Д.Назарбаева сенаторларға: Халыққа жақын болу керек

Д.Назарбаева сенаторларға: Халыққа жақын болу керек

Д.Назарбаева сенаторларға:  Халыққа жақын болу керек
ашық дереккөзі
Сенат бюросының алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады. Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров сенаторлардың өңірлерге сапарлары туралы хабардар етті. Депутаттар еліміздің барлық облыстарының ірі елді мекендерін, сондай-ақ шалғай ауылдарды да аралады. Сенаторлар Арыс қаласын қалпына келтіру, көп балалы аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін көтерді. «Жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген түйткілді мәселелер мен сұрақтардың бірқатарын алдағы жұмысымызда заң ережелеріне түзетулер енгізу арқылы немесе тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдау тәртібімен олардың шешімін табуға мейлінше ықпал ететін боламыз», - деді Б.Бекназаров. Парламент жоғарғы палатасының басшысы Дариға Назарбаева күзде негізгі заң жобасы республикалық бюджет туралы заң жобасы болатынын атап өтті. «Республикалық бюджет бойынша жұмыстарды бүгіннен бастаған жөн. Сондай-ақ, Президенттің сайлау алды бағдарламасын, Мемлекет басшысының Жолдауын осы жылдың және сессияның соңына дейін жүзеге асыру жөнінде қабылдануы қажет бірқатар заң жобалары бар», - деді Сенат төрағасы. Сенат қызметін одан әрі автоматтандыру туралы айта келіп, Парламенттің жоғарғы палатасының басшысы әріптестерін ақпараттық мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға және электронды форматта жұмыс істеуге көшуге шақырды. Сенат басшысының тапсырмасы бойынша Сенаттың ресми сайты жаңғыртылды. Ол азаматтармен, мәслихаттармен және аймақтармен өзара байланыс орнатуға бағытталған. «Бұл депутаттарды өз парақтарына ұдайы маңыз беруге, олардың атына келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарға жедел назар аударуға міндеттейді», - деді Д.Назарбаева. Сенат төрағасы отырысты қорытындылай келіп, Мемлекет басшысы белгілеген билік теңдеуі – «Қуатты Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» толық көлемде жұмыс істеуі үшін депутаттар барлық шараларды қабылдауы тиіс екенін атап өтті. «Уақыт бізден жаңаша ойлауды, зор жауапкершілікті талап етеді», - деді Сенат басшысы. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті 27 қыркүйекте өтетін «Заң шығару үдерістерін одан әрі жетілдіру» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдауларға дайындық жұмыстарымен айналысатын болды. Сенат басшысы парламенттік тыңдаулардың сипатын өзгертуге шақырды. Бюро мүшелері шараның нәтижелі болуы үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, көкейкесті мәселелерді көтеру, жұртшылық өкілдері мен сарапшыларды парламенттік тыңдауларға шақыру, құқық қолдану тәжірибесіне баса назар аудару ұсынылды. «Заңдардың орындалуы бойынша мониторинг жасау құқығы бізде жоқ. Бұл мәселені тыңдауда талқылау және заңға тиісті түзетулер енгізуді ұсыну керек. Біз сіздермен ауқымды жұмыстарды атқарып келеміз, әрбір үтір-нүктесіне дейін қараймыз, түзетулерімізді енгіземіз. Бірақ біз ол заңның одан әрі қалай жұмыс істейтінін көре алмаймыз, бізге заңнан кейінгі құжаттар базасы заң ережесіне сәйкес келетіні белгісіз болып қалады. Мұндай тәжірибеден бас тарту керек», - деді Д. Назарбаева.