Барлыбектің өлімі: ақиқат па, жұмбақ па?

Барлыбектің өлімі: ақиқат па, жұмбақ па?

Барлыбектің өлімі:  ақиқат па, жұмбақ па?
ашық дереккөзі
Қазақтың бағына туған кейбір тұлғалардың өмір жолы неге жұмбақ, неге құпиялы?! Осы сауал мені үнемі ойландырады, толғандырады. Әсіресе, олардың фәниден бақиға «тезірек» өтуінде бір шикілік бар-ау, осы. Әрине, оның сыры тек жаратқанға ғана аян болар! Мәселен, қазақтың алғашқы ғалымдарының бірі, жарық жұлдыз аяулы Шоқанның орда бұзар отызында мерт болуы – орны толмас өкініш. Замана заңғары  М.Әу­езовтің де Мәскеу ауруханасына өз аяғымен кіріп, табыт болып шығуы және т.с.с. тұлғалардан қапияда көз жазып қалғанымыз бар емес пе?! Ал Смағұл Сәдуақас, Мұстафа Шоқай, Әміре Қашаубай, Күләш Бәйсейіт келіні, Иса Байзақұлы... Құдай-ау, осындай ұлт асылдарының өмірі неге трагедиялық жағдаймен аяқталды екен? Қарап отырсам, хас жүйріктеріміздің көбі Кеңес заманында мерт болыпты ғой... Күдік тудырады. Бұл шынымен қандай күдік?  Алаштың тұғырлы перзенті Барлыбек Сыртанұлының да құрт ауруынан қайтыс болғаны күдік тудырады. Оның құрт ауруынан өлгені ақиқат па, жұмбақ па?! Негізгі айтар уәжіміз осы – Барлыбек Сыртанұлының өлімі төңі­регінде. Алаш оқымыстысы Барлыбек Сыр­тан­ұлы 1914 жылғы 26 қа­ра­шада дүниеден өткен-ді. Оның құрт ауруынан қайтыс болғаны туралы деректер С.Өзбекұлы, Ө.Ақыпбекұлы, Н.Дулатбеков сияқ­ты зерттеушілердің еңбек­те­рінде айтылған. Енді біз өз тарапымыздан ұсынар уәжімізді санамалап, тарқатар болсақ. Бірінші, Б.Сыртанұлы Патша­лық билік жүйесінде ұлық дә­режелі қыз­мет­те болған шенеунік еді. Оның аяқ-асты қызметінен шет­тетіліп, ақырында көп ұзамай өлім құшуына не себеп болды? Барлыбектің әрі шәкірті, әрі рухтасы М.Тыныш­пай­ұлының қаза­на­ма­сында: «...1909 жылы қыз­мет­тен шық­ты. 18 жыл қызмет қылып, біреуден бір жаман сөз естімей, жаманды көрмей, абыройы қайтпай, Жетісу облысы­ның қазақ-қырғызының бірінші ардақты адамы болып, еліне қайтты. Қапалдан 75 шақырым, Ақсу бекетінің қасында 12 ша­қы­рым жердегі қыс­тауы­на мекендейтін болды», – деп оның 1909 жылы қызметінен босап, дем­алыс­қа (отставка) шыққаны ай­тыл­ған. Ал Барлыбектің үлкен ұлы Кә­кенің (Абдулқадыр) күн­делік-дәп­те­рінде: «...1908-1909 жылдар қызме­ті­нен бо­санып, 42-43 жасында Сүт­ті­ген-Бұрған бойына көшіп барады. Қыз­метінен босау себебі 1-ші ол кезде ауру болады, 2-ші саяси көзқарасы сенімсіз деп табады», – делінген. Негізінде, бұл уақытта Барлы­бек­тің денсаулығы сыр бермеген болатын. Оның үстіне ол өзі таби­ғатынан бойына дәрігерлік қасиет қонған адам болатын. Петербор­да­ғы Императорлық университетті бітірген соң, туған жеріне келіп, қызметке араласа бастаған тұ­сын­да қазақ даласында өсетін емдік қа­сиеті зор шөп, гүл т.с.с. зерттеп, «Дәрілік өсімдіктер» («Травяные растение. Способ употребления его». Орыс тілінде жазылған – Т.Е.) деп аталған медициналық еңбек жазған, еуропалық тұрмыс пен мәдениетті игерген бұ қайраткердің өзін-өзі күтіп, баптамауы мүмкін емес. Ашығын айтқанда, оның қызметтен босауы – саяси көз­қа­расы мен ұс­та­ным­дығы екені анық. Кә­кенің күнделігінде: « ...Үйткені 1905-1906 жылдарда Пакатилов деген жандарал алдында (Верныйда) тілмаш бола жүріп, қоғамдық жұмыс­тар­мен шұғылданады: 1) 1905-1906 ж.ж. Панфилов пен Юнных-Комунаров көшесінің түйіс­кен жеріндегі үйде (Қазірде детбольница) бірінші мұсыл­ман­дар кітапханасының ашылуына көмек береді; 2) Жетісу губерниясына қа­рас­ты Қазақ, Қырғыздарға қыстақ салыңдар, жерді мекендеп, тұрғын ел болыңдар, мектеп ашыңдар, мектеп салыңдар деген іске кіріседі. (Бұл туралы қолда деректер, дәлелдер бар). 3) Патша үкіметінің саясатына сын көзбен қараған қазақ, татар оқы­ған­дарымен сыбайлас болады; Қазақтың атақты оқымыс­ты­сы – Қаратаев Бақытжан сияқ­ты адамдармен бірге оқып, бірге болған. Мысалы, Балықты тауының үс­­­тін­­дегі Ақтасты Қоңырский де­ген екі қыс­тақты салдыруда зор қатынасы бар. Және Қа­ра­ғаш­тағы Маман-Тұрыспек мек­те­­бінің салынуына да көмегі болған. 4) Сол кездегі Тасбегет-Абакум казак орыстары Ақсудың суын қара­пайым қазақтарға уағында бермей зор­лық жасаған уақиғаларына Барлыбек араласады. Айта берсе, Барлы­бек­тің әділдік-момындық туралы көп еңбегі бар екен. Барлыбек Сыртанов сол за­ман­дағы полит­саның бақы­лауында болу керек. Мысалы, 1912-1913 жылдар Қапал уезд­ный нач-ктың помощнигі, сол кез­дегі Арасан елінің волостной управителімен 4 рет келіп үйді тінтіп кітаптарды ойыстырған, сонда мен ауылдамын. 5) Қазақ, қырғыз балаларының талаптыларын оқуға түсіруге көмек береді. Мысалы Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бөрібаев т.б. Бұдан басқа да көптеген көп әлеу­меттік жұмыстары толып жатыр. Оның бәрін айтып жеткізуге уақыт көп керек», – деп жаз­ған. Қа­раңызшы, міне, мынадай қоғам­дық істерге араласып, қазақ жастарының білім алып, оқу­ла­рына жол ашқан адамның бұндай әрекеті – Патшалық билік үшін қауіпті болған! Ал, 1905 жылғы «Қар­қаралы құ­зыр­­хаты» құжатына қол қоюы немесе осы жылы Орал өңі­рін­де өткен қазақ зия­лыла­ры­ның құрылтайы, он­дағы демо­кра­тиялық партия құру мәсе­ле­сінің күн­тәр­ті­біне енуі – бәрі-бәрі оның ұлт-азаттық жолын­дағы күрес­кер­лік қызметі болып табылады. Пат­ша­лық биліктің кеңсе­сінде осындай күрес жолында жүрген қай­рат­керге әлбетте орын болмайды ғой. Оның орны – не абақты, не өлім ға­на. Және Кәкенің әкесі Барлы­бек­тің полиция бақы­лауын­да болды дегені де рас. Тіпті, Кәкенің өзі де 1956 жылға дейін бақылауда жүріпті. (Бұл туралы «Сары дәп­тер­дің сыры» //Ақиқат, журналы, №3, 2017. Оқыңыз – Т.Е.) Екінші, Барлыбектің ден­сау­­лы­ғы қа­шан сыр берді? Бұл – 1910-1911 жылдар аралығы. Яғни, осы жылдары Бәкең талқыға түскен қазақ жерінің тағдыры үшін Патша үкі­метінің басшысы П.А.Сто­лы­­пин­нің аг­рарлық сая­сатына қарсы шы­ғып, әділдік іздеп бас шаһар – Петерборға келіп, Әс­кери ми­нистрлікке, Патшалық ағ­замға шағым жолдайды. Осы уа­­қыт аралығында замандасы, бола­шақ Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің төр­аға­сы (1917-1920) Ә.Бөкейхан­мен кездесіп, оның тапсырмасымен «Қазақ елі­нің Уставы» деп аталатын 4 бөлім, 28 баптан тұратын бүгінгі қазақ­тың ал­ғашқы консти­туциялық заң­ын жазады. Бұл заң жобасы кейін­ірек Алаш партия­сының бағ­дарламасына негіз болды. Дәл осы уақыт ара­лы­ғында ауа-райы құ­был­малы, жері саз­ды, тағаны сыз тартып тұ­ратын бұ қала – оның ден­сау­лы­ғына кері әсер етіп, өк­песіне суық тигізеді. Ел-жұрты уақы­тында көмекке ақша сал­мағандықтан ауруы асқы­на­ды. Бұл турасында М.Тыныш­пайұлы: «1911 жылы Алматыға бірсыпыра қазақ, қырғыз, сарт, ноғай жиылып, Барлыбекті сайлап, Петро­град­қа жіберді. Сөзінің ең барып тұрған қиыны – баяғы қазақ жері. Пе­троградта бір қыс тұрып, қатты науқас болып, қан түкірді. Сонда да ел-жұртының жібергеніне қарай қайтпады. «Лепсі уезінің жерін жазған кітап менен бұрын басылып шығыпты, енді Қапал һәм Жаркент уез­де­рінің нормасын азырақ көбейтуге қолым жетті. Ғалиханға жо­лы­ғып, көп сөйлестік» деп һәм өзге сондай сөз­дерді айтып, маған хат жазды. Жарық­тық, қызық-ай! Кейбір қиын­шылық жерде «қазақ­шылық» деген бір жаман сырың шыға келеді-ау. Сондай науқас болып жат­қанда жиып артынан береміз деген ақшаны, Алматыға қараған халық жиып жіберуге асық­пай жатып алды! Өзінің басына көтеріп, таңдап жіберген Барлыбегін ұмытқандай болды! Сонда да мені мұндай қылды деп Барлыбек  ешкімге айт­қан жоқ. Ақша жоқ болып, қысылып, өзі көкжөтелден қан түкіріп, үйіне әрең жетті. Үйіне келген уақытта хүкімет Бар­лы­бектің өтінішін, һеш нәрсе таба алмай, мойнына сала алмады», – деген екен. Енді қараңыз: Жетісу жерінің, оның үстіне Ақсу-Қапал өңірінің шөбі шүйгін, ауасы таза, суының емдік қасиеті зор жер. Және Барлыбектің маңайындағы қазақ­тар, аталас туыстары Маман қа­жы­ның ұрпақтары да ауқатты тұрған. Қымыз, саумал ішіп, дертінен құлан-таза айығуы да мүмкін. Мен осыған сенемін. Ал М.Тыныш­пайұлының: «...екі айдан кейін (сентябрьде) «ағам науқа­сы­нан тәуір болды» деп үлкен баласы бізді қуантып хат жазды», – деп жазғаны бар. Алдағы уақытта М.Тынышпайұлының жеке архивімен танысып, бір-біріне жаз­ған хаттарын іздестіруіміз керек. Егер осы хаттар табылып жатса, бүгінгі ғылым тілі 180 градусқа өзгеріп, басқаша сайрар еді. Осындайда, «Сөйлеп бір кетсе өткен­дер...» (Қ.Мұқашев) деп тіліңді тіс­теп отырады екенсің... Тағы бір дерек: Талдықорған қа­ла­сындағы І.Жансүгіровтің әде­би музейін басқарған, өлке­та­ну­шы К.Қо­қымо­ваның жазған де­ректеріне сүйенсек, «Б.Сыр­та­новтың еліне, тұр­ған жеріне барып, ақсақалдармен кез­де­суді жөн көрдік. Туған жерінде іздеп тап­қан адамымыз, Арасан совхозында тұрып жатқан 96 жастағы Сә­пиев Слам­­бол қария болды. Қа­рия­­ның тү­сін­­­діруімен «Сыртан» жеріне бет алдық. Арасаннан күн­­батысқа қарай Терең­өзек­ті, Онбұлақты өтіп, Көкқия тауы­ның етегінде,ел аузында «Сыртан жері» – деп аталатын жерге келдік. Қа­зір бұл жерде Арасан совхозының қыс­­тауы орналасқан. Қыстаудан оқ­шау­лау орна­лас­қан Құлшан руы­ның зиратында Барлыбектің әкесі Сыртан Боқыұлы, ұлы Барлыбек Сыртанов және басқа­ла­ры жерленген. Сөзге са­раң, тұйықтау бо­лып көрінген Сламбол ата: Мен Бар­­лыбекті бозбала кезімде, ауыл­ға бір келгенде көрдім. Қара то­ры, ұзын бойлы, қолында таяғы бар, ақ костюмде болды. Барлыбек болып өтті» – деп қыс­қаша ғана си­пат­тама беріп, сөзін аяқ­тады», – дейді. Және осы көнекөз ақсақал Барлыбекті өз ажалынан өлме­ге­нін айтқан. Сламбол ақса­қал­дың айтуынша, Барлыбекті екі атты әскер адам келіп, тауға айдап әкеткен. Барлыбекті тау арасында атып өлтірді деген әңгіменің төркіні бәлкім осыдан шыққан болар?! Қалай десек те, Барлыбектей арыс­тың бұ дүниеден мезгілсіз өтуі – иіріл­ген сансыз сұрақтарға толы болып тұр! Алдағы уа­қыт­тағы барлыбектану сала­сы­ның басты міндеті: оның өмір жо­лы­ның құпиялы, ақтаңдақ түскен күн­гейлі жақтарын ашып, жұм­ба­ғын шешу.

Елдос ТОҚТАРБАЙ