311
Алыптарды ардақтау
Алыптарды ардақтау
Газетіміздің 29 тамыз күнгі №34 санында «Не істеуіміз керек?!» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Мақала авторы «Ұлы Абайдың ізімен» экспедициясына қатысып, Абай Құнанбайұлының өмір тарихына қатысты өлкені аралаған. Сол сапары барысында Ұлы ақынның мәңгілік тыным тапқан мекеніне жетудегі жолдың қиындығы мен атқарылуға тиісті бірнеше мәселені атап өтеді. Осы олқылықтар Абайдың 175 жылдығы аясында қолға алынса деп ұсыныс айтылады. Енді міне жуықта ғана Елордада Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтіп, аталмыш мақалада ұсынылған бірнеше мәселенің оңынан шешілуіне ықпал ететін шешім шыққандығын қуана хабарлаймыз.
Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты ұлттың «мәдени кодын» сақтау болып табылады, бұл орайда, мерейтойлық іс-шаралар Абайдың рухани мұрасын сақтауға, зерделеуге және насихаттауға бағытталуы тиіс, – деп атап өтті.
Отырыста сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Аймағамбетов, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы жоспарланған іс-шаралар мен жобалар туралы баяндады.
Абай шығармалары шетелдердің іргелі тілдеріне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз, неміс, түрік, жапон және италиян) аударылып, шығарылады. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бұл жобаға әртүрлі елдерден үздік кәсіби аудармашылар және Қазақстанның жетекші абайтанушылары қатысатынын айтты. Абай еңбектерінің халықаралық таныстырылымын Қазақстанның елшіліктерінде, шет елдердегі оқу орындарда, зерттеу және мәдени орталықтарда өткізу жоспарлануда.
Халықаралық Түркі академиясы да Абай еңбектерін түркі халықтарының тілдеріне аударып, шығаруды жоспарлап отыр.
Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсіріледі. Мәдениет және спорт министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» және «Елім менің» республикалық шығармашылық конкурстары шеңберінде мерейтойға арналған жаңа көркем, поэтикалық, музыкалық және түрлі жанрлардағы шығармаларды жазуға оннан астам номинация тағайындады.
ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде Қазақстанның үздік шығармашылық ұжымдарының Гала-концерті және танымал абайтанушы ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Мерейтойға арналған халықаралық конференция елордада өтеді. Мәдениет және спорт министрлігі және әкімдіктер ұлы ойшылдың мұраларын насихаттау бойынша театрландырылған қойылымдар, музейлік экспонаттар, кітап көрмелерін, шығармашылық конкурстар мен фестивальдер, айтыстар, экспедициялар, челлендждер, флеш-мобтар және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарлап отыр. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Абай» операсы қойылымының Түркия, Ресей және Қытайға гастрольдері жоспарланған.
Абай шығармаларын насихаттауда білім жүйесі белсенді түрде қатысады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, еліміздің барлық мектептерінде ашық сабақтар, шығарма жазудан, ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан конкурстар өтеді. Абай шығармашылығын үздік білуге арналған оқушылар арасындағы жалпыреспубликалық олимпиаданың жеңімпаздары мен лауреаттарына Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 50 білім гранты тағайындалатын болады. Олар елордада өтетін «Абай Балы» салтанатына қатысады.
Мұғалімдер мен оқытушылар арасында Абай шығармашылығын оқытудың үздік әдістемесі бойынша да конкурстар өтеді.
Сондай-ақ еліміздің барлық жоғары оқу орындарында ұлы ойшылдың мұраларын жастар арасында насихаттауға бағытталған конференциялар мен симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдар, поэзия кештері форматындағы «Абай оқулары», Абай шығармаларын үздік білу мен оның шығармаларын орындау бойынша конкурстар, флеш-мобтар, челлендждер және басқа да әртүрлі форматтағы көптеген іс-шаралар жоспарланған.
Мемлекеттік комиссияның отырысында Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі ұсыныстары бойынша сөз сөйледі.
Абай мұрасын жүйелеу және жаңаша сапалы ғылыми зерделеу мақсатында Гумилев атындағы ЕҰУ базасында «Абай академиясын» ашу, сондай-ақ абайтану бойынша ғылыми гранттар көлемін ұлғайту қарастырылған.
Алдағы жылы Абайдың шығармашылық мұрасы және мерейтойлық тақырып еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының медиа жобаларында, интернетте және әлеуметтік желілерде айрықша орын алуы керек. Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен және бүгінде жаһандық сипатқа ие болған #МенАбайдыоқимын челленджі әлеуметтік желілерде ойдағыдай жалғасын табуда.
Ойшылдың мұраларын цифрлау және электрондық форматқа көшіру шеңберінде «Абайтану» бойынша бейне және аудио дәрістер топтамасы әзірленіп, «Абай әлемі» порталы (www.abaialemi.kz) жаңғыртылады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев атап өткендей, масс-медиада және интернет желісінде кең түрде тарату арқылы ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бірнеше телевизиялық және радиобағдарламалардың, арнайы хабарлардың және басқа да медиа өнімдердің шығарылымы жоспарлануда.
Осыған орай, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне Абайдың 175 жылдық тақырыбын мемлекеттік ақпараттық саясаттың міндетті тақырыптық тізілімге енгізуді және бұл жұмысқа республиканың және өңірлердің ең танымал БАҚ-тарын тартуды тапсырды. Сондай-ақ АҚДМ және әкімдерге 2020 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы шығармашылық одақтар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұлы ақынның мұрасын насихаттау жөніндегі жобаларына кең түрде қолдау көрсетуді тапсырды.
Мерейтой аясында «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені мен Абайдың музей үйін, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын реставрациялау жоспарланған.
Сонымен қатар, отырыс барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов атап көрсеткендей, облыстың күшімен Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылып, жөнделеді және Абай ауданындағы бірнеше жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекеттік комиссияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсынды: Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп өзгерту; Қазақстанның елшіліктерінің базасында «Абай орталықтарын» құру.
Үкімет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасын Мемлекеттік комиссияның қарауына 2019 жылдың 1 қазанына дейін енгізуі тиіс.
Мемлекеттік хатшы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның да отырысын өткізді.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған ұлы есімдер ішінде әл-Фарабидің аты бірінші тұр. Оның мұрасы әлемдік өркениеттің игілігі болып табылады, – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы отырыстың ашылуында.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой аясында жоспарланған жобалары туралы баяндады.
Мерейтой шеңберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында онлайн журнал шығару арқылы фарабитанушылардың халықаралық орталығын құру жоспарлануда. «әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ірі ғылыми конференцияға дайындық басталды. Ұлы ұстаздың еңбектері аударылып, жарыққа шығарылады, деректі фильмдер мен телерадио бағдарламалар түсіріледі. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында, ғылыми және мәдени ұйымдарында халқымыздың даңқты тұлғасының мұраларын насихаттауға бағытталған конференциялар, симпозиумдер және басқа да көптеген білім, мәдени акциялар өтеді.
Б.Балықбай