613
2016 жылы – Шәки қаласы мен Жүсіп Баласағұни жылы
2016 жылы – Шәки қаласы мен Жүсіп Баласағұни жылы
“Түркі дүниесінің мәдени бас қаласы – Мары” Жылының аясында Түркіменстанның Мары қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен түркітілдес елдері Мәдениет министрлерінен құралатын ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 33-ші отырысы өтті.
Тұрақты Кеңестің отырысына Түркіменстанның Мәдениет министрі А.Гараджаев, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі А.Мақсұтов, Әзірбайжанның Мәдениет және туризм вице-министрі В.Алиев, Түркияның Мәдениет және туризм вице-министрі С.Йылмаз, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Ж.Ерғалиев, Гагаузияның (Молдова) Мәдениет және туризм басқармасының бастығы В.Петровичи, сонымен қатар Түркі Кеңесінің Бас директор орынбасары О.Кожаман және ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерден ресми делегация қатысты. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов “Түркі дүниесінің мәдени бас қаласы – Мары” Жылының аясында өткен бірқатар іс-шараларға қолдау білдіріп, қонақжайлылық көрсеткен Түркіменстанның Президенті Г.Бердімұхамедов пен бүкіл түркімен халқына ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдері атынан алғыс айтты.
Тұрақты Кеңестің 33-ші отырысын жүргізген ТҮРКСОЙ-дың Уақытша үйлестірушісі, Түркіменстан Мәдениет министрі А.Гараджаев “Мары Жылы” аясында өткен іс-шаралар жөнінде баяндама жасап, егжей-тегжей ақпарат берді. ТҮРКСОЙ Бас хатшылығының есебі бекітіліп, ТҮРКСОЙ-дың 2016 жылға арналған жоба мен жоспарлары белгіленді. Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрлігінің “Түркі дүниесінің мәдени бас қаласы” бағдарламасы бойынша жасаған ұсынысын алқалы жиын мүшелері бірауыздан қабылдап, Шәки қаласын 2016 жылдың түркі дүниесінің мәдени бас қаласы етіп таңдады. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының бастамасын көтерген Мәдениет, ақпарат және туризм министрі А.Мақсұтовтың ұсынысы қарастырылып, 2016 жыл – түркі әлеміне атақты ойшыл “Жүсіп Баласағұни Жылы” болып бекітілді. Қабылданған шешімге қарай Тұрақты Кеңестің 34-ші отырысы Әзірбайжанда өтетін болды. Отырыстың аяғында көркем сурет өнері бойынша дәстүрлі ТҮРКСОЙ сыйлығы тапсырылды. Сыйлық иегері болып Татарстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Г.Эйдинов атанды.
Келесі күні Ашхабад қаласында Түркіменстанның Президенті Г.Бердімұхамедов Түркіменстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында ТҮРКСОЙ Түрақты Кеңесін қабылдады. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов түркі мәдениетін дамыту ұйымы атынан Түркіменстанның Президенті Г.Бердімұхамедовты “Түркі әлеміне атқарған жоғары қызметі үшін” медалімен марапаттады.
Содан кейін “Түркменнің Ақ боз үйі” атты сарайдың салтанатты ашылу рәсімі гала-концертпен жалғасты. “Түркі дүниесінің мәдени бас қаласы 2015 – Мары” Жылына арналып салынған Түркіменнің Ақ боз үйінде дәстүрлі қолөнері, ұлттық киім мен табиғи маталар, кілем мен текеметтер, керамикалық және зергерлік бұйымдар, ұлттық фольклорлық музыка аспаптары көрмеге қойылды. 4 мың орынға ие салтанатты “Ақ боз үй” сарайының кең сахнасында Түркияның “Түркі дүниесі” ансамблі, Татарстанның Мемлекеттік фольклорлық музыка ансамблі, Башқұртстанның «Мирас» фольклорлық ән-би ансамблі, Қырғыз елінің “Сымбат” атты би ансамблі тобы, Әзірбайжанның мугам тобы, түркі жұртына белгілі әншілер Гүлнұр Асанова (Қырғызстан), Ровшанжан Юнусов, Отабек Камбаралиев (Өзбекістан) және тағы басқа шығармашылық топтар мен белгілі әртістер өнер көрсетті. Гала-концертте сондай-ақ Ақтөбенің «Аққу» би ансамблі «Би күйі» және «Япурай» билерін орындады. Халықаралық «Славян базары — 2015» байқауының жеңімпазы Димаш Құдайбергенов түркімен көрермендерін тәнті етті.