Ілияс жолымен Мәскеуге

Ілияс жолымен Мәскеуге

Ілияс жолымен Мәскеуге
ашық дереккөзі
Ілияс Жансүгіровтің әдеби-ғылыми мұрасын түгендеу, беймәлім шығар­ма­ла­рын жинастыру, ғұмырнамасын жаңа көзқараспен жазу мақ­сатында жүзеге асқан «Ілияс ізімен» халықаралық ғы­лы­ми-таным­дық экспедиция Ресей бағы­тын­дағы өз жұмысын бастап кетті. Дауылпаз ақынның 125 жыл­дық мерейтойы аясында Мәскеу, Петербор қа­ла­ларына жолға шыққан  филология ғы­лым­да­ры­ның док­торы, І.Жан­сү­гіров атындағы ЖМУ-нің про­фессоры, ілиястанушы Мұ­рат­бек Иман­ғазинов, жур­на­лист-жазу­шы Гүл­жан Тұрсын, Тал­ды­қор­ған қала­сын­дағы І. Жан­сү­гі­ровтің әдеби музейінің ғылыми қыз­меткері Салтанат Тө­ле­генова, «Достық үйі» мекемесінің ди­­ректоры, белгілі қоғам қай­рат­кері Тәңір­берген Қасым­бер­кебаев және тағы басқа азаматтар бас қосқан ғылыми керуенді  ақын, өлке­та­нушы, ҚХА Алматы облы­сын­дағы өкілдігі  төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай бастап келеді. Құлагер ақын 1925 – 1928 жыл­дары Мәс­кеудегі Мемлекеттік Журналистика институтында білім алған тұңғыш қазақ. Ілекең осы институттан «журналист» ма­ман­дығы дипломын алып, түркі ха­лық­тары арасынан кәсіби журналист атанған бі­регей. Жур­на­лис­тика инс­ти­тутының тарихы сонау 1918-1919 жылдардан бас­та­лады. Алғашқы жылдарында Қы­зыл Жур­налистика институты ре­тінде ашыл­ған оқу орнының атауы әр жыл­дары Мәс­кеу Журналистика инс­­титуты, сосын Ком­мунистік Жур­налистика институты, кейіннен Халықтық Жур­на­лис­тика институты сияқты болып өз­­ге­ріп тұр­ған. Ілекең оқыған жыл­дары ГИЖ (Госу­дарст­вен­ный институт журналистики) атан­ған еді. Жетісу топы­ра­ғында дүниеге кел­ген сырбаз талант бірінші әкесі Жансүгір Бер­сүгірұлының тәрбие­сінен білім алған. 1910 -1911 жылдары Маман­ұлы Тұрысбек қажы ашқан Сүт­ті­ген­дегі Қасен молдадан сауат­тылығын жетілдіреді. Осы жыл­дардың бірнеше айын Қарағаштағы «Мамания» мектебінде өткізген. Бұл мектепте сол жылдары Мұс­та­қым Малдыбайұлы, әнші Майра Уәлиқызы, үлкен оқы­мысты Ғабдолғазиз Мұсағалиев сын­ды мұға­лім­дер дәріс беретін. Қазақ сахарасының әр қиырынан Жетісуға білім дәнегін себу үшін келген, жеті жұрттың тілін мең­гер­ген, ғибраты мол сауатты оқы­ған­дар­дың та­ғы­лымды дәрісі Ілиястай оқуға ынтық ба­ланың қиялына қанат бітіреді. Бірақ тұрмыс тауқы­ме­ті Ілиястың ары қарай жүйелі білім алуына тос­қауыл болды. Осы мектепте оқып жүр­генінде бола­шақ эпик ақын заң­гер Барлыбек Сырт­­танұлын, Отыншы Әл­жан­ұлын, Көлбай Тоғысұлын көрген, әңгімелерін естіген. Маман қажы ауылына атақты Әсет  (Әсет Найманбаев) келгенде, өз заманының сал-серісі болған ақын әрі әншінің тізесінде отырып, өлеңін тыңдап, айтысына құныққан еді. Дүниенің астаң-кестеңі шы­ғып, патша тақтан құлаған соң, Ілия­с­тың жолы ашылды. Әуелі Алматы, содан кейін Ташкент қала­ла­рында білім алып, арасында еліне барып, Бел­то­ғандағы мектепте мұғалім болып, қызметке араласты. Абай­дың тұңғыш кітабын тауып, оны жата-жастана оқыған соң, ақындық шабыты оянып, шын өлеңнің құдіретін сезініп, шы­ғар­машылық ісіне ден қояды. Жүйелі алмаған біліміне қанағат­тан­баған ақын Мәскеуге келеді. Мәс­кеу­дің саяси һәм рухани-мәдени элитасымен қоян-қолтық араласып, тығыз шығармашылық қарым-қатынас ор­на­та бастайды. Ілияс­тың орыс достары өте көп еді. Мәскеудің түрлі кабактарында сыра ішіп, өлең оқи­тын сол за­маннан аты шыққан ақын­дары­ның жыр кеш­теріне, поэтикалық дуэлдеріне барып жүрген. Мәселен, В. Мояковский, М. Светлов, В. Луганский,               Д. Бедный, Э. Баг­риц­кий­лар­мен жа­қын таныс-біліс бол­ғанын ақын ту­ралы жазыл­ған көз­көрген за­ман­­дас­тарының естелігінен кез­дестіруге болады. Мәскеуге Ілиястай мол мұра қал­дыр­ған сан қырлы таланттың шы­ғар­ма­ларын түгендеу қамымен кел­ген соң, оның өмір жолына, қоғам­дық-саяси, әдеби-мәдени қыз­метіне қатысты тарихи ны­сандарды аралауды міндет деп сана­дық. Сапар барысында ақын­ның өзі жақсы көріп, жиі-жиі сая­хаттаған Кремль кешеніне, Мос­ква өзенінің жағалауына, оның сүйікті ағасы, қамқор досы болған жазушы Максим Горь­кийдің му­зей-үйіне бардық. Баяғыдағы ГИЖ бү­гінде М. Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік универ­си­тетінің құ­рамындағы журналистика факультеті ретінде өз жұмысын жалғас­ты­рып отыр екен. 1930 жылы ММУ-нің құрамына енген. Біз сол тарихи ғимаратқа барып, бүгінгі ахуалымен таныстық. Бірақ, біз 7 қыркүйек әрі сенбі, әрі қала күні келген соң, нысанның ішіне кіріп, аудиторияларын көре алма­дық. 8 қыркүйек күні Новодевичье зи­ратына бардық. Бұл зиратта 36 мың­нан астам марқұм жерленген екен. Небір ығай мен сығай мәң­гілік тыныс тапқан жерде қазақ руха­ния­ты­ның жанашыры болған, ұлы дала хал­қының музыкалық мұрасын зерт­те­ген, ән мен күйін нотаға түсірген композитор, Қазақ ССР-нің Халық әртісі Александр Затаевич те жерленген. А. Зата­евич­тің қазақ даласына ке­ліп, ән-күйді хатқа түсіруіне себепкер болған Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров болатын. Мың­нан астам сан ғасырлық музы­ка­лық мұ­ра­ны хатқа түсіріп, сақтап қал­ған өнертанушының рухына тағ­зым етіп, қа­біріне бардық. Қа­бір басын арам­шөп басып, қарау­сыз-ақ қалған екен. Биыл бұл тұлғаның 150 жылдық мерейтойы еді. Оның тойы Қазақ­стан­ның көптеген кітап­ханаларында ата­лып та өтті. Оның мерейтойы Мә­де­ниет және спорт министрлігінің атаулы оқиғалар жылнамасына енген-ді. Бірақ, Ресей бұл кісіні ұмытса керек. Ұлты басқа болса да бөтен халықтың өміріне өзінің саналы ғұмырын арнап, сол халықтың игілігі үшін қызмет ететін адамдар болады. Затаевич сол санатқа жататын азамат. Ілияс А. Затаевичпен танысқанда оған Жетісу өңірінің халықтық дәстүрлі музыкасы туралы мәлімет айтып, ескі заманнан жеткен музы­ка­лық мұраларды домбырада ойнап та көрсеткен. Индустрия, нанотехнология дамы­ма­ған заманда табанынан тозып, ат терлетіп, сайын даланы арала­ған өнер зерттеушісі еңбегіне ақы-пұл сұрамай, қазақтың келешегі үшін қажыр-қайратын жұмсаған. Оның сондай көл-көсір еңбегін ескеріп, руханиятымызға қосқан мол мұраны бағалап қараусыз қал­ған бейітінің шөбін жұлып, жан-жа­ғын тазаладық. Гүл шоқтарын қойып, ел атынан басымызды иіп, құрмет көр­сет­тік. Сұлтанмахмұт Торайғыр «Бір ха­лықтың әні өлсе, әдебиеті жетім қалады» деген екен. Ғасырдан ғасырға әуен боп жеткен сырлы сазды хатқа түсіріп, болашақ үшін нотасын жазу­ға идея беріп, жол көрсеткен Сәкен еді.  Ол кезде Сәкен ағамыз Қазақ үкіметін басқарған 28 жастағы жігіт екен. Біз қазір сол Сәкеннің жасына келдік. Ал, менің замандас­тарым елі үшін не істеді деп ойланып қаласың. Сәкен, Ілияс сияқты қазақтың өрім­дей жігіттері елі үшін, ұлт мәдениеті үшін орасан зор еңбек етті, өздері іс­тей алмайтын салаға соның қыр-сы­рын білетін өзге ұлт өкілдерін ша­қырып, істетті. Фольк­лор­лық мұраға жанашыр бола білді. Н. Хрущев бастаған кіл советтік биліктің басшылары, саяси интеллигенция жерленген жерде қазақтың Зейнептей қызының бейіті де бар. Зейнеп деген – Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның қызы, Алаш қай­рат­кері Смағұл Сәдуақа­сов­тың жары болған атақ­ты совет ғалымы, медицина ғылым­да­рының докторы, профессор. Сонау 1935 – 1939 жылдар аралығында түсік тас­тау­дың (аборт) проблемасын түбе­гейлі зерттеп, демографияға, туу көрсеткішіне қаупінің зор екенін ай­тып, алапат жаңа­лық ашқан жаңа­шыл ғалым еді. Бірақ сол ке­зеңдері ресми бағаланбай, ашқан теориялық жаңалығы мойындалмай қал­ған-ды. Енді, міне арада сексен жылдан астам уақыт өт­кен­де, Ресей ғалым­да­ры оның моно­гра­фиялық еңбегін баға­лап, №1 оқулық ретінде студенттерге оқы­тып жатыр. Мәскеудегі Жоғары медицина академиясында тұлға­ның атындағы аудитория, лаборатория ашылыпты. Элизаве­та­ның қадірін енді ғана түсінген екен. Өкі­нішті-ақ! Тірі күнінде «Халық жауы­ның ұр­пағы», «Халық жауы­ның әйелі» ретінде азап шекті. Жалғыз ұлы Ескендір соғыс бас­тал­ған сәтте-ақ майданға кетіп, 17 жасында қаза тапқан. Әке­сінен, жолдасынан, ұлынан тірідей айырылып, өмірден өксіп өтті. Советтік шовинистік биліктің кесірінен.  Экспедиция мүшелері қайраткер апа­мыздың рухына бас иіп, құран оқып, дұға еттік. Тұтас Қазақстан халқының санындай тұрғыны бар Мәскеу (18 мил­лионнан астам) бүгінде турис­тер­­дің ордасына айналған. Ескі за­манның сарқытындай сақталған қа­ланың көркі түрлі тарихи кезең­нің куәгері ретінде ыстық. Сонау пат­ша­лық дәуірден бергі екі-үш ғасырлық ғимараттардың қай-қайсысы да сол реңін бұзбай, сол ескі қалпында тұр екен. Турист біткен сол ескі ғимарат­тар­ды аралап, тамсанып жүр. Негізінде, әлем хал­қына жарқыраған ала-құла ғима­рат­тар емес, ескілікті көр­се­тетін ғи­ма­раттар, тари­хи орындар қызық екен. Мәскеудің әр бұрышы, әр көшесі, әр бульвары әдебиет пен өнер, тарих дерсің тегі. Музей, кітапхана, театр, шіркеу дегендер қадам басқан сайын алдыңнан шығады. Өркениет ошағы, мәде­ниет қаласы. Қазіргі кезде экспедицияның ғылыми құрамы Ресей Мемлекеттік кітап­ха­на­сы­ның сирек қол­жаз­балар мен кітаптар қоры бөлімінде белсенді жұмыс істеп жатыр. Ілияс Жансүгірұлының бірқатар жария­лан­баған, ғылыми айналымға түс­пе­ген мұраларын тауып та отыр. Бұл – әрине зерттеуді, талдауды, сараптауды қажет­сі­нетін ұзақ ғылыми жұмыс процесі. Десек те орасан зор жаңалық деп те сүйіншілеуге болады. Алды­мыз­дағы бекет – Петербор қаласы. Іле­кеңнің отбасымен жиі-жиі саяхаттап келген сүйікті қаласы болатын. Біз бұл қаладағы Орталық мемлекеттік тарих архивінің, Ресей Ұлттық кітапханасының және Всеволод Рождент­вен­сикйдің музей қорымен жұмыс істейміз деп жос­парлап отырмыз. Бәлкім, ол жақтан да жаңа деректер табылып қалар.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

әдебиеттанушы,

«Ілияс ізімен» экспедициясының мүшесі

Мәскеу қаласы