Ербол Хамитов Паралимпиададағы тарихи алтыны үшін 350 мың доллар алды

/
Ербол Хамитов Паралимпиададағы тарихи алтыны үшін 350 мың доллар алды
Туризм және спорт министрлігі

Италияда өткен XIV қысқы Паралимпиада ойындарында тарихи нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшыларға ақшалай сыйақы төленді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салған Ербол Хамитовке 350 мың доллар көлемінде сыйақы берілді. Ол ел спорты тарихында қысқы Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді.

Үкімет Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы төлеу туралы арнайы қаулы қабылдаған. Құжатқа сәйкес, спортшылар мен олардың бапкерлеріне жалпы сомасы 388 млн теңгеден астам қаражат төленді.

Сыйақы алған спортшылар қатарында Ербол Хамитовтен бөлек, Александр Герлиц пен Владислав Кобаль да бар. Александр Герлицке 40 мың доллар, ал Владислав Кобальға 10 мың доллар төленді.

Ақшалай сыйақы спортшылардың жеке, бірінші және бас бапкерлеріне де қарастырылған. Министрлік мәліметінше, бұл төлемдер параспортшылардың халықаралық аренадағы жетістігін қолдау мақсатында берілді.

Бұдан бөлек, жергілікті әкімдік Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовке коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер бермек.

Айта кетейік, Ербол Хамитовтің алтын және қола медальдары Қазақстан құрамасының Паралимпиададағы жалпы нәтижесіне айтарлықтай әсер етіп, ұлттық құраманы үздік 20 елдің қатарына шығарды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар