369
"Қоғам" апталығы (12.09.2019)
"Қоғам" апталығы (12.09.2019)
Партия өтініші бойынша Жоғарғы сот өкілдері сотқа жүгінгендерді қабылдады
«Nur Otan» партиясының өтініші бойынша Жоғарғы соттың төрағасы А. Жақыповтың тапсырмасы мен Жоғарғы соттың өкілдері Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерден келген сотқа жүгінгендерді қабылдады.
Партиядан көмек сұрай келген азаматтардың бірі – атыраулық Шыныбек Құшалиев. Атырау облыстық экономикалық сотының шешіміне шағымданып келген азамат 5 млн теңге шығынға батқанын айтады. Оның сөзінше, атқамінерлер жалған құжат арқылы азаматтан қомақты қаражат өндіріп алыпты. Сот шешіміне наразы кәсіпкер 5 жылдан бері істің ақ-қарасын анықтап беруді сұрап жүр. Ал Шыныбек Құшалиевтің арызын тыңдаған жоғарғы сот өкілдері істі әділ қарауға уәде берді.
Республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне келгендердің жартысынан астамы алаяқтық әрекеттің құрбаны болғандар. Сот өкілдері де елімізде қылмыстың осы түрі азаймай отырғанын растап отыр.
Айта кетейік, мамандар бір ай ішінде қылмыстық іске қатысты 40-қа тарта адамның өтінішін қабылдайды. Соның нәтижесінде айына 5 адамның мәселесі оң шешімін табуда. Судьялар қоғамдық қабылдау алаңында азаматтармен жүргізілетін жұмысты әрі қарай жалғастыратын болады.
Ал бұл жолы Жоғарғы сот өкілдері партияның қоғамдық қабылдау алаңына бірінші рет келді. «Соттың шешімімен келіспеушілік танытып, 27 адам «Nur Otan» партиясына өзінің талаптарын айтып келген болатын. Осыған байланысты Жоғарғы сот өкілдерін біздің алаңға шақырып, қабылдау өткізіп, ұйымдастырып жатырмыз», – деді «Nur Otan» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев.
Партия бұған дейін де азаматтардың арызын ескеріп, ведомство өкілдерін қоғамдық қабылдау алаңына жиі шақырады. Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігі екі айда бір рет «Nur Otan» партиясының алаңында халықпен кездесіп, олардың базынасын тыңдайды.
Назардан тыс қалмайды
Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері талқыланған жиын өтті. Шара «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.
Алқалы жиынға «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері, түрлі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олардың ата-аналары қатысты.
Жиын барысында Бахадыр Нарымбетов мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтіп, партия тарапынан осы бағытта барлық қолдау шараларының жүргізілетініне тоқталды. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында отбасында мүгедек жандарды асырап отырған ата-аналардың жағдайын жақсарту бойынша мәселелер айтылған. Үкіметке оңалту орталығын көбейтуге 58 млрд теңге қаржы берілді. Біздің қоғам шын мәнінде әлеуметтік жағдайға, ашықтық қоғамға бет бұрғанын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда статистикалық мәлімет бойынша, елімізде 80 мыңнан астам бала мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде тіркеліп тұр. Шымкент қаласында мүгедектік қатарында 5920 бала бар. Сол жандарға арналған жаңа оңалту орталықтарын салдыру қажеттілігі туындап отыр. Ол жұмыстарды біз «Nur Otan» партиясы тарапынан бақылауға аламыз. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының мақсаты да сол мүмкіндігі шектеулі жандар мен арнайы көңіл бөлуді талап ететін азаматтарды толыққанды өмірге бейімдеу», – деді ол.
Ал «Сынақ» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және оларды әлеуметтік құқықтарын іске асыруын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жетпісбаев мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық орындарға кедергісіз кіріп-шығу мәселесі бойынша сөз қозғады. Ол Шымкент қаласындағы Shymkent Plaza ойын-сауық кешенінің тұрағының ақылы екенін, әуежайда, автовокзалда, көшеде, алаңдарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды таситын көліктерге тұрақтың тегін болуы керек екенін тілге тиек етті. Аталған мәселеге қатысты Бахадыр Мәдәліұлы ойын-сауық, сауда орталығындағы тұрақтарды ақысыз етуді қалалық мәслихаттың фракция мүшелеріне тапсыратынын айтты.
Жиын соңында партиялық жобаның өзекті мәселелеріне талдау жүргізіліп, айтылған барлық ұсынысты жүзеге асыруда қолдау көрсетілетінін айтты.
Үздік әлеуметтік жобалар
«Үздік әлеуметтік жобалар – 2019» байқауының Шығыс Қазақстан облысындағы жеңімпаздары анықталды. Аумақтық және өңірлік комиссиялар байқаудың облыстық кезеңіне қатысуға ниет танытқан 13 өтінімді қарап, соның ішінде 4 бағыт бойынша үздік жобалар марапатталды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов Қазақстанда әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың көмегімен өмірдің қиындықтарына тап болған азаматтарға, көмекке зәру жандарға көмек пен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.
«Үздік әлеуметтік жобалар» байқауы 2014 жылдан бері «Nur Otan» партиясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. 2018 жылдан бастап байқау аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобалар ұйымдастыруға баса назар аударыла бастады. Байқаудың негізгі мақсаты –азаматтардың өздеріне деген сенімділігін және табысқа жетуге деген ұстанымдарын қалыптастыру», – деді Әнуарбек Мұхтарханұлы.
Байқау қорытындысы бойынша «Өмірлік қиын жағдайларды жеңуге көмек көрсету» бағытында «Ғажайыптар елі» оңалту және дамыту орталығының жетекшісі Лилия Мамбурова жеңімпаз атанды. Ал «Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу» бағыты бойынша «Дәрмен» әлеуметтік-оңалту орталығы «Зайсан жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жансая Мұстабекова үздік деп танылды. «Әлеуметтік саладағы волонтерлік қозғалысты дамыту» бағыты бойынша «Өскемен – Асар» автоволонтерлері жобасының авторы Анна Мазаева жеңіске жетті. «Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету» бағыты бойынша «Барлығына қолжетімді мектеп» жобасының жетекшісі Ирина Ляховская марапатталды.
«Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу» бағыты бойынша жобамызды ұйымдастырушы тарап жоғары бағалап, жеңімпаз деп танығаны үшін қуаныштымыз. Осындай байқаулар біздің жұмысымызға тың серпін береді, – дейді «Дәрмен» әлеуметтік-оңалту орталығы «Зайсан жастары» қоғамдық бірлестігі жобасының авторы Жансая Мұстабекова. Жеңімпаздарға «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ауыл гүлденсе деп...
Қостанай облысында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Бұл жиын облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өтті.
Жиын барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы баяндады. «Елбасы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы айтқан еді. Жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық округтердің әлеуметтік ортасын жаңғырту. Осы мақсаттарға 2019 жылы республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөлінген болатын. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы жылында ірі елдімекендерге баса назар аударылды. Жобаға бес аудан орталығы қатысады. Атап айтқанда, өңірдегі 548 ауылдың ішінде 41 мыңнан астам адам тұратын Әулиекөл, Қарасу, Боровское, Сарыкөл және Федоров ауылдары осы тізімге еніп отыр», – деді Гүлбарам Мұсағазина.
Алқалы жиында белгілі болғандай, биыл жоба аясында 2,3 млрд теңгеге бағаланған 46 жоба жүзеге асырылады. Бұл – мектептерді, мектеп жанындағы интернаттарды, балабақшаларды, қосымша білім беру ұйымдарын, мәдениет үйлерін, кітапханаларды, стадиондарды, аудандық ауруханалар мен емханаларды күрделі және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ кентішілік жолдарды орташа жөндеу сынды жобалар. Жұмыстардың барлығын тамыз айынан қараша айына дейін аяқтау қарастырылып отыр. Бүгінге дейін 15 жоба толығымен тәмамдалған. 31 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Селекторлық отырыста Сарыкөл, Қарасу, Меңдіқара аудандары әкімдерінің атқарылған жұмыс барысы туралы есептері тыңдалды. Өңір басшысы Денисов, Қамысты, Қарабалық, Наурызым, Алтынсарин, Бейімбет Майлин және Ұзынкөл аудандарының әкімдеріне бір апта ішінде облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тиісті нысаналы іс-шараларға және 2020 жылға жоспарланған жобаларға арналған құжаттаманы әзірлеп, тапсыруды жүктеді.
Жастар бас қосқан жиын
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Jastar – Otanga!» республикалық жастар саяси лагерінің қатысушылары бас қосты.
Салтанатты шарада «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек сөз сөйлеп, жастар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын зор ықыласпен қабылдағанын айтты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасында жастарға ерекше көңіл бөлгені бәрімізге белгілі. Әсіресе, партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл еліміздің барлық жастарын бір серпілтіп, олардың бойына жігер сыйлады. «Jastar – Otanga!» саяси лагерінің негізгі мақсаты – жастар саяси резервін құру, белсенді жастарды қолдау, ел келешегін дәріптеу екенін айта кеткен жөн. Лагерьдегі әсерге толы күндер жастарға жаңа күш-қуат беріп, болашаққа қойған мақсаттарын, жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы орайда лагерь жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, білімін шыңдап, олардың бір-бірімен байланыс орнатуына себепкер болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл алаң жаңа идеялар мен жобалардың тууына ерекше жағдай жасайды», – деді Дәулет Кәрібек.
Бір аптаға созылатын шара барысында жастар білікті, тәжірибелі бапкерлердің дәрісін тыңдап, білімін шыңдайды. Саяси менеджмент, жобаларды ұйымдастыру секілді тақырыптарға түрлі тренингтерге, семинарларға, тренд сессияларға, уоркшоптарға қатысады.
«Jastar – Otanga!» республикалық жастар саяси лагерінің қатысушылары шара аясында тәжірибе алмасып қана қоймай, тауға серуендеу, кинокеші, алау жанындағы кездесулер, спорттық жарыстар, зияткерлік квест секілді қызықты іс-шараларға қатысады. Лагерь аясында «Jas Otan» Жастар қанатының Орталық кеңес отырысы өтеді. Кеңестің сайланған мүшелері мен өңір төрағалары ауыл жастарына арналған әлеуметтік лифт, жергілікті жерлерде жастар мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, еліміздің оқу орындарында сыбайлас жемқорлықты жою тетіктері сынды тақырыптарды талқылайды.
Ниет болса, мүмкіндік мол
Солтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» пилоттық жобасы бойынша 600 адам кәсіпкерлік негізімен танысуға мүмкіндік алды. Шара соңында олар бизнес-жобаларын қорғап, идеяларын ортаға салды. Жобаларын сәтті қорғаған курсанттар 200 АЕК мөлшерінде грант алу үшін өтініш бере алады.
Петропавл қаласының тұрғыны Григорий Родионов болашақта металл бұйымдарын жасауға ниетті. Ол өз ісін ашуды жоспарлап отыр. Грант ұтып алған жағдайда ақшаны қондырғы сатып алуға жұмсайды. 28 жастағы Қайрат Жұмади Петропавлда емдеу-оңалту орталығын ашпақшы. Ойын жүзеге асыру үшін гранттан бөлек несие алмақ. «Қазір буыны сырқырап, омыртқа жотасы ауыратындар өте көп. Қалада арнайы тренажерлары бар орталық санаулы ғана. Сондықтан менің емдеу-оңалту орталығыма сұраныстың жоғары болатынына сенімдімін. Медициналық білімім бар. Енді арнайы тренажерларды сатып алу қажет. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы көптен бері армандаған жұмысымды жүзеге асырмақшымын», – дейді Қайрат Жұмади.
Солтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша екі лекте 600 адам білім алды. Олардың 70-іне алғашқы гранттар – 200 АЕК немесе 505 мың теңге бөлінді. Қалғандарының өтініші айдың соңына дейін қаралады.
Айта кетейік, «Жас кәсіпкер» жобасында оқытудың құрамдас бөліктері қамтылып, әр стартапты танымал бизнес-тренердің жеке сүйемелдеуі қарастырылған. Осы жоба арқылы жастар іскерлік бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, өздерінің жеке кәсібін аша алады. Жобаға қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады.