368
Токио Олимпиадасы: Қазақстан қоржынында 15 жолдама бар
Токио Олимпиадасы: Қазақстан қоржынында 15 жолдама бар
Елордада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның қоржынына 2020 жылғы Олимпиаданың үш жолдамасы түсті. Әлем біріншілігінің үшінші күні грек-рим күресінен олимпиадалық салмақ дәрежелерінде белдескен қос балуанымыз жолдамаға иелік етті.
60 келі салмақта Мейрамбек Айнағұлов пен 77 келі салмақта Асхат Ділмұхамбетов жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлде үшін таласады. Бүгін жарыс жолына балуан қыздарымыз шығып, бірден Олимпиада жолдамасын иеленді. 50 келі салмақта Валентина Исламова іріктеу кезеңінде франциялық Жюли Сабатье (11:0) мен 1/8 финалда беларусь Ксения Станкевичтен (12:0) басым түсті. Ал жартылай финал үшін өткен белдесуде түркиялық Эвин Демирханды жеңді. Осылайша, балуан қыздарымыздың ішінен Валентина Исламова алғаш болып Олимпиада жолдамасына иелік етті.2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама саны 15-ке жетті. Бұған дейін Токиоға жолдама жеңіп алғандар:
- Ришат Хайбуллин (Спорттық скалолаз)
- Дмитрий Баландин (100,200 метрге брасс әдісімен жүзу)
- Ольга Рыпакова (Жеңіл атлетика)
- Георгий Шейко (Жеңіл атлетика)
- Евгений Гидич (Велоспорт, шоссе)
- Классикалық садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы
- Денис Ганькин (Садақ ату)
- Ильфат Абдуллин (Садақ ату)
- Санжар Мусаев (Садақ ату)
- Виталий Худяков (Ашық суда жүзу)
- Екатерина Немич (Бейнелі жүзу)
- Александра Немич (Бейнелі жүзу)
- Мейрамбек Айнағұлов (Грек-рим күресі)
- Асхат Ділмұхамедов (Грек-рим күресі)
- Валентина Исламова (Әйелдер күресі)
Айта кетейік, танымал Gracenote статистикалық агентігі 2020 жылы Токиода (Жапония) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына болжам жасаған болатын. Олардың сараптауы бойынша қазақстандық спортшылар 2 алтын алады. Бұдан бөлек 4 күміс, 5 қола алады деп жазылған. Жалпыкомандалық есепте 11 медальмен 27-орыннан көрінуі мүмкін.ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Төртжылдықтың басты додасында 33 спорт түрінен 339 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Айта кетейік, Рио Олимпиадасы алдында "Gracenote" қазақ спортшылары 4 алтын 3 күміс 9 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 23-орын алады деп болжаған еді. Бразилия жерінде қазақ спортшылары 3 алтын 5 күміс 9 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 22-орын алды.