1444
Гиннестегі қазақтар
Гиннестегі қазақтар
Күні кеше Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының қыз-келіншектері Гиннестің рекордтар кітабына енді. Мың күбіге 10 мың литр қымыз құйып, бір мезетте піскен арулар әлемдік рекорд орнатты. Тарихи сәтті тіркеу үшін елімізге арнайы келген Гиннес рекордтар кітабының Кубадағы өкілі Юделькис Диас таңданысын жасыра алмады.
Игі шара Жаңарқа ауданының 90 жылдығына және сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылды. Әлемдік рекорд орнату үшін аудандағы 14 елді мекеннен мыңға тарта келіншек жиналды. Ақ жаулықты аналарымыз бен қылықты қыз-келіншектер 10 тонна қымызды мың күбіге бөліп құйып, бір мезетте жарыса пісті.
Оқиғаны Гиннестің рекордтар кітабына тіркеу үшін Кубадан арнайы келген Юделькис Диас әлемдік рекорд орнатылғанын ресми түрде растады. «Мұндай рекорд әлемде алғаш рет тіркеліп отыр. Өте әдемі шара, алған әсерім керемет. Енді нәтижесі бір ай ішінде біздің сайтта жарияланады. Барлығын тексердім, рекорд орнатылғанын растаймын», – деді Юделькис Диас. Ресми өкіл аудан халқын құттықтап, әкімге сертификат табыстады.
Әлемдік рекордтар кітабына Қазақстанның атынан енген керемет жетістіктер аз емес. Солардың ішінде әлем назарын ерекше аударған оқиғалар мен ерек есімдерді еске түсіріп көрелік.
2011 жылы желтоқсанда қазақ география қоғамының экспедициялық тобы оңтүстік полюске дейінгі 2308 километр жолды автокөлікпен 108 сағатта басып өтті (орташа жылдамдығы – 21,37 км/сағат). Бұл экспедиция «Оңтүстік полюске құрлық арқылы жеткен ең тез орташа жылдамдықтағы сапар» ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді. Экспедиция мүшесі Орденбек Мазбаевтың айтуынша, топ мүшелері қандай да бір жүлде алуды мақсат етпеген. Оларға Гиннестің рекордтар кітабына енгенін бір жыл өткен соң ғана хабарлапты.
Ғажайыптар кітабындағы «әлемдегі ең биік шатыр құрылыс» – елорда төріндегі «Хан шатыр» ойын-сауық кешені. Биіктігі 150 метрден асатын ғимараттың сәулеті кез-келгеннің таңдайын қақтырмай қоймасы анық.
2003 жылдың 27 қыркүйегінде бүкіл Қазақстан аумағында салауатты өмір салтын насихаттау үшін өткізілген аэробикалық жаттығу да рекордтар кітабына енді. Елдің бар өңірінде бір мезетте 4 млн 845 мың 98 адам қатысқан шара «әлемдегі ең көп адам қатысқан аэробикалық жаттығу» ретінде танылды.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1989 жылы 1 қарашада алғашқы болып, авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. «Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті. Авиация тарихында тұңғыш рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақтың есімі Гиннестің рекордтар кітабына қатталды.
Ғарышкер Талғат Мұсабаев та бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышқа сапарлағаны үшін рекордтар кітабына енген.
Жеті мәрте рекорд орнатқан қазақ марафоншысы Марат Жыланбаевтың есімі де Гиннес кітабы арқылы әлемге танылды. Ол Еуропаның ең биік шыңы Эльбрусқа (5642 метр) марафондық жүгіріспен жеті күнде жүгіріп шықты. 1992 жылы 20 күнде Қарақұм шөлін (1200 километр), 1993 жылы 24 күн ішінде Сахара шөлін (1700 километр), сол жылы 22 күнде Үлкен Виктория шөлін (1600 километр), 1994 жылы 17 күнде Мохава шөлін (1218 километр) басып өткен.
Орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин де рекордтар кітабына енген. Қазақстандық боксшы бұл құрметке нокауттар саны жағынан ең жоғары көрсеткіш – 91,67 пайызды көрсеткені үшін ие болды.
Екібастұз қаласындағы ГРЭС-2 – әлемдегі ең ұзын түтін шығаратын құбыр. Оның ұзындығы – 419,7 м. Мұнараның ең биік шыңына жаяу көтерілу үшін 4 сағаттай уақыт жұмсау керек. Әйгілі Эйфель мұнарасының биіктігімен салыстырар болсақ, ГРЭС-2 одан 100 метрге биік. ГРЭС-2 кешенінің қуаттылығы мен мүмкіншілігі Байқоңыр сынды ірі космодром мен өзге де стратегиялық маңызды нысандарды қамтамасыз етуге қауқарлы.
2014 жылы Алматы тұрғындары «Аналар күнін» мерекелеу аясында 856 келі бауырсақ пісірді. Оны дайындауға барлығы 650 кг ұн, 650 литр өсімдік майы, 450 литр су, 15 кг тұз және 15 кг қант жұмсалды. Бұл оқиға ғажайыптар кітабына «Ең көп пісірілген және желінген бауырсақтар» деген атпен кірді.
2008 жылы Қытайдағы этникалық қазақтар әлемдегі ең ұзын қазыны дайындағаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Асанбекқызы салмағы бір тонна, ұзындығы 100 метр болатын алып қазы дайындады. Болат Бейнелұлы рекордтың тіркелгені туралы сертификат Қытайға берілуін қолдаған жоқ. Сол себепті, рекорд қазақ халқының атына жазылды.
2010 жылы Қытайдың Ұйғыр автономиясында тағы бір рекорд тіркелді. Бұл жолы 10 мың домбырашы бір сәтте қазақтың «Кеңес» күйін орындап, әлем назарын аударды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне еліміздің бір топ жастары жаппай «Қара жорға» биін биледі. Бұл еліміздің Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанға арнайы дайындалған шара болатын. Кейін аталған флешмобты Гиннестің рекордтар кітабы тіркеді.
Ғажайыптар кітабындағы «әлемдегі ең кішкентай домбыраны» 2012 жылы Болатбек Кәрімханұлы жасады. Домбыраның ұзындығы – 45 мм, енді – 14 мм болды. Шынашақтай аспап шебердің атын дүние жүзіне әйгілі етті.