртенің меркіттердің тұтқынына түсуіне байланысты күмәнға оранды. Жау қолында қалған жарын құтқару үшін Темужін мәңгілік дос болуға серттескен андасы Жамұқа мен әкесі Есугейдің досы, әке орнына әке болуға уәде берген керей ханы Тоғрыл ханның біріккен әскерімен меркіттерге басып кіріп, Бөртені меркіттер тұтқынынан босатқаны белгілі. Осы кезеңдегі Бөртенің бойындағы өзгерістерді түсінбеген бойы Темужін моңғол деректері бойынша інісі Хасарға, Рашид ад дин бойынша жалайыр тайпасынан шыққан Сабаға Бөртені өз жұртына жеткізуді тапсырады. Барлық шығармаларда көрсетілгендей Бөрте жол жөнекей  босанып, баланың атын моңғолша «Зочин», яғни «қонақ» деген мағынада қойған деген пікір қалыптасқан. Белгілі зерттеуші Зардыхан Қинаятұлы ағамыз, осы пікірлерді талдай келе, Жошы деген ат Шыңғыс хан әулетінде бұған дейін болғанын таратып айтады да, сонда олардың барлығы Боданчар әулетіне қонақ ретінде келген бе еді деген сауал тастайды. Автордың пайымдауынша, Жошыға ат қойғанда Шыңғыс хан моңғолдардың салт-дәстүріне сәйкес әйгілі ата-бабасының есімін берген, екіншіден моңғолдарда апайтөс, алып адамдардың атының алдына «Жошы» атауын жалғайтын дәстүр болғанын атап өтеді.  Мысалы, «құнан өгіздің етін жалғыз жейтін» Шыңғыс ханның інісі Хасарды кейде Жошы-Хасар деп атаған. З. Қинаятұлы моңғолша ұсталардың төс темірін «дөші» деп айтатынын алға тарта отырып, Жошы есімінің осындай «алып», «апайтөс» деген мағына беретін екінші  мағынасы болғанын да алға тартады. Қалай дегенмен, Жошының өмірге келуі мен атына байланысты құпияға толы сырға толық нүкте қойылуы екіталай. Адам тағдырының сан қилы қатпарлары туралы, жалпы өмірдің мәні туралы сансыз ойларға жетелейтін сұрақ ретінде Жошы тағдырының бұл құпиясы  оның есімімен бірге ұрпақтан ұрпаққа жете берері сөзсіз. Сондықтан, Жошы Шыңғыс ханның бел баласы ма,  әлде қаны меркіт пе деген сауалға да нүкте қою қиын. Дегенмен, деректерге сүйенсек, Шыңғыс ханның Жошыны әрқашан тұңғыш әрі сүйікті перзенті ретінде қабылдағаны анық.

Киіз туырлықтылар

Жошының бұдан кейінгі тағдыры қыпшақ даласымен байланысты болды. Оның бастамасы Шыңғыс ханның 1218 жылы Жетісуды, одан әрі Орта Азия мен Шығыс Дешті қыпшақ аумағын жаулап алу соғыстарымен байланысты. Орыс зерттеушісі  В.В. Трепавлов Шыңғыс хан бастаған моңғолдардың жаулап алу соғыстарын екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқы кезең – 1207-1218 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде моңғолдардың Моңғолия аумағынан тыс жерлерде жүргізген жаулап алушылықтары «киіз туырлықтылардың» бірлігі идеясы аясында жүзеге асты. Осылайша, көптеген түркі тайпалары мен халықтары моңғолдардың билігін өз еріктерімен қабылдап, олармен одақтық қарым-қатынастар орнатқанын атап өтеді. Тіпті ендігі жерде моңғол әскерінің құрамы түркілерден құралды. Мысалы, Алмалықтың сол кездегі билеушісі Бұзардың (Озардың)  баласы Суқнақ-тегін бастаған қаңлылар Шыңғыс ханның әскері құрамын толықтырған. Моңғолдардың Қазақстан мен Орта Азия аумағына басып кіруі қарсаңындағы Жетісудағы саяси жағдайға тоқтала кетейік. ХІІІ ғасырдың басында күрес негізінен Жетісуды жаулап алған қарақытайлар мен Хорезмшах арасында өрбіді. Мұхаммед Хорезмшах бұрынғы қараханидтер иелігіне мұсылмандарды кәпірлерден азат етуші ретінде келгеніне қарамастан, оның шапқыншылық жорықтары өлкені тонаушылыққа ұшыратып, жергілікті халықты қырып-жоюға бағытталды. Дәл осы кезеңде шығыста моңғолдардың күшейе бастаған тұсы еді. Сондықтан көп ұзамай қарлұқ ханы Арслан мен ұйғыр билеушісі Баурчик Шыңғыс ханның билігін мойындап үлгереді. Ал, Орхон мен Ертіс аралығындағы наймандар Шыңғыс ханнан жеңілгеннен кейін, Күшілік бастаған бір бөлігі Жетісуға, қарақытай билеушісінің қол астына келіп, пана табады. Көп ұзамай Күшлік гурханның қызына үйленіп, Хорезмшах пен қайын атасына қарсы одақ құрады. Осылайша, Жетісудағы билік Күш­лік­тің қолына өткенімен, әртүрлі аймақтардың жеке билеушілері дербес саясат ұста­­нып, оған бағына қойған жоқ. Дәл осын­дай жағдайда кейбір аймақтар ішкі алауыздықтар мен саяси тұрақсыздықты пайдаланған жергілікті халық билікті өз қолдарына алады. Сондай иеліктердің бірі – орталығы Алмалық қаласы болған қаңлылар иелігі еді. Әбілғазының хабарлауынша моңғолдардың Шу, Талас бойына басып кіруінің қарсаңында 50-60 мыңдай қаңлылар Хорезмшахтың қол астына нөкер болып кеткен. Ал, аталған аймақта 10 мың үйдей ғана қаңлылар қалған. Парсы тарихшысы Джувейнидің жазуынша, қаңлылардың осы бөлігінен шыққан, ұзақ уақыт бойы елді тонаумен, қарақшылықпен айналысқан Озардың күшейгені соншалықты, ол көп ұзамай Алмалық және бірқатар қалаларды иеленіп алған. Ортағасырлық автор Жамал Қаршы бойынша, Бұзар Тоғрыл хан өз ұлы Суқнақ-тегінді Шыңғыс ханға қызмет етуге аттандырса да, қызы Айуқ-хатунды достығының, туыстығының белгісі ретінде сыйлыққа беріп, одан жауларына қарсы көмек сұраған. Сондықтан, 1218 жылы моңғолдар Алмалыққа келгенде қаланы басқару құқығын Бұзардың ұлы Суқнақ-тегінге береді. Ал, Жошының қызы Булған-бикені Суқнақ-тегінге ұзатқан. Моңғолдардың жаулап алу жорықтары 1219 жылы Ертіс бойынан басталып, моңғол әскері Сырдарияға дейін бұрынғы жаулап алушылардың жолымен Жетісу арқылы жүрген. Моңғол әскері Ертіс бойынан күзде жылжыған кезде, оған қарлұқ Арслан хан, ұйғыр билеушісі Баурчик және Алмалықтың билеушісі қаңлы Озардың баласы Суқнақ-тегін өз жасақтарымен барып қосылады. Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыны Оты­рардан кейін Сырдарияның бойымен төмен қарайғы жерлерді бағындыруға аттандырды. В.В. Бартольд Шыңғысханның Жошыға мұндай тапсырма беруінің себебі, Моңғол империясының солтүстік-батыс аймақтарын үлкен ұлының иелігіне бергісі келгендігінен болар деп тұжырымдайды. Осы жорықта Жошы Сырдың төменгі ағысы бойындағы қалаларды қоршауға аттанған. Келесі топ Сырдың жоғарғы ағысы бойы қалаларын бағындыруды міндеттеріне алғаны белгілі. Деректерге сүйенсек Жошы бастаған моңғол әскеріне қатты қарсылық көрсеткен Сығанақ халқын жау әскерлері түгел қырып тастады. Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Ашнас халқы да осындай жағдайды бастарынан кешеді. Ал, Жент, Үзкент, Баршынкент қалалары жаппай қырып-жоюдан біршама аман қалды. Мұның себебі кейбір деректерде Жошының жаппай қырып-жоюға қарсылық көрсетіп, халықты бейбіт келісіммен көндіруге ұмтылған саясатының нәтижесі ретінде түсіндіріледі.  Зерттеуші В.В. Бартольд та кезінде Жошының Шағатаймен салыстырғанда барынша жұмсақ саясат ұстанғандығын атап өткен болатын.  width= 1220 жылдың сәуірінің соңына таман Жошы бастаған моңғол әскерлерінің Сырдың төменгі ағысы бойындағы Женд қаласын алуымен моңғолдардың бұл бағыттағы жаулап алу ұрыстары аяқталады. Бұдан кейін Жошы бастаған әскер Үргеніш түбінде Үгедей, Шағатаймен бас қосты. Үргенішті алар тұста қала тағдырына қатысты Шағатай мен Жошы арасында дау туды. Қаланы қантөгіссіз алу туралы ұсыныс берген Жошыға Шағатай қарсы шықты. «Кімнің шешімі» соңғы сөз болуы керек деген сауалмен  Шыңғыс ханға аттанған жаушы ұлы ханнан «Үгедейдің шешімін» қабылдау туралы жарлық әкелді. Аса қатыгездік пен жантүршігерлік қантөгіспен алынған Үргеніш жорығынан соң Жошы біржолата Сыр бойына бет алады. Рашид ад Диннің  «Жылнамалар жинағында» келтірілген мәліметтер бойынша 1221 жылы Жошы Хорезмнен оралған соң, Ертіс пен Алтай тауларының аралығындағы барлық қысқы және жазғы жайлаулар мен  аймақтар толығымен Жошының ұлысы ретінде оған үлеске берілді. Сондай-ақ Жошыға бүкіл Дешті қыпшақ аймағы мен одан тыс жатқан «моңғол жылқысының тұяғы жеткенге» дейінгі жердің барлығына өз билігін жүргізуді бұйырады. Жошы ұлысының негізгі ордасы Ертіс аймағында орналасты.

Құпия өлім

Ортағасырлық деректерге сүйенсек, Орта Азия аумағын жаулап алуды сәтті жүзеге асырған Шыңғыс хан 1223 жылы Самарқандтан 20 шақырым жерге орда тігіп, аң аулау рәсіміне барлық ұлдарын шақырады. Сыр бойындағы аң атаулысын әкесіне қарай ығыстырып, тамаша аңшылықты ұйымдастырып бергенімен, Жошы әке ордасына келмей қалады. Келесі жылы Шыңғыс хан Ертіс бойында ордасын тіккен тұста да Жошы «денсаулығының нашарлығын» айтып әкесімен жүздеспейді. Парсы тарихшысы Джузджани  Жошы «әкесінің жерлер мен адамдарға қатысты қаталдығына» наразы болғанын атап өтсе, Рашид ад Дин бойынша әке мен баласының арасы олардың өмірінің соңғы жылдарында салқын тартқан еді. Осы деректерді сарапқа салған көптеген зерттеушілер  бұл оқиғалар Шыңғыс хан мен Жошының арасындағы алауыздықты өршітті деген пікірді ұстанса, тіпті Л. Гумилев бойынша «Шыңғыс хан өз ұлы Жошыға өлім де тілеген» деген пікірлерді туындатты. Жошының қайтыс болуына қатысты деректер қайшылықты. Оның туған жылы тәрізді қайтыс болған жылы да нақты емес. Кейбір деректер бойынша ол 1225 жылдың соңында немесе 1226 жылдың басында,  кейбір мәліметтер бойынша 1227 жылы қайтыс болған. Дегенмен, Жошының әкесі Шыңғыс ханнан бұрын қайтыс болғаны белгілі. Бір деректерде Жошы жабайы құландарды аулап жүргенде қайтыс болған делінсе, кейбір мәліметтер бойынша оны улап өлтірген. Бүгінде Жезқазғаннан солтүстік шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Ұлытау тауларында тұрғызылған Жошы хан кесенесінде де «Жошы хан жерленген бе, жоқ па?» деген сауал ашық күйінде қалып отыр. Жошы хан кесенесіне археологиялық зерттеу жүргізген Әлкей Марғұланның қазбасы кезінде кесененің ішінен табылған екі қабір анықталыпты. Олардың бірінен табылған шегеленген табыттан үстіңгі жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегі шыққан. Әрі қолсыз жерленген. Көне аңыздарда Жошы хан қабірге бір қолсыз жерленген десе, келесі аңызда бұл кесенеде Жошының тек бір қолы немесе «Жошы ханның шынашағы» қойылған деген мәліметтер айтылады. Зерттеуші З.Қинаятұлы: «Әкесінің көзі тірісінде Жошы ханға мазар тұрғызылуы мүмкін емес, дей келе, тіптен атасынан 19-20 жыл кейін дүние салған кіші держава билеушісі Баты ханның өзі қайда жерленгені қазірге дейін белгісіз. Екіншіден, мазардан 1946 жылы Марғұландар тапқан сүйек 70-72 жас шамасындағы ер адамға тән. Ал Жошы 46 жасында о дүниелік болған. Үшіншіден, мазардың жер асты және жер үсті архитектуралық конструкциясы, қолданған құрылыс материалы ХV-ХVІ ғасырларға жатады. Сондықтан В.Бартольд айтқандай мазарды Жошының мұсылманданған хан ұрпақтарының бейітсіз қалған хан бабасына (Жошыға) арнап кейінірек тұрғызылған болуы әбден мүмкін» деген пікір білдірген.

Ұлы жыршы

Жошы өліміне қатысты халқымыздың жадында аңыз бен «Ақсақ құлан, Жошы хан» атты тарихи күй  сақталған. Халық жадында хатталған бұл әпсанада Шыңғыс хан сүйікті ұлы Жошының қазасын кімде-кім естіртсе көмейіне қорғасын құю туралы бұйрық берген деседі. Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресіне» сүйенсек, барлық ұлдары мен қыз­дарының ішіндегі ең сүйікті перзенті Жошының қайғылы қазасын ханға Ұлы жыршы ғана астарлы жырмен жеткізген екен. «Тенгиз баштын булғанды ким тондурур, а ханым? Терек тубтын джығылды, ким турғузур, а ханым?», – деген Ұлы жыршыға, Шыңғыс хан: «Тенгиз баштын булғанса тондурур олум Джошы дур, Терек тубтан джығылса, турғузур олум Джошы дур», – деп жауап қайырған екен. Ұлы жыршы сөздерін қайта қайталағанда көздерінен жас парлап аға беріпті. Осы сәтте Шыңғыс хан: «Козунг йашын чокуртур конглунг голды балгаймы?» «Джиринг конгуль бкуртур Джучи ольди болгаймы?» – дегенде Ұлы жыршы: «Сойлемекке эрким йоқ сен сойлединг, а ханым»! «Оз йарлыгынг озге джаб айу ойлединг, а ханым»! деп жауап қайырғанда, әлемді уысында ұстаған қаһарлы билеуші: «Кулун алган куландай кулунумдин айрылдым», «Айрылышкан акаудай эр олумдин айырылдым»,  –  деп теңселіп кеткен екен деседі. ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында қыпшақ (түрік) тілінде айтылған бұл өлең жолдарының қазіргі қазақ тіліндегі нұсқасынан аса көп айырмашылығы жоқ екенін тіл мамандары түгілі, қазақ тілін жетік білетін әрбір адам аңғарады. Бұл төрт жолдың қазіргі қазақ тіліндегі нұсқасы былайша айтылады: «Теңіз бастан былғанды, Кім тұндырар, уа ханым?! Терек түптен жығылды, Кім тұрғызар, уа ханым?! Теңіз бастан былғанса, Тұндырар ұлыс – Жошы-дүр! Терек түптен жығылса, Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!». Ел аузында сақталған аңыздағы, Әбілғазы баһадүр ханның еңбегінде тек Ұлы жыршы деген атпен белгілі тұлғаны Рашид ад диннің еңбегінде аты аталатын Кетбұға қолбасшымен байланыстыру орын алған. «Жылнамалар жинағында» Кетбұғаның 1253 жылғы құрылтайда Хулагудың Иранға аттанған әскерінің алдыңғы тобының қолбасшысы болып тағайындалғандығы, оның Иран, Ирак, Сириядағы жаулап алушылықтары, ақыры 1260 жылы 3 қыркүйекте қыпшақтық мәмлүктердің қолынан қаза тапқандығы егжей-тегжейлі жазылған. Ортағасырлық деректерде аты нақты кездесетін бұл тұлғаның, яғни, Кетбұғаның күйшілігі, оның Жошының өлімін Шыңғысханға күймен естіртуі жөніндегі аңызды ең алғаш ел аузынан А.Мелков жазып қалдырған (Мелков А. Материалы по киргизской этнографии //Труды общества изучения киргизского края. Вып. ІІІ. –Оренбург, 1922. -169-170 бб.). Бірақ ол аңызда күйшінің аты Кетбұға емес, Кер-бұға деп берілген. Сондықтан осы арада Жошы өлімін Шыңғыс ханға естірткен «найман күйшісі, биі, моңғол әскерінің қолбасшысы Кетбұға ма, әлде Кербұға ма? Әлде Кербұға - күйші, Кетбұға  моңғол әскерінің қолбасшысы ма?» деген пікір де ойға оралады.  Дегенмен «Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясындағы» мәліметті келтіре кетелік. Онда Кетбұға туралы мынадай жолдар бар: «Кетбұға (шамамен 1150-1225) – жырау, күйші, аңыз кейіпкері. Орта жүз құрамындағы найман тайпасының бағаналы тармағынан щыққан. 14 ғасырда жазылған «Шаджарат әл-атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздар бойынша, Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкім батпайды. Сонда Кетбұға бас кетер ауыр міндетті өз мойнына алады. ...Халық өлеңдері мен аңыз-әңгімелерде де Кетбұға ел қамқоры, дана ақсақал ретінде бейнеленген. Ол туралы аңыздар қырғыз фольклорында да бар» деген анықтама берілген.

Жошы ұлысы немесе Қыпшақ хандығы

Атап өтетін бір маңызды мәселе ХІІІ ғасырда қыпшақ тілі жеңіске жеткен моңғолдармен бірге моңғол тілінің келуіне қарамастан, тұрмыстық деңгейдегі, рухани өмірдегі, әдебиет саласындағы өз позициясын жоғалтпайды, тіпті жоғарғы деңгейдегі мемлекетаралық қатынастардың, елшілік қарым-қатынастардың құралы ретінде моңғол тілімен қатар қолданылып, ХІV ғасырдың өзінде оны бірте-бірте қолданыстан ығыстырып шығарады. ХІІІ ғасырда өмір сүрген Дешті Қыпшақтың ұлы жыршысы Кетбұғаның Жошының өлімін Шыңғыс ханға астарлап естіртуі дәстүрлі өлең түрінде айтылып, қыпшақ (түрік) тілінде баяндалғаны, бұдан басқа түркі тілінде жазылған шығармалардың Алтын Орда аймағында пайда болуы мен кең таралуы қазіргі Алтын Орда деп жүрген мемлекеттің шын мәнінде түркі мемлекеті болғандығын көрсетеді. Мысалы,  XIV ғасырдың бірінші жартысында Алтын Ордада болған араб авторлары Жошы ұлысында билік құрған ресми хандардың бәрін Қыпшақ хандары деп атайды. Мысал келтірсек,  Аддзехеби (1348/1349 ж.ө.) өзінің «Ислам тарихы» атты еңбегінде Берке ханды «Қыпшақ және Судак даласының патшасы болған», ал Тоқта ханды  «Қыпшақ патшасы», – деп жазады. Ал-Омари Алтын Орданың билеушісін «Қыпшақ патшалығының ханы», «Қыпшақ және Хорезм жерлерінің билеушісі», Өзбек ханды «Қыпшақ мемлекетінің қазіргі билеушісі», –  деп жазады. Ибн Ал - Форат «665 жылы (1266 ж. 2 окт. – 1267 ж. 21 сент.) (Тоған) патшаның ұлы Менгутемір қыпшақ патшалығының тағына отырды», – деп атап өтеді. Бұл деректерде Алтын Орда, Жошы ұлысы атауы мүлде қолданылмайды, керісінше, бір ғана термин – Қыпшақ мемлекеті және Қыпшақ ханы деген атау айтылып тұр. Сондай-ақ, мәліметті берушілердің бәрі дерлік өз еңбектерінде ХІІІ ғасырдағы тарихи жағдайларды сипаттап қана қоймай, өздері Алтын Ордаға келген кездегі көргендерін де айтып өтеді. Оған «қазіргі кездегі Қыпшақ мемлекетінің билеушісі Өзбек хан» деген дерек дәлел. Деректің мәліметтеріндегі тарихи оқиғалар ХІІІ ғасыр мен ХІV ғасырдың бірінші жартысындағы кезеңге сәйкес келеді. Олай  болса, ХІV ғасырдың басында-ақ Дешті Қыпшақтағы моңғолдық этникалық элементтер толығымен және түпкілікті түрде қыпшақтанып болған. Осы үрдісті ал-Омаридың  мынадай дерегінен көруге болады: «Ежелде бұл мемлекет қыпшақтар елі болатын, бірақ оларды татарлар басып алған соң, қыпшақтар оларға бағынышты болды. Бұдан кейін олар (татарлар) (қыпшақтармен) араласып, туыстасты және жер олардың (татарлардың) табиғи және нәсілдік белгі­лерінен үстем түсті; моңғолдар (және татарлар) қыпшақтар жеріне қоныс­танғандықтан, олармен некеге тұрып, олардың (қыпшақтардың) жерінде өмір сүріп қалғандықтан, өздері де олармен бір рудан шыққандай, тура  қыпшақ болып кетті». Осылайша, Жошы ұлысы негізінде қалыптасқан Алтын Орданың шын мәнінде қыпшақ мемлекеті болғандығын, ал оның билеушілері ретінде кел­ген Шыңғыс ұрпақтарының XIV ғасырда-ақ қыпшақтанып кеткенін көреміз. Деректерде айтылғандай «Қыпшақ даласының су мен ауасын ерекше ұнатқан» Жошы мен оның ұрпақтарының тағдыры бүгінгі қазақ жерімен бірге астасып кетті. Жошы ұрпақтары болып саналатын қазақ хандарынан бастап, кешегі Алаштың көсемі Әлихандар ұлтымыздың мақтанышы ғана емес, елдігі­міз­дің символы іспетттес. Сондықтан, тағдыры құпияға толы Жошы ханның өмірі кешегі жауынгер бабаларымыздың өр тұлғасы мен рухының көрінісі ретінде халқымыздың жадында жатталған күйі қала берері сөзсіз.

 

Меңдігүл Ноғайбаева,

тарих ғылымдарының

кандидаты, қауымдастырылған профессор

Серіктес жаңалықтары