591
Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы
Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы
Кеше Жазушылар Одағы ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің I форумы» басталды.
«Бір тамыр, бір көзқарас, бір өркениет» атты ұранмен өтіп жатқан форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қ.Тоқаев бұл маңызды шара шығармашылық қауымның диалог алаңына айналуы керектігін айтты. Жиынға 38 елден 80-дей қаламгер қатысуда. Осы тұрғыда аға қаламгерлердің пікірін білген едік.
Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын:
– Қаламгерлердің көптен күткен бас қосуы болғандықтан, дәл бүгін шешілмесе де, болашақта ескерер талай тірліктің басы ашылып қалар деген үміттеміз. Алдағы уақытта рухани даңғыл жолға дайындық деп ойлаймын. Өйткені, соңғы жылдары, жасыратыны жоқ, шетел, әлем әдебиетімен байланысымыз үзілді, қай елдің әдебиетшілері қандай бағытта жұмыс істеп жатқанынан мүлдем бейхабармыз. Сондықтан бұл форумның бізге, қаламгерлерге ғана емес, қалың оқырманға да берері мол деуге болады. Саяси жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, түрлі жағдайда өмір сүріп жатқан Азия елдері – бір-бірімізбен халықтық мәселелерімізді кеңінен қозғап, тығыз рухани байланыста болғанымыз қажет-ақ. Ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен бейбітшілік тұрақты болуы үшін әдебиеттің маңызды екенін ескерсек, бұл ретте аударма мәселесі тереңірек сөз болуы тиіс. Көркем шығарманың болмысына нұқсан келтірмейтіндей маман-аудармашылар мәселесі де тілге тиек етілуі керек.
Ол Әлем әдебиеті не болмаса қазақ әдебиеті болсын, оның ортақ мәселесі – адам десек, жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстардың тағдыр-талайы, тіпті өз жерінен безіп, босып кеткен, жоқшылық пен ашаршылықтан көздері ашылмай келе жатқан елдер де баршылық. Сондай-ақ, сөз еркіндігі мен ой еркіндігінен айырылған ұлттар да жоқ емес. Міне, осының бәрі әдебиеттің, қай ұлттың әдебиеті болса да тамыры тереңде жатқан өзекті мәселесі. Сондықтан да, әлем әдебиеті қатарында қазақ әдебиетін дамытуға арналған іс-шаралар тереңдеп сөз болып қана қоймай, алдағы күн жоспарларынан белсенді орын алатын болады деп сенеміз. Қазақ әдебиетінің қоры терең, мол. Тоқырау тұсында тұсауланып қалған сәттері де болды, әңгіме-хикаяттар жазылып жатса да, көлемді прозалық шығармалардың аздығы көңілге кірбің де түсірген. Поэзиямызда да ілгерілеу бар. Дегенмен, осы заманның көздегенін дөп басатын шығармалар әлі де кемшін. Бұл кемшілікті – Азия қаламгерлерінің тәжірибесіне сүйене отырып, ортақ тақырып, ел мен жер мәселелеріне байланысты ортақ шығармалар одан сайын көбірек болғаны, құптарлық шара болмақ.
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ,
жазушы:
– Әлем әдебиетінен, оның ішінде Азия қаламгерлерімен байланыс бұрыннан жақсы болған, ертеректе Ә.Әлімжановтың ұйымдастыруымен «Азия-Африка жазушыларының конференциясы» аясында біраз халықтардың шығармалары өзге тілге аударылып, баспадан кітап болып шығып жатты. Кеңес дәуірі тарағаннан кейінгі біраз жылдарда, яғни, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кезеңде, тек әдебиетте ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайында да тоқырау болғаны әлі естен шыға қойған жоқ. Егемендіктің алғашқы жылдары ел басына түскен осындай ауыртпалықтар, әдебиеттің түп негізі – адам факторы болғандықтан, әрине, елді айналып кете алмасы анық. Алыс және жақын шетел әдебиеті түгілі, өз қаламгерлеріміздің шығармаларында да осындай «дүмпулер» болғанын жасыруға болмас.
Ал бүгінгі болып жатқан басқосу мемлекетаралық қатынастардың нығаюына ғана емес, әлем әдебиеті, оның ішінде Азия қаламгерлерімен тығыз байланыс орнатудың сәтті қадамы болғалы тұр. Ұлт руханияты үшін жасалынып отырған бұл әдеби форумның алға қоятын бағыт-бағдары мен жауапкершілігі сондықтан да маңызды болмақ. Қазір шынтуайтына келгенде, жастар түгілі, мына біздің тұстастарымыздың өзі мына іргеміздегі өзбек, қырғыз, тәжік халықтарының қаламгерлерінің туындылары түгілі, өздерін ұмытуға сәл қалдық. Бұл форумның ең басты мақсаты да, сол – ұлыс пен ұлт өкілдерімен жүзбе-жүз жолығып, танысып, білісе түсу деп ойлаймын. Одан ары қарай тығыз шығармашылық байланыс орнату да басқосудың ең өзекті тақырыбы дер едім. Ең керегі алдағы уақытта бір-бірімізді осындай жиындарда ғана көріп, қауышып қоймай, екі ел арасындағы барыс-келіс мәселесін де назарда ұстасақ. Бұл ұлттар достығына да жол сілтер сара жол болмақ. «Ойды ой қозғайды» деп жатамыз, олармен шығармашылық байланыс жасау, жаңа бір тың ой-идеялардың туындауына әкелетіні сөзсіз. Бұл ретте, әдеби-мәдени байланысты жақсарта түсетін ең керекті құралы – туындылардың бастапқы болмыс-бітімі еш өзгеріссіз таза аударылуы дер едім. Сондықтан да осы жағына баса назар аударылуы тиіс. Қазақстан Жазушылар одағының жаңа басшылығына, одақтағы проза, поэзия комиссиясы қатаң бақылап, назарда ұстап отырса деген ұсыныс бар.
Қазақ әдебиетінің қоры мол, құнарлы дүниелер жеткілікті. Көркем шығарма болсын, поэзияда да артымыздан еріп келе жатқан талантты жастар да жоқ емес. Олардың аты-жөндері ғана емес, шығармаларының да танымал болуына, жарыққа шығып жатқан дүниелерін оқитын оқырмандар қатарын өзге ұлт өкілдерімен толықтыру мақсатында жарнамалау жағын қадағалау керек сияқты. Қалай дегенде де, бұл қаламгерлердің басқосуы әдебиеттегі талай түйткілдерді шешуге, сөйтіп жаңа серпін тудыруға жол ашатын болады.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ