5789
Керей хан және оның өмір сүрген кезеңі
Керей хан және оның өмір сүрген кезеңі
Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік тарихы үш мың жылдық дәуірді басынан өткергені белгілі. Осы дәуірде аумақта жиырмадан аса саяси құрылымдар өмір сүріп, отандық тарих пен әлемдік тарихта өз іздерін қалдырды. Солардың ішінде Қазақ хандығының алар орны ерекше. Уақыт жағынан алғанда Қазақ хандығы – үш мың жылдық тарихы бар мемлекеттіліктің кейінгі орта ғасырдағы көрінісі болса, этникалық тұрғыдан алғанда, ол – ұлттық сипаттағы мемлекет болды.
Қазақ хандығының тарихында ғылыми тұрғыда шешімін тапқан мәселелерден гөрі түйінді және жабулы жатқан мәселелер жетіп артылады. Тек соңғы отыз жылдық көлемінде хандық тарихына зерттеушілер назары көбірек ауа бастады. Соның нәтижесінде хандық тарихындағы жекелеген мәселелердің түйіндері ағытылып, алынған нәтижелер көпшіліктің рухани байлығына айналды. Солардың біріне – хандықтың негізін қалаған тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандарға қатысты зерттеу қорытындылары жатады. Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дерек мәліметтерінде көрсетілгендей, олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан атты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды деген пікірді зерттеушілердің бәрі мойындайды. XIX ғасырдың ортасында айтылған бұл пікір қазіргі күндерге дейін тек даму үстінде болды. Бірақта осы саяси үрдісте жетекші рольдер атқарған екі басты тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар туралы зерттеулер толық жүргізілмей, олар туралы біліміміз тек дерек мәліметі деңгейінде қала берді. Оған себеп – деректік мәліметтердің мардымсыздығы. Қазіргі күнде заман талабы өзгеріп, өз тарихымызға қайта үңілгенде, алғашқы хандарымыздың тарихын, олардың атқарған рөлін көрсетуге осы себеп қол байлау болады да тұрады. Мардымсыз деген – тіпті жоқ деген емес, аздау, бірен-саран деген мағынада. Олай болса, қолда бар деректерге сүйеніп, ұлттық мемлекетіміздің іргетасын қалаушылардың ел тарихындағы алатын орнын неге ашып көрсетпейміз.
XV ғасырдың ортасы қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ерекшеліктің ең басты белгісіне – ұлттық мемлекетіміздің қалыптасуы болса, ал басты оқиғасына Қазақ хандығының құрылуы жатады. Тарихтағы мұндай түбегейлі бетбұрыстарды қалың бұқара жасайды. Ал бұқараның басында көш бастаушы ірі тарихи тұлғалар тұрады. Ал біз бұл мақаламызда Қазақ хандығының негізін қалаушы, алғашқы қазақ ханы – Керейдің тарихи рөліне тоқталмақшымыз.
Ортағасырлық тарихшы Махмуд бен Уәлидің жалғыз мәліметі бойынша алғашқы қазақ ханы – Керей хан болған. Әртүрлі жазба дерек мәліметтері мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі – Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы Керей атауы жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы есімді қолданамыз.
«Керей» сөзінің түп-төркіні мен мағынасына келсек, академик В.В. Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «...Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде деректерін қайдан алғанын көрсетпей, «гирей» – монғол сөзі, монғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады». Қазіргі кезде Монғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған және көне монғол тілін жетік білетін бауырларымыздан бұл сөздің мән-мағынасы жөнінде сұрастырғанымызда, кезінде тарих пәнінің мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққан, Астана қаласының іргесінде тұратын ардагер-ұстаз Нығмет Мәмбетұлы ақсақал бізге: «гарай» – көне монғол сөзі, оның екі мағынасы бар, біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіретінін хабардар етті. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, монғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеміз.
Мұндай есімнің Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб, парсы тілдеріндегі шығармаларда кездеспеуіне және де тек қана осы дәуірден бастап қана Шыңғыс ұрпақтары мен Дешті Қыпшақтың көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасында жиі кездесуіне қарап, «Керей» сөзінің түп-төркіні монғолдық, ал мағынасы жоғарыда айтып өткен «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдіреді деген пікірлерді толық қолдаймыз.
Отандық тарихнамада қазақ хандарының шығу тегі мәселесінде екі түрлі пікірлер бар. Олардың бірі – қазақ хандарын Жошы ханның кіші ұлы Тұқайтемірден таралған десе, екінші тобы – Керей мен Жәнібек хандардың шығу тегі Жошы ханның үлкен ұлы Орда Еженнен бастау алады деп санайды. Осы мақала авторы екінші пікірді қостап, өзінің бірнеше мақалаларында осы тұжырымды дәлелдеп көрсетеді.
Керей ханның шығу тегі Рашид ад-диннің мәліметтері бойынша былайша беріледі: «Жошы хан, оның үлкен ұлы Орда Ежен, оның үлкен ұлы Сартақтай, оның үлкен ұлы Қоныша(Куйнджи), оның үлкен ұлы Баян, Баянның екінші ұлы - Саты бұқа» (Рашид ад-дин. Сборник летописей.т.II, М-Л.). Одан әрі ортағасырлық тарихшы Натанзидың шығармасынан мынадай мәліметті кездестіреміз: «...Сасыбұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Орыс хан, оның ұлы Тоқтақия».(СМИЗО., т.II). Орыс ханнан Керейге дейінгі шежіре ортағасырлық деректерде жақсы сақталған. Т.И. Сұлтанов аударған «Муизз ал-ансабтың» мәліметінде «Орыс ханның 15 баласы: 8 ұл және 7 қызы болған, делінеді де: «Бірінші ұл – Тоқтақия, ол хандық билікте болған. Оның үш қызы және үш ұлы болған. 1) Анике-Булад, 2) Бугучак, 3) Тенгриберди», - деп айтылады. Ал «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Тоқтақияның ұлдары «Тенгри-Берди, Йагуджак-анеке, Пулад», – деп беріледі. «Анике» немесе «анеке» сөзінің біресе Болаттың алдында, біресе Йагуджактың соңында берілуін қолжазбаны көшірушілерден жіберілген техникалық қате деуге болады. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наманың» осы мәліметтері 1426 жылы жазылған «Муизз ал-ансабқа» тәуелді болғандықтан, біз осы шығармадағы мәліметті негізге аламыз. Ал Анике-Булад немесе Болатта бір ғана ұл болған, оның есімі – Керей-хан. Сөйтіп, Орыс ханнан бері қарай таратсақ, Орыс-хан, оның ұлы Тоқтақия, оның ұлы Анике Болат және оның ұлы – Керей хан болып жалғасады.
Керей ханның Орыс ханға дейінгі ата-бабалары жөнінде тарихи зерттеулерде біршама жақсы қарастырылғандықтан, біз оларға тоқталмаймыз. Зерттеулердің бәрінде де Орда Еженнен бастап Орыс ханға дейін Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулеті билігінің үзілмегендігі айтылады. 1377 жылы Ақ Орда билеушісі Орыс хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның үлкен ұлы Тоқтақия, яғни Керейдің атасы келеді де, 2 ай ғана билік құрады. Т.И.Сұлтановтың жазуы бойынша Керей ханның атасы Тоқтақия «жұмсақ мінезді және әділетті» адам болып, Әмір Темір мен Тоқтамысқа қарсы күресте қайтыс болған. Ал Керейдің әкесі Анике-Болат немесе Болатқа келсек, ол – Тоқтақияның үш ұлының бірі. Оның есімі деректерде шежірелерге қатысты ғана айтылады. Басқа жағдайларда Анике-Болат туралы ешқандай мәліметтер айтылмайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама» бойынша Керей хан – Болаттың (Анике Болаттың) жалғыз ұлы. Тоқтақияның Болаттан басқа Тәңірберді және Бұғышақ атты екі ұлы болып, Бұғышақтың Мұхаммед, Ахмет және Әли атты үш ұлы және Имен би атты қызы болғандығы белгілі.
Керей мен Жәнібек хандарға тағдыр жаңа этникалық бірлестікке негізделген мемлекетті құру және оны басқару үлесін берді. Бұл үлес кездейсоқ сияқты болып көрінгенімен, заңдылық болатын. Өйткені екі ханның арғы ата-бабалары – Шыңғыс ханнан Керей мен Жәнібек хандарға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билікті мұрагерлік жолмен иемденіп, атадан балаға қалдырып отырған. Басқаша айтқанда, Керей мен Жәнібек – бірнеше ғасыр бойы уысынан билік кетпеген өте мықты, әрі өте беделді әулеттің өкілдері болып табылады.
Керей ханның қай жылы дүниеге келгендігін деректер айтпайды, бірақ оны салыстыру әдісі арқылы болжап, шамамен айтуға болады. Орыс ханның үлкен ұлы Тоқтақия да, кіші ұлы Қойыршақ, олардың жас арасын шамамен 15-20 жыл деуге болады. Тоқтақияның ұлы Болат болса, Қойыршақтың ұлы – Барақ. Барақтың 1428 жылы қайтыс болғаны белгілі. Барақтың үш ұлының үлкені Жәнібек хан. Ал Жәнібек хан мен Болаттың ұлы Керейдің бір тарихи кезеңде өмір сүргені және белгілі. Олардың да арасындағы жас айырмашылықтары 10-20 жыл деп санауға болады. Керейдің есімі ХV ғасырдың 60-шы жылдарының соңынан, ал Жәнібектің есімі ХV ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап жазба дерек мәліметтерінде кездеспейді. Соған қарап оларды 60-70 жыл өмір сүрген деп есептесек, онда олар XV ғасырдың басында дүниеге келген болып шығады.
ХV ғасырдың 50-ші жылдарында, яғни Қазақ хандығының құрылар қарсаңында Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберелерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз олардың саны 20-ға жуықтаған. Олардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Керей болған. Сондай-ақ Орыс ханның үлкен ұлы – Тоқтақия, ал оның үлкен ұлы – Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, ХV ғасыр ортасында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған.
Керей хан туралы мәліметтер аз болса да жазба және ауызша деректерде кездеседі. Жазба деректер ол жөнінде екі жағдайда ғана мәліметтер қалдырған. Біріншісі – «Тауарих-и гузида-ий нусрат наме», «Түрік шежіресі», «Бахр ал-асрар фи ма-накиб ал-ахиар», «Жылнамалар жинағы» секілді тарихи шығармалардағы хандар шежіресіне байланысты да, екіншісі Мұхаммед Хайдар Дулати мен Махмұд ибн Уәлидің еңбектеріндегі Қазақ хандығының құрылуына байланысты жазылған мәліметтер. Ауыз әдебиетіндегі бірнеше тарихи аңызда да соңғы жайға байланысты Керей хан есімі кездеседі.
Керей ханның жазба дерек мәліметтеріне ілініп, көзге түсуі оның XV ғасыр ортасында Қазақ хандығын құруына байланысты болды. Хандықтың құрылуы – сырттай қарағанда Әбілқайыр хандығынан екі сұлтанның қарамағындағы ұлысымен бөлініп, Моғолстанға келуімен болған оқиға. Ал егер де XV ғасыр ортасында Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы хандықтардың ішкі және сыртқы саяси даму барысына терең үңілсек, Қазақ хандығының құрылуы осы үрдістердің заңды қорытындысы екендігіне көз жеткіземіз. Олай болса, Керейдің туысы Жәнібек сұлтанмен бірлесіп, XV ғасыр ортасындағы шым-шытырықты оқиғаларды бастан өткеруі жене сол оқиғалардың жетегінде кетпей, дұрыс жол таба білуі – олардың алысты болжай білетін ірі саясаткер екендігін керсетеді.
Енді Керейдің Әбілқайыр ханнан бөлінгенге дейінгі, яғни XV ғасырдың 50-жылдарындағы өмірі туралы бір-екі ауыз сөз. Өйткені кез-келген оқырманға Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлінгенге дейін Дешті Қыпшақтың қай жерінде өмір сүрді деген сұрақ тууы мүмкін. Мұндай сұраққа ортағасырлық ешбір дерек жауап бере алмайды. Тек қана жанама мәліметтер мен соңғы жылдары табылып, ғылыми айналымға енгізілген ауыз әдебиетінің деректері ғана бұл сұраққа толық жауап береді.
Тарихтан белгілі Шыңғыс хан төрт ұлына жаулап алған жерлерін бөліп береді. Оның бөлісі еуропалықтардың Африканы бөлуіндей емес, белгілі бір қағидатқа негізделді. Ол жаулап алынған халықтардың шаруашылық, этникалық, тілдік және т.б. белгілеріне қараған. Сол сияқты Жошы Ұлысы да өз ішінде ұсақ ұлыстарға бөлінгенде негізінен шаруашылық жағдай ескеріледі. Моңғол жаулауына дейін-ақ, Хорезммен күресте әлсіреген Қыпшақ хандығында XII ғасырдың II жартысы мен XIII ғасыр басында екі аймақ пайда болған еді. Шығыс аймаққа – Қазақстанның оңтүстік, орталық және солтүстік-шығысы енеді. (Караңыз: Ахинжанов С.М. Кипчаки в истории средневекового Казахстана А.. 1995) Ал Аралдың солтүстігі мен одан батысқа қарай жатқан жерлер – Батыс аймаққа қараған. Қыпшақ дәуіріндегі табиғи-шаруашылық жағдайға сай бөлісу Жошы Ұлысында да ескеріліп, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен негізінен Шығыс аймақты басқарады. XIII ғасырдың соңы – XIV ғ. басында Орда Ежен Ұлысының орталығы Алакөл маңынан Сырдың орта ағысы бойына көшіріледі де, алғашында Сауран, кейін Сығанақ қалалары саяси-әкімшілік орталық қызметін атқарады. Осы тұстан бастап Орда Ежен ұлысы Ақ Орда атауына ие болады.
Баян ханнан Барақ ханға дейін Сыр өңірі Ақ Орданың саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, діни-мәдени орталығы болады. Мал бағушы тайпалардың қысқы жайылымдары мен қыстаулары осы өңірде еді. 1428 жылы Барақ хан қаза тауып, хандық билік шайбанилық Әбілқайырға көшкенімен Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңірінде қала берген. Олардың ішінде Керей де, Жәнібек те және басқалар да бар. 1446 жылы шайбанилық Әбілқайыр хан Сыр өңірін Мәуреннахрдағы темірлік әулеттен қайтарып, өз астанасын Сығанаққа көшіреді. Шайбанилық сұлтандардың Сыр өңіріне келуі ордаежендік сұлтандарға өте ауыр болады. Ең жақсы жайылымдар мен қыстаулардан айырылу, ордаежендік сұлтандар үшін «көп қиыншылыққа ұшырау» болған. XV ғасырдың 50-жылдары соңында Керей мен Жәнібек «қиыншылыққа» көнбей, осылайша Сыр өңірінен көшкен. Біздің бұл ойымызды тарихи аңыз мәліметі де дәлелдей түседі. 20 жылдан астам уақыт бойы Шу мен Талас, Сыр өңірлерінде археологиялық барлау мен қазба жұмыстарын жүргізген археолог Мадияр Елеуов ел аузындағы тарихи ауыз-әңгімелерді де жинастырады. Оның жиған аңыздарының бірнешеуі жарық көрді. Ондағы 5 аңыздың екеуі Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуіне байланысты айтылады. Бірінші аңызда – «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті» деп баяндалады (Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих. ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы, 3-шығуы. Алматы, «Қазақ университеті» баспасы). Осы аңыздың соңында біршама жылдар өткеннен соң, екі сұлтанның Сырға қайта оралғандығы жөнінде жазылады. Ал төртінші аңыз болса: «қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті» деп басталады да, бір-бірімен іргелес жатқан екі ескі қала жұртын көріп, Жәнібек сұлтан Керейге: «Алла тағала екеумізді ажырамасын деп осы екі ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар, қаласаңыз, біріне сіз, ал екіншісіне мен қоныстанып, қала салайық», – деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, алла тағала сәтін салған күні – Түркістанға жол жүруіміз керек», – депті (Көрсетілген еңбек, 9-б.). Екі аңызда біздің ойымызды дәлелдей түсіп, Сыр өңірі – Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлысы болғандығын баяндайды. Соңғы аңыздағы Түркістан атауы қандай мағынада айтылғаны белгісіз, оның не қала, не Сыр өңірінің XIV–XVI ғасырдағы атауы мағынасында айтылып тұрғанын ажырату мүмкін емес, бірақта анық нәрсеге – Сыр өңірінің де, Түркістан қаласының да Шудың батысында орналасқандығы жатады. Бұл мәліметтен біз, Сыр өңірінің – Керей мен Жәнібек хандарға «атамекен» болғандығын көреміз.
1446 жылдан бастап Сыр өңірі Әбілқайыр ханға қарады дедік. Осы жылдардан бастап 1457 жылға дейін Керей мен Жәнібек бастаған сұлтандардың Әбілқайыр ханға наразылығы өсе түседі. Ақ Орданын мұрагерлері осы жылдарда тек өздері ғана «оппозицияда» болмаса керек. Оларды жергілікті ру-тайпа көсемдері қолдай бастаған секілді. Өйткені 1428 жылы Әбілқайыр хандыққа отыруына Дешті Қыпшақтың 71 ру-тайпа басшысы қолдап «дауыс» берсе, 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі қалмақтармен ұрысқа түсу үшін хан жарлығымен небары 17 тайпадан ғана жасақ жиналады (Қараңыз: ХV-ХVІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 143-144-бб). Осы дерек – Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Дешті Қыпшақтағы саяси өмірдің бір айнасы іспетті. Саяси билік өздерінде болмаса да жергілікті халықтың ресми ханды мойындамайтынына екі сұлтанның көзі жетеді.
Бұған дейін айтып өткеніміздей, Әбілхайыр да Шайбан ұлысы аумағында 17 жасар кезінде жергілікті маңғыт және шайбандық ру-тайпалар басшыларының қолдауымен хан сайланады. 1429-1431 жылдары оның Шайбан ұлысын біріктіру жолындағы соғыстары өте табысты аяқталып, ол Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы беделді саяси күштердің біріне айналады. Әбілқайыр ханның осы жылдардағы барлық жеңістері оған қолдау көрсеткен жергілікті маңғыт және шайбандық тайпалар бірлестіктері жетекшілерінің есімдерімен тығыз байланысты.
1446 жылы Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен қысқы жайылымдарға өте қолайлы өңірлерді бағындыру арқылы Әбілқайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақтың толық және жеке-дара билеушісі болады. Хандық билікті басқаруда ол шыңғыстық немесе моңғолдық дәстүрді ұстанып, жергілікті этникалық топ басшыларын маңызды шешімдер қабылдаудан шеттетіп, тек хан жарлықтарын орындаушы ретінде пайдаланады. Осындай жағдайға байланысты көп ұзамай-ақ, Әбілқайыр ханнан оны қолдаған жергілікті этникалық күштердің өкілдері қол үзіп, бөліне бастайды. Бірінші болып «көшпелі өзбектер» елінің ханынан Оқас бидің ұлдары бөлініп кетеді.
Келесі бөлініс – 1457 жылғы Әбілқайыр ханның Үзтемір тайшы бастаған қалмақтардан жеңілісінен кейін шибан ұлысының өз ішінде болады.
1457 жылғы Сығанақ түбіндегі шайқас туралы мәліметтер бірнеше ортағасырлық авторлардың еңбектерінде кездеседі. ХVІ ғасырда өмір сүрген шайбанилық әулеттің тарихшысы Масуд бен Осман Кухистани өз еңбегінің бір тарауын осы шайқасқа арнаса, үзік-үзік мәліметтер авторы белгісіз «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме», «Тарих-и Кипчаки» секілді деректерде кездеседі.
Қалмақтардың жорығы 1457 жылдың жаз айларының бірінде басталады. Кухистани бұл туралы былай деп баяндайды: «... Қалмақтардың падишахы Үз-Темір-тайшы ханның даңқы мен байлығы жөнінде естіп, кеудесінде қызғаныш оты лаулап жанды. Ол өзінің әмірлерін, батырларын және әскер басыларын жиып, Әбілқайыр хан көп қару жинап, мол байлыққа ие болып отыр. Қазір ол өзінің жайлауына көңілді күндерін өткізуде. Тез арада әскер жинап, тосыннан соққы беру керек», – деп айтады. Қалмақтардың әскер басылары өз тайшыларының ойын түсінді де, әскер дайындап жорыққа аттанады. Бұл мәліметтен көріп отырғанымыздай, Үз-Темір тайшының жорығы жаз айларында өтеді. Екінші бір байқайтынымыз, ол – қалмақ тайшысының Әбілқайыр хандығының ішкі өміріндегі өзгерістерден хабардар болуы, яғни Оқас би мұрагерлерінің одан бөлініп кетуі, жергілікті ру-тайпа көсемдерінің ішкі наразылықтары, ордаежендік әулет өкілдерінің Әбілқайыр ханға қатысты көзқарастары және тағы басқа мәселелер Үз-Темір тайшыға белгілі болған. Егер де Әбілқайыр хандығында ішкі бірлік күшті болса, онда оған көршілес елдерден шапқыншылықтар жасалмаған болар еді. Кез-келген көрші елдің өз көршісінде не болып жатқанын әр түрлі жолдармен біліп, бақылап отыратыны белгілі. Қысқаша түрде айтсақ, қалмақ билеушісі Әбілқайыр хандығының әлсірей бастағанын бірден байқаған. «Тарих-и Кипчаки еңбегінің авторы: «... Қалмақтардың басшысы Үз-Темір тайшы 170 мың атты әскермен ханға қарсы аттанды», – деп қалмақтардың санын көрсетеді. Ал «Тарих-и Кипчаки» еңбегінің басқа нұсқаларында қалмақ әскерлерінің саны 70 мың болғандығы айтылады. Біздің ойымызша, осы соңғы әскер саны дұрыс секілді.
Қалмақтардың жорығы туралы хабарды естіген бойда Әбілқайыр хан өзінің ең атақты сұлтандары – Бақтияр сұлтан мен Ахмед сұлтандар бастаған әмірлерді, батырларды жауға қарсы аттандырады. «Тарих-и Абулхайр-ханида» Қият, Шынбай, Итжан, Қытай, Қоңырат, Құсшы, Найман, Дурман тайпалары әмірлерінің осы жорыққа қатысқандығы айтылады. Маңғыт тайпасынан жалғыз Сарыг Шиман атты тұлғаның есімі кездеседі. Бұған дейінгі жорықтарға Әбілқайырдың жарлығына сәйкес Оқас биден бастап бірнеше маңғыт билерінің есімдері кездесіп отырса, бұл жорықта тек қана жалғыз маңғыт көсемінің айтылуын біз, маңғыттардың «көшпелі өзбектерден» бөлінуінің салдары деп түсінеміз.
Сонымен, екі жақтың әскері Сығанақ төңірегіндегі Көк Кесене деген жерде бір-біріне сап түзеп, қарама-қарсы тұрады. Көк Кесене – Сығанақтан Төменарыққа қарай 8 шақырым жерде орналасқан жер атауы. Оның осылай аталуы кесене түсінің көк болуына байланысты болған. Масуд бен Осман Кухистани әртүрлі теңеулер арқылы екі жақ әскерінің көптігін, сарбаздардың ерлігін мейлінше суреттейді. Біз оны кейінге қалдырып, оқиға барысына көшейік. Үз–Темір тайшы әскерінің көптігіне қарап, Әбілқайыр ханға бірнеше талаптар қояды. Бірақ оған ханның сұлтандары көнбей, ұрысқа даяр екендігін, жаудан қорықпайтындығын білдіреді. Сөйтіп, екі жақтың әскері қан майданға түсіп кетеді. Майдан барысын қызыл тілмен барынша суреттеп жазған автор, ақыр соңында Әбілқайыр ханның ең сенімді серіктері, атақты сұлтандар – Бақтияр-сұлтан мен Ахмед сұлтанның қаза тапқанын, жеңістің қалмақтар жағына өткенін айтады.
Бұдан кейін Әбілқайыр хан ұрысты тоқтатып, Сығанақ қаласына шегінеді де, қаланың бекінісін күшейте бастайды. Ал қалмақтар болса қаланың төңірегіндегі елді мекендерді талан-таражға салып, ханға екінші рет елшілік жібереді. Елшіліктің қандай талаптар қойғаны белгісіз, деректерде айтылмайды. Әбілқайыр хан бұл талаптарға амалсыздан көнуге мәжбүр болады.
Одан әрі Үз – Темір тайшы Әбілқайыр ханмен келісімге келгеннен кейін, Сайрам арқылы Шу өңіріне келіп, онда қалдырған әйел, бала-шағаларына қосылады да, өз елдеріне оралады. Қалмақтар Әбілқайыр ханды өз талаптарына көндіргеннен кейін, аманат ретінде ханның 1454 жылы туған үш жасар немересі Махмуд сұлтанды алып кетеді. Әбілқайыр ханның аманатқа туған немересін беруіне қарағанда, ол қалмақтардың ауыр шартына көнген секілді.
Шайбанилық әулет тұсында жазылған еңбектерде бұл жөнінде ештеңе айтылмайды. Тек қана кейбіреуінде қысқаша түрде Махмуд сұлтан үш жасар кезінде Үз–Темір тайшы қалмақтың қолына түскен делінеді.
Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілісі мен қалмақтарға аманатқа адам беруі оның бүкіл Дешті Қыпшақтағы беделін төмендетеді. Шайбанилық билеуші әулет арасында бір ауыздылық азайып, әулеттің бір бұтағы боп саналатын Арабшах сұлтан ұрпағы Жәдігер (Иадкар) сұлтанды ұлы Буреке сұлтан Арал маңы мен Сырдың төменгі ағысы бойында 1457 жылы хан көтереді. Біз мұны «көшпелі өзбектер» еліндегі екінші бөлініс деп есептейміз.
«Көшпелі өзбектер» еліндегі келесі ірі бөлініске – Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен болған ордаежендік тайпалардың бөлініп кетуі жатады. Орда Ежен ұлысындағы ру-тайпалардың жетекшілері де 1446 жылдан кейін Әбілқайыр хан тарапынан шеттетулер мен қысымшылықтарға ұшырады деуге болады. Тіпті, олардың жағдайлары маңғыт және шайбандық жетекшілерге қарағанда анағұрлым қиындау болған секілді. Өйткені, шайбандықтар Әбілқайыр ханға бұрыннан бағынышты, маңғыттар одақтас болып келсе, ордаежендіктер жаулап алынған немесе бағындырылған тайпалар қатарына жатады. Сол себепті де ордаежендік тайпалар Сыр бойындағы ең жақсы, ең тәуір жайылымдарынан айырылып, оларды «жеңімпаз» тайпаларға қалай берсе, олардың жетекшілері де өздерінің 1446 жылға дейінгі мемлекеттік жүйедегі мәртебелерінен айырылып, кейінгі қатарларға ығыстырылады. Олардың құқықтары мен құзыреттері басқаларға қарағанда барынша төмендетіледі. Міне, осы жағдайларда ордаежендік тайпалардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі де басты факторлардың біріне жатады. Осылайша, 1446 жылдан кейінгі жағдайлардың бәрін бір арнаға топтастырсақ, мынандай жайттарды аңғарамыз. Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік әулет өкілдері ХІІІ ғасырдан бері жалғасып келе жатқан биліктен айырылып, хандық биліктің шеңберінен шығарылса, ордаежендік ру-тайпа жетекшілерінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы билікке ықпал ету құқықтары төмендетіледі. Ал, қарапайым ру-тайпа мүшелеріне әртүрлі салықтар мен міндеткерліктер көптеп салынады. Осы аталған саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік себептердің жиынтығы бөліну процесіне жалпы сипат бергізеді.
Біздің ойымызша, зор маңызға ие болып, салдарлары өте күшті болған бұл бөлінудің себептері жоғарыда аталған себептермен шектеліп қоймайды. Жетісу жеріне келген бойда көрші халықтарға «өзбек-қазақ» деген атаумен белгілі болған бұл этникалық қауымның Өзбек ұлысынан бөлінуін Шығыс Дешті Қыпшақ көлеміндегі этникалық бөлініс деуге болады. Өйткені, бөлінуге дейін бір ғана өзбектер немесе «көшпелі өзбектер» деп аталатын этнос бөлінуден соң екі этносқа айналады. Олай болса, бөлінудің салдарларының біріне этникалық мән жатса, онда бөлінудің этникалық себептері де болғаны.
Этникалық себептердің дерек мәліметтері арқылы байқауға болатын жағына жергілікті халықтың өміріндегі қарапайым мұрагерлік дәстүрдің саяси билікті мұралау жүйесіне еніп, саяси биліктегі моңғолдық мұрагерлену дәстүрін ығыстырып шығаруы жатады. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында моңғолдық этноэлементтердің ХІV ғасырдың бірінші жартысында қыпшақтанып болғанын бұған дейін атап өткенбіз. Қыпшақтану процесіне алдымен, қарапайым, аз санды моңғолдық элементтер түседі. Олар жергілікті қыпшақ тілін, әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын қабылдайды. Бұл процесс әлеуметтік жүйеде төменнен жоғары қарай жүреді. Қарапайым моңғолдар бірте-бірте қарапайым Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарына, нояндар – әмір немесе бектерге, баһадүрлер – батырларға айналады. Хандардың өзі де қыпшақ хандары деп есептелінеді. Моңғол хандары қыпшақтық дәстүрлерді қабылдағанымен де, бір дәстүрге келгенде, өздерінің бұрынғы жолын берік ұстап отырады. Ол – хандық билікті мұралау жолы еді. Моңғолдық дәстүр бойынша, билік атадан әкеге, әкеден балаға, одан тікелей немереге ауысып отырған. Ал қыпшақтық дәстүрде – ол әкеден оның бірге туған бауырларына, әулеттің жасы үлкен өкіліне берілетін болған.
Біздің ойымызша, Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлінбей тұрып, алдын-ала қайда баратынын айқындап, келісіп алған. Қалай болса да екі сұлтан Әбілқайыр ханның қарсыласына кетуді ұйғарғаны «Менің жауымның жауы маған жау емес» деген қағида бойынша, оларға моғол ханы Есен Бұға хан тиімді болады. Екі жақты өзара келісімнің болғандығын төмендегі жағдайлар қуаттайды. Біріншіден, Керей мен Жәнібек қарамағындағы ұлысымен М.Елеуовтің аңызында бір түмен елмен көшкен. Осыншама адаммен, төрт түлік малымен мақсатсыз, бағыт-бағдарсыз көшу ақылға сыймайды. Ұлыспен түгелдей көшуге қарағанда алдын-ала уағдаластық болған. Екіншіден, Моғол ханы Есен Бұға хан сұлтандарды құрмет көрсетіп күтіп алады. (ХУ-ХУІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А.) Бұл алдын-ала келісімнің болғандығын дәлелдейді.
Бөлінуге түрткі болған оқиғаға көпшілікке белгілі аңыз – Қара қыпшақ Қобыланды мен арғын Ақжол би арасындағы жанжал жатты. Ақжол бидің қанын өтеуге арғын тайпасы тағы да Керей мен Жәнібекке жүгінеді. Бұл да екі сұлтанның Дешті Қышақтағы Әбілқайыр ханмен текесердей рөл атқарғандығы көрсетеді.
Мұхаммед Хайдар Дулати мен Махмұд ибн Уәли екі сұлтанның Моғолстанға келуін, Есен Бұға ханның оларға Шу мен Қозыбасы жайлауы арасында орналасқан жерді бергенін жазады. Не себепті Есен Бұғаның бұл өңірді екі сұлтанға бергенін «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» авторы былай түсіндіреді: «Бұл кезде Моғолстанда Шыңғыс ханның ұлы, Шағатай хан ұрпақтарының бірі Уәйіс хан ұлы Есен Бұға хан билік етіп тұрды. Дәл осы тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы Сұлтан Мұхаммед-мырзаның, оның ұлы Әбу Сайд мырза жоғарыда аталған ханның ағасы Жүніс ханды Ирактан алдыртып, көмек береді және қолдау көрсетеді, сөйтіп оның бөлігіне қауіп төнеді. ...Екі сұлтанға ол Моғолстанның батысынан жер берді, ол Есен Бұға ханның иелігі мен Жүніс ханның қол астындағы жердің арасында орналасқан еді. Бұл жер – Шу мен Қозыбасы деген жерлер болатын». Осы мәліметте Керейдің хан болғандығын автор атап көрсетеді. М.Елеуовтің бірінші аңызында «...Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап, өздерін «қазақ» деп атапты», – делінеді (Елеуов М. Шу өңірі: аныз бен тарих. 7-б.). Көріп отырғанымыздай, жазба дерек пен ауыз әдебиетінің мәліметтері, бірін-бірі толықтырып, Керейдің алғашқы Қазақ ханы болғандығын жариялап тұр.
Неге тұңғыш хан Жәнібек емес, Керей болды деген сұрақ төңірегінде жауап бере кетелік.
ХІ-ХІІІ ғасырлардағы ерте феодалдық қыпшақ мемлекеттілігіндегі өзіне ғана тән белгіге – хандық биліктің әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа не ініге берілетіндігі жатты (Ахиижаиов С.М. Кипчаки в истории... 282-б.). Бұл әдет сырттан әкелінбей қыпшақтарға дейінгі және қыпшақтар кезіндегі жергілікті тайпалардағы әулеттегі жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсетуден туса керек. Монғол жаулауы нәтижесінде хандық билік әкеден балаға қалдырылатын заңға айналды. XV ғасырда монғолдар енгізген бұл жолды жергілікті халықтың әдет-ғұрпы ығыстырып шығарады. Қыпшақ дәуіріндегі хандық биліктің мұрагерлік жолы XV ғасыр ортасында қалпына келтіріле бастайды. Оған Керейдің хан сайланылуы дәлел. Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған еді. Монғол дәстүрі бойыша келесі хан оның ұлы Жәнібек болуы тиіс. Жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына билік тимей, Жәнібек хан болды. Жәнібектен соң хан Бұрындық болды.
Міне, не себепті Керей хан болды деген сұрауға біздің жауабымыз осындай. Келесі мәселе, қай жылдан бастап Керей хан болған деген сауал төңірегінде болмақшы.
Бұл сұрақ – Қазақ хандығы қашан құрылған деген сауалмен тікелей байланысты. Соңғы 4-5 жыл төңірегінде осы мәселе бойынша көптеген айтыс-тартыстар болды, бірақ негізгі мәселе жайында бір тоқтамға келер пікір айтылмады. Мақала авторы да осыған байланысты, өз ойларын білдірген болатын. Теменде біз ең соңғы деректерге сүйене отырып, Керей ханның қай жылдан бастап хандық құра бастағаны туралы тағы да пікірімізді айта кетелік.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашидиінде» «Қазақ хандарының билік ете бастағаны хижраның 870 жылы» деп жазады. Бұл – қазіргі жыл санау бойынша, 1465/66 жыл. Алғаш рет бұл мәліметтің ақиқаттығына күмән келтіріп, көрсеткен орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының зерттеушісі Т.И. Сұлтанов болды. (Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в. XV-XVII вв. М., 1982, 113-114-бб.). Енді М.Елеуовтің тапқан аңызының мәліметіне жүгінелік. Ондағы бірінші аңыз: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «Қазақ» деп атапты» десе, екінші аңыз бұл жөнінде: «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті. Құмды қыстап, мал-жаны аман қалған екі сұлтан көктемде Тұлпарсазда той жасап, бәйге шаптырыпты» деп баяндайды (Елеуұлы, М. Шу өнірі: аңыз бен тарих. Көрсетілген еңбек, 7-8-бб.). Екі аңыз да Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуін «тышқан жылы, қара күзде» деп, ал Керейдің хан көтерілуін «көктемде» деп жарыса мәлімет беріп отыр. Сонда аңызда қай жыл тышқан жылы деп көрсетілген? Тағы да жазба дерек мәліметіне жүгінелік. Әбілқайыр ханның өмірін тарих етіп жазған XVI ғасыр тарихшысы Масуд ибн Осман Кухистаии оның кайтыс болған жылын «874 жылы тышқан жылы 57 жасында...» деп көрсетеді (XV–XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 171-б.). Бұл қазіргі жыл санау бойынша 1469/70 жыл. Керей бұдан бір мүшел жыл ерте хан сайланған, яғни 1457/58 жылы хан болған.
Жазба және ауыз әдебиеті деректерінің мәліметтерін бір-бірімен толықтырып, 1457-58 жылдар оқиғаларының даму барысын былайша қалпына келтіруге болады. 1457 жылы жазда Әбілқайыр хан қалмақтардың жорығы туралы естіп, қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық етеді. Сол жылдың күз айларының басында ол қалмақтардан жеңіледі. Жарлыққа құлақ аспағандарды Әбілқайыр хан жеңілудің себебі деп, жазалауға кіріседі. «Өздеріне төніп келе жатқан қауіпті болдырмай алдын-алу үшін Керей мен Жәнібек өз Отанын тастап, бөгде елге кетеді». Екі сұлтан да 1457 жылы жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естіген. Жарлыққа сай әскер жібермегендіктен, олар Сыр бойындағы қыстауларына барудан қауіптеніп, 1457 жылдың қара күзінде Шу бойына жеткен, әрине алдын-ала Есен Бұға ханмен келісе отырып. Ал келесі жылы, яғни 1458 жылдың көктемінде Тұлпарсазда Керейді хан етіп сайлаған. Сол дәуірдің заңдылығы бойынша ханның сайланып, хандық биліктің қалыптасуы – жаңа мемлекеттің құрылғандығын көрсетеді. Деректің екі түрін бір-бірімен толықтыру, бізге осыңдай нәтиже бергізіп отыр. Біз осы жерде мынадай мәселені айтып өткіміз келеді. Керей 1458 жылы хан болып сайланса да, ол толық дербес мемлекеттің ханы емес еді. Әбілқайырдан бөлініп кету мен Керейдің хан сайланылуы – жаңа мемлекеттің толық қалыптасуындағы алғашқы қадам болды. Ал толығымен дербес мемлекеттің құрылуының аяқталуын біз, 1470/71 жылы жүзеге асқан деп санаймыз. Өйткені осы жылы қазақ билеушілері Шығыс Дешті Қыпшақ аумағынан Әбілқайыр ханның ұрпақтарын толығымен қуып шығып, шайбанилық әулеттен билікті кейін қайтарады.
Керей хан 10 жылдай Шу бойында хандық құрған (Қараңыз: Елеуұлы М. Көрсетілген еңбек, 7-б). Бұл жылдар хандықтың құрылуының алғашқы кезеңі, сатысы болатын. Керей ханның билігі тұсында жаңа хандық – саяси күш ретінде бірнеше міндетті орындайды: 1) Жүніс ханның Есен Бұға ханның тағына таласы уақытша болса да тоқтатылады; 2) Моғол ханы Есен Бұғаның өз елінде ықпалы өседі; 3) «көшпелі өзбектер» елінің күйреу процесі тереңдей түседі; 4) Әбілқайыр ханға наразылардың бәрі Қазақ хандығына келе бастайды, сөйтіп хандық халқы тез көбейеді... Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәліметі бойынша 1470 жылға дейін хандық халқы 200 мыңға дейін жеткен.
«...10 жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті». (Елеуұлы М. Кө